Жаңалықтар

Абыз

Жаныңа жақын, әкемдей қам­қор, ағамдай ақылшы болған адам туралы естелік жазу қандай ауыр?! Айлар аунап, жыл өтсе де, Сіздің жоқтығыңызға сене алар емеспін, Кәмел аға!

Өз әкемнің қазасын балалықпен сезінбеген шығармын. Сіз кеткенде, жаным жабырқап, жүрегім езілді. «Балам» деп, базынасын айтатын, «Бауырым» деп, қамқорлығын сезіндіретін ағеділ Ағаның жоқтығы қандай ауыр?! Сіз өлген жоқсыз! Кеудемнен күмбез тұрғызып, жүрегіме жерлеп алғанмын.

Сіз Арқаның абызы едіңіз!
Сіз ұлт руханиятының жоқ­шысы едіңіз!
Сіз ақиқаттың қорғаны, маржан ойдың орманы едіңіз!
Сіз қазаққа бердіңіз, алған жоқсыз!
Сіз – 58-ші статьямен айыпталып, ХХІ ғасырға аман жеткен жалғыз қазақсыз!
Сіз – осы бір ауыр статьяның тау­қыметін асқан қажырмен жеңген жігерлі жансыз!
Сіз – көне дәуірден көшелі ой жеткізіп, дала жәдігерлеріне тіл бітірген Әулиесіз!
Сіз құндылықтың жоқшысы, арғымақтың топшысы едіңіз!
Сіз кеше бар едіңіз, бүгін жоқсыз!

Дауасыз дертке шалдығып жатқаныңызды естіп, көңіл сұрай барғанымда да дүниенің сөзін емес, Алаштың арманын толғадыңыз. Сонша әлсіз күйде жатып, ұзақ әңгіме тиегін ағытқанбыз. Сіз:
– Анау Едіге, – дедіңіз әлсін­-әлсін демігіп. Мен тыңдаудан жалықпадым.
– Шіркін, өмір берсе, сол Едігенің кесенесін қалпына келтіремін деп едім. Ұлытаудағы Едіге шыңында ер Едігенің кесенесі болған. Пирамида тектес сол кесене кешегі Кеңес дәуіріндегі солақай саясат салдарынан бұзылған. Мәйітке қол тиді. Мен соны Ұлытау облысының әкімі, ұлт руханиятының жанашыры Берік Әбдіғалиұлына аманат еттім. Мына кітабымды жеткізіп берерсің. Сонда жаздым барлығын. Менің арман-аманатымды бір орындаса, сол азамат орындар, – деп едіңіз.

Мен сол сәтте бұл жалғыз Берік Әбдіғалиұлына ғана емес, маған да жүктелген қастерлі парыз екенін түсінгенмін. Сол жолы бұрынғы әдетіңізбен батаңызды беріп шығарып салдыңыз. Қоштасарда:
– Шоқаннан қол үзбе, қаты­сып тұр. Бауыр болыңдар! – дедіңіз. Бұл сөзіңізде де ауыр сал­мақ жатқанын мен сол сәтте сезбеген екенмін.

Бұл кезде қалың қазақ Сіздің дертіңізге дауа сұрап, тілеуіңізді тілеп жатқан. Қаламдас ініңіз Ерсін досым әлеуметтік желіде жарияға жар салып, Сіздің дертке дауа болар алмас іздеп жатыр еді. Алмас Семейден табылған. Бірақ, бұл кезде Сіз табытта жаттыңыз көсіліп… Бәрі кеш еді. Біз кешігіп жүреміз ғой. Ажал жарықтық кешікпеді. Арқа жұрты ақырған ақпанда аһ ұрып, асылын жоқтап, төріңіздегі өзіңіз жинаған домбыралар өз-өзінен күңіреніп күй толқытқан. Аудан орталығындағы Шортанбай бабаңыздың тас мүсінінің қабағына қатқан мұз да еріп, жансыз бейненің жанарынан жас сорғалапты сол күні.

Жапанда жалғыз қалғандай күй кештім. Жаназада сапқа тұр­ған қалың қауымның ортасында тұрсам да, өзімді жалғыз сезініп, жаным жабырқады. Қайтейін?! Жөн сұрап барсам, жол сілтейтін Әке өзіңіз едіңіз. Еркелетіп «Бекім» дейтін аға-бауырым Сейіл еді… Араларыңызға он күн салып, екеуіңіз де фәниден бақиға оздыңыздар. Қасиетті қара домбыраңыз бен Сейілдің гитарасының ішегі үзілді. Сейіл кеткенде сұлу әннің ең ғажап қайырмасы орындалмай қалғандай күй кешкенбіз. Сіз кеткенде кеше мен бүгіннің арасын жалғап тұрған алтын жіп үзілді ғой, Аға!

…Ақсу-Аюлыға жол түспегелі біраз болды. Сол ауылдың аумағында Сіз тап­қан, Сіз көрсеткен ескі қорым бар еді ғой. Бұл қорымға жазықсыз оққа ұшқан боздақтар жаппай көмілгенін Сіз дәлелдеп едіңіз. Сол жерден бұрын күңіренген азалы үн естіліп тұрады деуші еді. Сіз кеткелі бұл үн сап тыйылыпты. Орталарына Сіз барған соң, тынышталған болар…

Ал, біз Сізді сағынып, Сізді із­деп жүрміз…

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
рухани бауыры

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button