Руханият

Абай сөзі – һәм әділет, һәм махаббат

«Абай жас күнінде күлкі үшін қалжың өлеңдер, қыздарға өлеңдер жазған, есейген соң арланып, тастаған, Михаэлис пен Гроссқа кез болмаса, сол күйімен кетер еді. Орыс адамдарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрметпен, көзқараспен күтіп алып, төр түгіл, тақтан орын берген». Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақтың бас ақыны» мақаласында Абай туралы асығыс айтылған пікірін Омбы архивіндегі Құнанбай ісіндегі деректер жоққа шығарады (Н.Дулатбеков. Құнанбай Өскенбаев ісі).

Сурет qazaquni.kz

Газеттегі Абай өнері һақындағы теріс сөз 1909 жылғы Кәкітай Ысқақұлының «Абай (Ибраһим) Құнанбай ұлының өмірбаяны туралы» жазбасынан көшкені анық іс.

Қазақ та адам баласы, қазіргі біз түгіл түпсіз терең ғылымға көзі жеткендердің де қатесіз сөйлеуі – қиын іс. Себебі, көңілі алаң адамзат адасуынан әсте тыйылмайды.

Жөнсіз сөздің сырын тегіс тексеруден өткізбес бұрын Кәкітайдың: «Абай 14 жаста-ақ біреуді мазақ яки қалжың қылып, құрбылар ортасында өлең шығара бастаған» деген сөзін келтірелік. Ахмет Кәкітай мәліметіндегі «мазақ» сөзіне жоламай «қалжыңын» ғана алған.

Ағалар үлгісімен М.Әуезов те «Абайдың жас шағындағы өлеңдерінің көпшілігі қалжың, мысқыл, мазақ аралас. Мінегіш, мысқылшыл кішкене Абайдың күлкі мен қалжың қылып 12 жасында бір жолаушы қатынға айтты деген бір ауыз өлең бұған дәлел» депті. (Әр жылдар ойлары 1959 ж.).

Үлкендердің ізімен 2020 жылы шыққан Абайдың академиялық толық жинағында ақынның 1855 жылғы «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» атты бір ауыз өлеңін оның бозбала күніндегі әзіл-қалжың түрінде шығарылған туындысының бізге сақталып жеткен бірі деп түсіндіріліпті. (Үш томдық. 1-том. 435 б.)

Анығын айтсақ, бала Абайды дұрыс танып алмай тұрып, дана Абайды түзу танып жүрміз деу ақиқатқа қиянат.

Сол себептен бала Абайдың бір ауыз өлеңі туралы бүгінгі күнге дейін түзелтілмей, шаң басып жатқан теріс түсінікті ғылым тезінен өткізуге міндеттіміз. Бас сот – мәтін. Бала Абайдың өз қолынан түзілген сын сөзі: «Кім екен деп келіп ем түйе қуған, Қатын ғой күлдәрімен белін буған. Төркінінің бергені жауыр айғыр, Бауырыңды ұрайын бірге туған».Төркінін көбелеген қатын жауыр айғыр жетектегеніне қорланып, «Япырым-ай, ұяластарым ел алдында ұятқа қалдырды ғой» деп Құнанбай ауылының тұсынан қатты жүргенде жолындағы түйелер үрке қашып, былп-былп басып, тайраңдай жөнелген. Архив деректері Құнанбайда матау толы түйесі болмаса да, бұл түліктің қарасы онда мол болғанын айғақтайды. Түйелердің өрісінен жаңылғанын байқаған ауыл кісілері оларды біреу қуды ма деп бала Абайды жұмсағанда, оның алдынан үріккен түйе көзденіп төркіндеген әйел шыға келеді. Абай түйелерді аңдасыз үркітіп алған әйелдің не себептен асыққанын анық аңғарған. Бас қисын – ғұмыр шыны. Бала Абайдың 1855 жылғы өлеңін мысқыл-мазақ, ойын-қалжың, әзіл-әжуа деп тануға ешбір реті жоқ. Абай өнерінің мінезі, табиғаты туралы пікір айту үшін оның балалық шағы өткен уақытты дұрыс тани білу керек.

1850 жылы аға сұлтан Құнанбай Кішік-Тобықты болысынан заңсыз зорлықпен түйе жинады деген арыздан басталған әкімшілік тексеріс 1851- 1852 жылдардағы ұзақ тергеу­ге ұласады. Түйені түгендеп бас-аяғын тексерем деп басы қатып жүрген тергеуші әйелдері Күңке, Ұлжан, Айғыздан да жауап алуды ұмытпапты. 1853 жылдың жазында «Құнанбай жазықсыз елді шапты, жылқы алды» деген айыппен күзде Қарауылда ұсталып, Қарқаралыда абақтыға жабылады. Құнанбай 1854 жылдың күзіне дейін Омбы қаласында түрмеде отырып, қарашаның ортасында кепілдікпен бостандыққа шығып, Қарқаралыға жетеді. 1855 жылдың қысы Құнанбайдың Тобықтыға оралған беті – Абайдың ерте оянған, ойланған кезі. Бала Абайдың балалығы өлген шағы. Архивтегі қылмыстық іс Құнанбайдың сотты болуынан қорыққан көңілі алаң, үркін елдің күйін кешкен отбасының баласына орынсыз, жыртың-жыртың құр күлкі, қылжақ үшін тексіз өлең шығарарлық реті де жоғын дәлелдейді. Іс әлі бітпеген, Құнанбайды елден қумақ, жер аудартпақ қарсы топ үкіметке арызданып, қуынып, аянбасқа бекініп жүрген уақытта тергеудегі түйені қасақана қуып кетуі де ықтимал еді. Бала Абайдың да діттеген жеріне жеткен бетте бірден «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» деуі «түздегі түйелерге қас шапты ма, қасқыр шапты ма, жау болса, кім екен, біліп кел» деген үлкендердің бұйрығынан шығып тұр. Өлеңдегі оқиға 1855 жылғы көктемнің жазға жаңа ұласқан тұсында орын алған. Оны күлдәрімен белін буған қатынның дәулетті төркіні жетектетіп жіберген жауыр айғыры айғақтап тұр.

Мезгілдің жазғы шағын қатынның беліне жеңіл шапан сыртынан байлаған үлбіреген жұмсақ жібек мата, күлдәрі де дәлелдейді. Өлеңдегі «Түйе қуған» қатын Құнанбайға сыбай қонған көрші ауылдың адамы. 1933 жылғы жинақтағы Абайдың ұлы Тұрағұл айтқандай, жолда жатқан түйе келесін аралап өткен кездейсоқ жолаушы емес-тін.

Қатынның төркіндемек ойынан маңайдағы ел-жұрт ұзынқұлақтан түгел ерте құлақтанған. Оны Құнанбай ауылының білетіні қатынға белгілі еді. Ұяттан күйінген қатын ел көзіне көрінбей тез өте шығам деп жүріп түйе келесіне ұрынған. Түйе қуу ойда жоқ. Жамалдатқыр жауыр айғыр келені көре қалғанда кісімсіп кісінеп, тыныш түйелерді үркітуінің кесірінен бала Абайдың көзіне түсіп қалғаны.

Абайды әкесі Құнанбай Семейге медресеге оқуға 1855 жылдың күзінде жүргізеді, әзірше ертеңгі қалаға тартар көштің көлігі, жүк артары болар түйелерге қарауыл болып жүр. Құнанбай түйе түлігін ертеден жинаған. Әкесі Өскенбай қайтыс болып, өзі аға сұлтандыққа тағайындалған 1850 жылы ел-жұртқа көш-көлікке, жүк артуға берген түйелерін, жүк аттарын ұлдары Құдайберді мен Ізғұттыға түгендетіп, жинап жүргенінде өсекке қалып, тынымсыз тергеуге тап болады.

Бас дәлел – әке мектебі. Абай «орыс адамдарымен таныспаса, дүниеге көзі ашылмас еді» деген ел адастырар жауыр түсініктен де арылсақ дұрыс шығар. Абай сөзінің мәтінінен басталық: «Мен жасымнан көп көрдім, Мұсылманды, кәпірді». Абай бала жастан ауылында ұлықсыған орыстардың талайын көріп өскен, 5 жасында әкесі Құнанбайдың аға сұлтандық салтанатына куә болған. 8 жасында әкесінің қолына мылтықты казактың кісен салып, айдап алып кеткенін көрген. 10 жасында Семейде көпесті де, кресті де өз көзімен көрген. 13 жасынан билік ісіне араласқан, 20 жасында болыстыққа тағайындалған, білікті билік майталманы, бірегей заң танушы, қайратты құқық қорғаушы.

Ата-бабасы – Абылай хан заманынан империя әкімшілік кеңсесімен істес болып ел билеген адамдар. Әкесі Құнанбай да жасынан жат биліктің ішкі сырын жетік білген, балаларына білім, ғылым беру мақсатында «Ескі тамда» мектеп ашып, орысша білетін мұғалім ұстап, ел басқару ісіне ерте баулып, жалықпай үйрете бастаған. Семейде оқып жүрген Абайды 1858 жылы Құнанбай қасына қайтарып, үлгі-өнеге көрсін деп өзіне көмекші қызметкер ретінде ұстайды. Абайдың қайтуы інісі Халиолланы 1859 жылы Омбыдағы кадет корпусына оқуға жіберуге дайындық басы еді.

Бас алқа. Бала Абай өлеңде мазақ, қалжыңға барды деген ғылыми теріс түсінік тікелей ақынның құқығын бұзып тұр. Абай өлеңнің мәтіні, мәні, ішкі қисыны, түзу сөзі жалған, жаңсақ, жасанды пікірге тыйым салады.

Абай өлеңі – сынның соты. Өлең – мені жоқ менікінің мінін шебер мүсіндеуші, айна-қатесіз суреттеуші, нәпсі сырын әсем әшкерелеу­ші. Сол себептен өлең ел ішінде кең таралып, жұрт жадында жатталып қалып, бізге жеткен. Өлеңде ұят, теріс қылықты шын мінеген қынжылу да, істің әділін айту да, адамшылыққа ара түскен махаббат та бар.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button