«Абайдан кейін бізді кешпейді ешкім… » (Р.Сейсенбаевқа)
Ұмтылып Күнбатысқа ұмсынып бір,
Жүрсің бе өз деміңе тұншығып құр?
Түсіңде оң жағыңда – шерлі Абай да,
Пушкин тұр сол жағыңда,
Күрсініп тұр…
Пушкинге Сахарадан Абай кеткен,
Артына жалтақ-жалтақ қарай кеткен.
«Туған ел, өлген мола…» көзден ұшып,
Құдай-ай, бізді қиып, қалай кеткен?
Бір ғасыр аса жүрдік сол кісімен,
Тұрады сынап бізді ол да ішінен.
Гетеге кетіп қалды ол… (қазақ қалды,
– Феодалдық-патриархалдық болмысымен).
Алаш пен адамзаттың бір өрнегі,
Ол кетті қара өлеңнен гүл өргелі.
Біз мұнда қалып қойдық, бізді о жаққа,
«Туған ел, өлген мола…»* жібермеді!
Алаш деп егілгенмен далам деп құр,
Бұ күнде көңілде де алаң көп бұл.
Абайдан кейін мен де ақынмын деп,
Айтуға болмайтұғын заман кеп тұр!
Соңына ілесіп бұл мешкей көштің,
Құдай-ау, күннің күні не істейді өскін?
Абайға дейін бәрі кешірімді,
Абайдан кейін бізді кешпейді ешкім…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
*«Туған ел, өлген мола жібермейді,
Әйтпесе қалмас едім осы маңда» (Абай)