Абайда аламан айтыс өтеді
Ертең,1 тамызда Абай қаласының Мәдениет үйінде Ұлы ақынымыз Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы өтеді.

“Адамзаттың бәрін сүй…” деп аталатын суырыпсалма ақындар сайысының әділқазылар алқасына осы киелі өнеріміздің жандануына көп еңбек сіңірген Жүрсін Ерман төрағалық етсе, оны айтыстың ақтангері Аманжол Әлтай жүргізіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген шашасына шаң жұқпаған сан жүйріктер қатысып, бақ сынайды.
Бұл күнгі айтыс аламанында жерлестеріміз Айтбай Жұмағұлов, Дидар Қами, Мұхтар Әділ топқа түссе, Алматы облысынан Шынарбек Тұрсынұлы, Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков, Жамбыл облысынан Алтынкүл Қасымбекова, Батыс Қазақстан облысынан Талғат Мықи, Абай облысынан Рүстем Қайыртай, Астана қаласынан Еркебұлан Қайназар, Шымкент қаласынан Қалижан Білдаш сияқты жыр саңлақтары дүбірге қосылады.
Мәдениет үйінде сағат 10-да басталатын айтыс аламанын қалың көпшілік тегін тамашалай алады.
Ержан ИМАШ,
Абай қаласы