Бас тақырыпТарих

Абылай хан алаңы

Билік құрған кезеңі ел аузында «Абылайдың алтын дәуірі» атанып кеткен Абылай ханның елдік мұрат жолындағы іс-әрекеттерінің ілкімділігі туралы деректер аңыз әңгімелер мен архив құжаттарында ғана емес, тарихи тақырыптағы әдеби-көркем туындыларда да көп кездеседі. Көкшетау мен Бурабай төңірегінде үш жүздің басын қосып, «жұдырықтай жұмылдырған» қайраткер тұлғаның есімімен тікелей байланысты екі жер алқабы бар. Оларды халық ертеден-ақ «Абылайдың үлкен алаңы» және «Абылайдың кіші алаңы» деп атайды.

Тарихи мәлімет бойынша аталған алаңдарда ұлы ханның ордасы орналасқан екен. Бертінде Абы- лайдың құрметіне орнатылған стеладан 120 метр алшақтағы Көкше тауының етегінде қазақтар үшін қасиетті орын – аруақты ханның табиғи тас тағы бар. Граниттен арнайы қашап жасағандай табиғи тақты ел қазір «Хан тағы» деп атайды. Дәл осы жерде ұлт тағдырын шешкен бірегей шешімдер қабылданғаны белгілі.

Әлгі тақтың тұсынан тұтас алаң алақандағыдай көрініп, адамның дауысы айқын естіледі екен. Демек, ханның бұл жерді тағылымы терең тарихи шешімдерін жария ету үшін арнайы таңдап алға- ны айдан анық.

Дәл осы табиғаты аса тартымды тау баурайында тігілген киіз үйде Сәкен Сейфуллин өзінің елге танымал «Көкшетау» поэмасын жазған. Қазақ поэзиясының классигі санатындағы сұңқар ақын кербез Көкшенің келісті келбетіне сүйсіне отырып, ел аузындағы аңыздарға өзек болған жайттарды көркем туындысына ерекше бітімде енгізе білгені белгілі. Тарихи мазмұндағы бұл поэманың басты кейіпкерлерінің бірі – Абылай хан.

Көкшетау төңірегінде Абылай хан дәуірінен күні бүгінге дейін жеткен жерлер мен өзен-көлдер атаулары жеткілікті. «Ханның қызыл ағашы», «Ханкөл», «Төре қызыл ағашы», «Қымызынай», «Оразбұлақ», «Аталықтың ауылы», «Қара қыстақ», «Жұмақай қыстау», «Текекөл», «Жайнақкөл» және басқалары – осынау тұжырымның бұлтартпас айғағы.

XVIII ғасырдағы қазақ тарихының ұлы тұлғасының құрметіне жасақталған, арнайы экспозиция залы бар «Абылай хан ордасы» архитектуралық тарихи кешені қазіргі таңда мыңдаған адамдардың зиярат ету орнына айналған. Олардың арасынан алыс және жақын шетелдерден келген туристерді де жиі кездестіруге болады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button