Абайда астық та, картоп, көкөніс те мол
Биыл Абай ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары 39360,5 мың гектарға дәнді дақылдар, 3517 гектарға майлы дақылдар тұқымын егіп, 6572,8 гектарға картоп, 754 гектарға көкөніс отырғызған еді.
– Біздің ауданның диқандары күзгі жиын-терім науқанында осы егістік алқаптарының өнімін қазан айының аяғына дейін суық пен қарға ұрындырмай, шашпай-төкпей, мол өнім жинап алды, – дейді Абай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанар Сұрауханова.
Атап айтқанда, абайлықтар бұл науқанда 63 мың тонна астық жинап, бастырып, оның әр гектарынан 16 центнерден өнім алған. Ал, жиналған 157,8 мың тонна картоптың әр гектары 240 центнерден өнім берсе, 26,4 мың тонна көкөніс жиналып, оның әр гектарынан 350 центнерден өнім түсіп, майлы дақылдар 1230 тонна болып, гектарына 3,5 центнерден өнім жиналған.
– Енді біздегі ауылшаруашылық құрылымдары келер жылдың егініне қажет тұқым қорын да қамбаларына құйып алды, – дейді тағы да Жанар Сұрауханова. –Яғни қамбаларда 4800 тонна дәнді дақылдар,соның ішінде 2368 тонна бидай, 2152 тонна арпа және 280 тонна сұлы, 20,2 мың тонна картоп тұқымдары көктемгі егіске дейін сақталынып, бапталады.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz