Медицина

Абайлаңыздар, нитраттар!

Адам ағзасы үнемі көкөністер мен жемістерде кездесетін дәрумендерді тұтыну қажеттілігін сезінеді. Алайда, көбінесе «оңтүстік» жемістері мен көкөністерінде нитраттар мен пестицидтер сияқты адам денсаулығына қауіпті көптеген заттар болады. Қызанақ, қияр, шалғам, қырыққабат, қызылша, картоп, шөптер (ақжелкен, аскөк, салат), құлпынай, қарбыз және қауын әсіресе химиялық заттарға сезімтал.

Сурет: zdorovee.com

Көкөністерде, аскөктерде және жемістерде улы заттардың болуын тек зертханалық жолмен анықтауға болады. Нитрат өнімдерінің сыртқы түрі мен дәмі өзгермейді. Көкөністер мен жемістерде нитраттардың болуының жанама көрсеткіші олардың сыртында ақшыл тамырлардың болуы немесе түрі піскендей болғанымен жемісінің жетілмегендігі (қаттылығы), сондай-ақ өнімдердің өте үлкен мөлшері мен әдемілігі болуы мүмкін.

Нитраттармен уланудың ең көп кездесуі мамыр-маусым айларында, көкөністер мен бақша дақылдары мезгілінен ерте сатылымға шыққан кезде болады. Нитраттар әсіресе балалардың денсаулығына қауіпті. Химиялық заттармен толтырылған көкөністер мен жемістер гастритке, бауыр ауруларына, жүйке, жүрек – тамыр жүйелерінің ауруларына, көру қабілетінің бұзылуына әкеледі.

Уланудың ең айқын белгісі – әсіресе көз бен ауыздың айналасындағы терінің көкшіл түсі, бас айналу, дене қызуының жоғарылауы, жүрек соғуының жиілігі, құсу, диарея. Егер мұндай белгілер пайда болса, дәрігерге көріну керек. Ешқашан өздігінен емделуге болмайды!

Уланудан қалай құтылуға болады? Жауап қарапайым. Ешқандай жағдайда стихиялық сауда орындарында тамақ өнімдерін сатып алмаңыз. Көкөністерді, жемістерді, аскөктерді тек белгіленген жерлерде сатып алу керек: азық-түлік базарлары, дүкендер, супермаркеттер. Сатушыда өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттар болуы керек!

Өзіңізді және отбасыңызды нитраттардың зиянды әсерінен қорғау үшін қарапайым ережелерді сақтаңыз:

  • көкөністерді дайындау кезінде көкөністің “құйрығын” және оның жоғарғы бөлігін көбірек кесіңіз
  • кабачокта нитраттар қабығының астында шоғырланған, оның сыртын қалың етіп алып тастау керек
  • қырыққабаттың жоғарғы қабаттардын алып тастаңыз
  • жаңа шыққан аскөктерде нитраттар тамырлары мен сабақтарында шоғырланады, қолданар алдында кесіңіз
  • қарбызды таңдағанда, сабаққа назар аударыңыз, ол құрғақ болуы керек. Қарбызды шертіңіз, дыбыс “үнді” болуы керек. Оларды сатып алғанда, кеспеңіз және кесілгенін алмаңыз. Қарбыздың сыртының кірі, сатушының лас қолдары, кірленген пышақ-дизентерия мен ішек инфекциясын жұқтырудың бірден бір жолы.
  • жасыл көкөністерді, қызылшаны, сәбізді және салат жапырақтарын даярлар алдында ас содасының ерітіндісінде жарты сағатқа салып қойыңыз (1 литр суға 1 ас қасық ас содасы). Содан кейін таза ағынды сумен шайыңыз. Бұл әдіспен сіз 25 -50% нитраттардан арыла аласыз.
  • көкөністерді пісіру кезінде нитраттардың едәуір мөлшері кетеді. Ең бастысы, олардың “қайтып келуіне” жол бермеу үшін қайнатқан суды ыстық қалпында төгіңіз.
  • маринадтау, тұздау нитрат деңгейін тиімді төмендетеді. Нитраттар тұздыққа/ маринадқа түседі, сондықтан оны тұтынудың қажеті жоқ.

Өзіңізді және балаларыңызды қорғаңыз!

Еркін БЕЙСЕМБАЕВ,

Шахтинск қалалық санитариялық–эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы  

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button