“Абай жолы” роман-эпопеясының жазылу тарихынан
1921 жылдың күзі еді. «Хамит қызмет қылып жүрген оязда бандылар шыға бастады. Бір жерде екі кісі, бір жерде үш кісіден құралып, винтовка, алтыатар, қылыш, бомба асынған бандылар, күшігін алдырған қасқырша кезіп, елдің тағы да үрейін ала бастады. 1919 жылғы Колчак әскері мен қызылдың әскері қаптап, ерсілі-қарсылы шабуылдасып, қашқылықты-қуғылықты әскердің шалығы тиген ел соғыс дүрбелеңі басылған соң, «уһ!» деп дем алғандай болып көрінді. 1921 жылдың күзіне «банды» деген бәле шыға бастаған соң, момын шаруа тағы да тыныш ұйықтай алмауға айналды…». Заманды себеп билейді. Сәкен СЕЙФУЛЛИННІҢ «Бандыны қуған Хамит» әңгімесіндегі сөз болған бандалардың шығу себебі қазақтың XX ғасырдағы тарихынан белгілі Қазының қазасы мен Қарқаралы қырғыны атты 1918-1921 жылдардағы оқиғалармен тікелей байланысты.
XX ғасырдағыдай XXI ғасырда да ақ ниетті, көңілінде қара жоқ, тым жақын дос болуға ыңғайласқан бір елді күндіз шам алып іздесең де таппайсың. Әркімнің мақсаты өз керегінде, күндес империялар күш сынасып, билік пен жер бетіндегі байлықты бөлісе алмаған тайталаста, бірін-бірі жүндеп, күштімін деп күпсінген Ресейің азаматтық соғыстың құшағында жатқанда, басқалары жан-жақтан жабылып, оны илеп бақты. Большевик билікте орнығып жұмыс қыла алмай, ішкі бүліктерді баса алмай жүрді. Мылтық билеп тұрған дәуірде зұлымдық, айуандық, қасқырлықты жеңе алатын, адамзаттың қатыгез, қорқау, озбыр, арсыз мінезін түзей алар бір ғалым табылмай-ақ қоймаған соң, қала да, дала да қанға бөкті. Асқар таудай нар империялардың таласында қазақ қалды арасында. Шыдап шығар күші жоқ, қару, өнер, тісі жоқ қазақтың шыбындай ғой шамасы, жас өмірге мас болған, оқығандар бас болған соң қазақ елінде бірнеше партия өзара тайталаса шықты. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен 2-ші Бүкіл қазақ съезінде Алаш автономиясы жарияланып, оның өкіметі Алашорда құрылғанда, күн тәртібіне елді қорғай алатын қарулы күшті жасақтау мәселесі қойылып, милиция ұйымдастырыла бастады. Семейдегі Алаш милициясының басшысы Қази Нұрмұхамбетұлын 1918 жылдың 6 наурызында большевиктер атып өлтіреді. Қази бастаған қазақтың атты сарбаздары бейбіт жаттығу өткізіп жатқан жерге бір топ қызылдар келе сала көкке мылтық атып, елді үркітеді, олардан ықпаған Қазиды жүректен көздеп атып өлтіреді. Қазиға құқыққа қарсы қаза келтіру – қызылдар қазақтарды барып тұрған басыну еді. Басы бәсім большевиктің бұл жолы бәсі басым түсті. Бұдан бұрын патша Николайлар, генерал Колчактар, атаман Дутов, Анненковтардың әскері, казактары, жалдамалы қытайлық, ауғандық, сербтері қорғансыз, қарусыз қалған қазақты қызыл қанға бояған. Қазақ елінде жаппай саяси қуғын-сүргін ақ патшаның ағзамның заманынан-ақ бастау алып, большевиктердің төңкерісі кезінде империялық пиғылдағы революционерлер хайуандықтың нағыз оңбаған, ойсыз, аяусыз формасына жеткен еді. Хайуандық дегеніңіз заңдылық пен құқықтық тәртіптің жойылуы. Олар адамзатқа жат, адамгершілік құндылықтарына қарсы қылып жатқан қандай да болмасын қылмыстарын қайдағы бір жалған «пролетарлық диктатура» идеясын желеу етіп ақтай салатын. Большевиктер Семейдегі Алаш милициясының басшысы Қази Нұрмұхамбетұлын 1918 жылдың 6 наурызында көшеде заңсыз атып тастаса, 1921 жылдың ақпан айында Қарқаралы қаласының көшесінде заңсыз Мәди Бәпиұлын ажал құштырды.
Мәди Бәпиұлының қазасы Семейдегі РКП(б) қасындағы Киргизтатар секциясының 1921 жылдың 25 ақпан айындағы отырысында қаралған еді. Құрамында М.Әуезов, Н.Нұрмақов, Ш.Тоқжігітов, Ы.Мұстамбаевтар бар. Жиында Қарқаралы уезіндегі оқиға қаралып, Н.Нұрмақов жолдас баяндама жасайды. Нұрмақов: «Қарқаралы жұрты Мәди Бәпиұлының қазасына тек қана уезіндегі милиция бастығы кінәлі емес. Халық Мәдиді өлтірген уездің атқару комитетінің төрағасы Мей мен басқарма басшысы Варганов деп айыптайды. Өйткені, Мәди осы Мей мен Варгановтардың үстерінен шағым түсіріп, олардың бассыздығын, заңсыздығын көрсеткен. Сол себепті, Мей мен Варганов бірлесіп, Мәдиді атуға нұсқау беріп, елді үрейлендіріп, террормен қорқытып ұстауда. Қарқаралының интеллегенциясы мен бұхара халқының қорқынышы соншалықты, тіпті әрбір қазақ қызметкері қамауға алынып, Мәдидің тағдырын құшамыз ба деп алаңдауда. Мей мен Варгановты қылмыстық іс-әрекеттері үшін Семей губерниясының төңірегінен мүлдем аластатуды талап ету қажет» дейді. Сонымен, Семейде 1918 жылы Қазиға, 1921 жылы Мәдиге құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратуға бұйрық берген большевик билігі. Екі оқиғада да ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші, орындаушы ретінде большевиктер билігі көрінеді. Бұлардың бәрі-дағы қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылар деп танылуға жатады. Әдеттегі сауатсыз, қалтасынан өзгені, тонаудан басқаны білмейтін көрсоқыр большевиктер мен ақтардың іс-әрекеті қазақ түгіл әлемдегі бейбiтшiлiк пен адамзат қауiпсiздiгiн сақтауға да қауіп төндірген еді. Енді, осындай бассыздық не себептен белең алып кетті деген сауалға келсек, ол туралы Жақсылық Төленовтің жазбаша куәлігі Семей қаласындағы «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында» сақталып қалған. Семей губревкомына, Сібір ревкомына жолдаған ресми баяндамасында Қарқаралы уезіндегі 1919-1920 жж. ақтар мен қызылдардың бассыздығы, әлімжеттігі, парақорлығы, жемқорсыбайластығы, қауіп-қатері, залал-зарары, қылмыскерлердің аты- жөндері көрсетіліп тізілген. Алматыдағы орталық мемлекеттік мұрағаттағы дерекке сай Төленов жолдаған телеграмма Кирревкомның отырысында қаралған. Архивтегі деректер бойынша, Қазиды жазықсыз атып тастаған большевиктің Рубцовск майданында Алаш әскерінің қолына түскені туралы «Сарыарқа» газетінде жазылды:
«Алаш әскерінің оралуы.
…Большевиктер жағынан үш адам өліп, екеуі жараланды, он бір адам қолға түсті. Сегіз жылқы, жүз сомның мөлшерінде ақша және көп қару-жарақ олжаланды. Тұтқындардың арасында Қазиды өлтірген большевик те бар. Тағы бір большевиктің қылышпен басы шабылды. Алаш әскерінің шығыны – бір адам. Жорықтан әскердің рухы көтеріліп қайтты». Ал, енді Мәди Бәпиұлының өліміне қатысы бар большевик Мей мен Варгановтың арғы тағдырлары не болды дегенге тағы да архив құжаттары жауап береді. Алматыдағы Президент архивінде 1921 жылдың сәуір айының 6-13-і күндері Қарқаралы қаласында 58 коммунисті банда өлтіріп кеткендігі туралы ресми дерек бар (Алматы Президент архиві. Қ-139, т-4, іс 19.) 1921 жылдың көктемінде Қарқаралы қырғынын ұйымдастырған есаул С.Токарев Көкшетау жақта Батыс Сібірдегі көтерілісте талқандалған бұзықтардың қалдығын жиып, 3000 қарулы қол құрайды. Ақмоладағы қызылдардың 500 солдаттан тұратын гарнизоны ақ банданың жағына шығып кету себебі олардың көбісі бұрынғы анархист Козыревтің партизандары болатын, оларға Ақмоланың казактары қосылды. Токаревтің бандасы наурыз айының 26-сы күні Қарқаралыға бет алып бара берсін, біз бұл банданың қайдан пайда болғанын зерттелік. Тарихта «Батыс-Сібір көтерілісі» деп аталған бүлік 1921 жылдың 31 қаңтарында Түмен облысының Есіл уезді, Челноковск солтүстік болыстарында басталып, солтүстікте Салихард, оңтүстікте Қарқаралы, батыста Тұғылым бекеті, шығыста Сургут. Көкшетау, Петропавлск, Тобылды қамтыған. Бүлікті басу үшін 1921 жылдың 12 ақпанында «Үштік» құрылады: Сібір ревкомының төрағасы И.Смирнов, Ресейдің Қарулы Күштердің қолбасшысының Сібірдегі көмекшісі В.Шорин, Сібірдің төтенше комиссариатының төрағасы И.Павлуновский.
Қызыл большевиктер бар күшін салып, бүлікті тас-талқан қылған соң, бүлікшілер жан-жаққа қашады, біразы Қазақ жеріне жылыстап, мұндағы казактарды бүлікке қосып алғанмен қысымға төтеп бере алмай Қытай жаққа жөңкіледі. Токаревқа Қытайға барар жолды оның алдында қызылдардан күйреп жеңілген күйі Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы арқылы ағылған атаман Дутов, Анненковтар салып кеткен. Қанды жолмен Токаревтың әскері Қарқаралы қаласына большевиктердің ішіндегі жалған коммунистердің көмегімен кіріп келіп, қызылдарды қырып тастайды. Осы «Қарқаралы қырғынында» Мәди Бәпиұлын өлтірген Мей мен Варгановтар да ажалдарын тапқан сыңайлы. Біздікі табалау емес, болған оқиғаның ізімен дереккөздер көрсеткен құжаттармен жүріп өту. Токарев та жер бетін көп баспайды, большевиктер Қытай үкіметімен келісіп, Семейден арнайы қарулы экспедиция жұмсап, Токаревты Батыс Монғол жерінен ұстап алып келеді де, Новониколаевск қаласында соттап, 1922 жылдың 17 маусымында айыптау үкімін шығарып, атып тастайды. Кейін 1927 жылы дәп осындай айла-амалмен Қытайдан атаман Анненков та ұсталып, Семей қаласында ашық сот өтеді. Анненковтың сотында қоғамдық айыптаушы Ыдырыс Мұстамбаев сөз алған. Атаман Анненковтан генерал Колчактың үкіметі Директорияның өзі де қорқатын, Омбы мен Семей арасын теміржол жалғайтын, онымен Анненков Омбыға қолма-қол жетіп келе алар еді. Анненковты XVIII ғасырдағы немістердің ландскнехтыларымен, ғарып қасар бишара, кедей-кепшіктің арасынан жалданған жаяу әскерімен салыстырады, «мародёр» және «банда» сөзі осылардың тобырынан шыққан терминдер, бұлардың халыққа қылғаны контрибуция мен реквизиция еді. Семей қаласында 1927 жылдың 25 шілдесінен 12 тамызы күндері өткен сот процесінде Анненков ату жазасына кесіледі. Атаман Анненковтан ертерек 1921 жылдың 6 ақпанында Қытай жерінде Советтердің чекистері атаман Дутовты Россияға алып қашпақшы болғанда, атаман ауыр жарақаттан бөтен елде өледі. Коммунистерді қырып салған Токаревтың бандасы Қарқаралыдан шыққан бетте алдын орамақшы болған қызыл әскерді айналып өтіп, Қытай асып кетеді. Көктем туып, жаз келді, уездегі партия-совет жұмысын жандандыру керек, Сібір ревкомының уытты уысынан жаңа құтылған Семей губревкомы, губбюросы Мұхтар Әуезовті жұмсайды. Архивтегі №12 хаттамаға сай 1921 жылдың 6 шілдесінде губревкомның өкілі М.Әуезовтің қатысуымен Қарқаралы уезінің ревкомы мен уездік бюросының біріккен отырысы өтеді. Күн тәртібінде екі мәселе. Уезд съезі және Қазақ автономиясы. (Алматы. Президент архиві. Қ-139, т-2, іс 18.) Семей архивіндегі құжаттарға қарасаңыз С.Сәдуақасов Қарқаралыға М.Әуезов барады деп 22 маусымда телеграмма соққан, 27 маусымда Әуезов әлі Семейде. Әуезов тек шілденің басында Қарқаралыға жеткен, съезд өткізген, Қазақ автономиясының 10 000 адам жиылған тойына қатысқан. Семей губерниясының уезд-уезінде автономия тойын өткізу туралы шешім 1921 жылдың 20 сәуірінде Семейдің «киргизтатар секциясында» қабылданған. Сол кезде Ақмола мен Семей облысын Сібір ревкомының қарауынан КирЦикқа өткізу комиссиясы келіп жатқан еді. Қарқаралыға М.Әуезов шығар алдында Семей губерниялық халық соттарының кеңесінің ұйғаруымен Жақсылық Төленов 1921 жылдың 7 маусымында Қарқаралы уезінің 2-учаскесіне халық соты лауазымына ауыстырылады. Ол 1920 жылдың 22 маусымында Семей уезінің 10-учаскесінің халық соты қызметіне тағайындалған еді.
Енді бір жыл өтпей жатып, Шыңғыс болысынан Қарқаралы сотына көшеді. Бұл – Семей губерниясының төтенше өкілі Мұхтар Әуезовтің жеке қалауы, шешімі болатын. Өйткені, Қазақтың автономиялық мәртебе алуына байланысты және көктемгі қанды қырғыннан кейін Қарқаралы уезі халқының көңілін көтеру үшін үлкен той өткізу қажет-тін. М.Әуезов үлкен тойды ұйымдастыруға қабілеті, білімі, білігі, тәжірибесі бар адамдардың қатарында өзінің 1917 жылдан бергі жақсы танысы, қызметтес, үзеңгілесі Төленовтің болуын қалаған. Үлкендердің үлгісі – әрбие құралы. Жазушы М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу үстінде 1917 жылы басталған күрес жолында бар көргенімен қоса, 1921 жылы Қарқаралыда он мыңнан аса халық қатысуымен өткен үлкен тойдың бар суретін ұтымды пайдалана білді.
Сонымен, қазақтың үлгілі-өнегелі «Абай жолының» жазылу тарихы Қарқаралыдағы үлкен тойдан бастау алған фактісі Семейдің архивінде сақтаулы (Қор- 72,т.1 іс13, анықтама 2.).
Марат АЗБАНБАЕВ.