Абай афоризмдері
«Ер артық сұраса да азға разы болады. Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас». (отыз жетінші сөз)
Қазақ мәдениетінде «ер, ез» деген ұғымдар әрдайым қарама-қарсылықта қарастырылады. Бұл егіз ұғым адамның табиғи жаратылысынан келіп шығады. Адам екі нәрседен – жан мен тәннен тұратыны бесенеден белгілі. Адам бойындағы негізгі мәселелер осы бастаудың қайшылығынан басталады: «ішсем, жесем, ұйықтасам» дейтін тәнқұмарлықтары мен «көрсем, білсем» дейтін жанның арасындағы қайшылық.
Адамның тұтас болмысы осы екі бастаудың бірлігі әрі қайшылығынан тұрады. Бірі топырақтан, бірі өз болмысын рухани негіздерден алатын екі бастау үнемі бір-бірімен жағаласып, күрес үстінде болады. Қайшылықта болғанына қарамастан бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын екі бастаудың «некесінен» екеуінің басын біріктіріп, мәмілеге келтіретін «көңіл» деген іргелі ұғым дүниеге келеді. Хакім Абайдың көтеріп отырған «ер, ез» ұғымдарын тәптіштеп түсіну үшін қазақ мәдениетінде «көңіл» ұғымына анықтама берген Шәкәрімге жүгінелік.
Ал, енді сипатталық көңілді,
Ескеріп бұл сөзімді жақсы ұғыңыз.
Жан мен дене – қосылған ерлі-қатын,
Екеуінен туады көңіліміз.
Шәкәрім тайға таңба басқандай ашық айтып отыр: бастауын Құдай Тағаладан алатын, мәңгілік өмірге ие, осы фәни дүниеге уақытша ғана келген жан – «ер», ал топырақтан жаралып, топыраққа қайтатын тән – «қатын» (Абайдың айтып отырған «езі» осы «қатыннан» келіп шығады). Дүниенің жаратылыс негізінде жатқан бұл қос бастау қазақ мәдениетінде әуелден бар. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Наурызнама» атты кітабында бұл қос бастау туралы былай дейді: «Алла жалғыз, қалғанының бәрі егіз: жұп-жұбымен жаратылған; сондықтан қазақта: «Көк – байы, жер – қатыны, көктен жаудырсын, жерден өндірсін» деген сөз бар, – дейді. Әлбетте, осы ерлі-байлы Көк пен Жердің некесінен басқа жаратылған мақұлықтармен бірге адам ұлы да дүниеге келеді:
Биікте Көк Тәңірі,
Төменде қара Жер жаралғанда,
Ортасында адам ұғлы дүниеге келген.
Иә, бұл тасқа қашалған бабаларымыздың мәңгілік ескерткіші – Күлтегін жазуы. Адамның бойында ерлік пен ездік қатар жүретіні де осыған байланысты: адам бойында бастауын Тәңірден алатын Жан үстемдік етсе, адам Ерге, ал қара Жер сипатты Тән үстемдік етсе – Езге айналатыны, сондықтан.
Жоғарыда біз сөз еткен Көңіл адам бойындағы билікке таласқаш Жан мен Тәнге байланысты екі статуста көрініс береді: Ер көңіл және Нәпсі көңіл. «Ер көңіл» – бойында жан тәнге үстемдік ететін көңілдің статусы; «Нәпсі көңіл», керісінше, жанға тәннің билік жүргізуі.
Құдайдан келген жан – қанағатшыл, рақымды, әділетті, ақылды; топырақтан жаралған тән – тойымсыз, қанағатсыз, озбыр, өзімшіл, сараң. Абайдың «ер» деп отырғаны осы – өзін (нәпсісін) тыя білген адам: ол артық сұрауы мүмкін, – «сұрасаң түйе сұра, ұялғанынан бие береді» принципіне сәйкес, – бірақ аз берсең де разы болады, өйткені ол «өзін-өзі (нәпсісін) жеңген – нағыз батыр, ақылды жаны ақылсыз тәнін игерген адам. Ал «ез» аз сұрар, өйткені ездігінен өз өзін бағаламайды, көп сұрауға рухы (батылы) жетпейді, сұрағанынан артық қылып берсең де риза болмас, өйткені ол тойымсыз нәпсінің құлы, ақылсыз тәніне (нәпсісіне) билікті беріп қойған адам.
Және де «ез» болу үшін, ерлік жасау үшін, міндетті түрде қан майданға, соғысқа бару қажет емес; тойымсыз нәпсіні тойтара білген кез келген қадам, кез келген іс-әрекет өзі ерлік болып есептеледі. Хакімнің көтеріп отырғаны – қанағат мәселесі; қанағатшыл болу, ынсап иесі болу, – ер-лік мінездің сипаттары, керісінше, ашкөздік, тойымсыздық, ынсапсыздық – нәпсісін тыя білмеген ез-діктің сипаттары.
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». (отыз жетінші сөз)
Қазақта «жалғыз ағаш орман болмас» деген мақал бар. Ә, дегенде әңгіме ағаш жайлы болып жатқан сияқты. Ал, шын мәнінде тұспал мен ишараға, аллегорияға толы қазақ мәдениеті «ағаш» арқылы адами болмыстың ашылу жолдарын нұсқап отыр. Жалғыз ағаштың орман бола алмайтыны қаншалықты рас болса, жалғыз жанның адам бола алмайтыны соншалықты ақиқат; адам болу үшін адамға басқа адамның ауадай қажет екендігі, адам өзіндей адамға мұқтаж, ділгір екендігі жайлы әңгіме қозғалып отыр.
Адам болудың, адами болмыстың ашылуының терең сырларын жетік меңгерген кемеңгер бабаларымыз осы іргелі, негізгі ұғым – болмыс мәселесін одан әрі тереңдете ашу үшін «адамның күні адаммен» деген қанатты сөз қалдырыпты. Бұл «жел жетпес пырақтай» ұшқыр, теңіздей терең, мағынасы зіл батпан қанатты сөзде тіршілік хикметі – адамның болмысы туралы ғажайып аңсар бар. «Он сегіз мың бұл ғаламның бар тынысы күнде тұр» деп хакім Абай өзі жырлағандай, біздің жұдырықтай жер ғаламшары ғана емес, он сегіз мың ғаламның тыныс-тіршілігі жарқырап тұрған күн ғаламшарына байланысты болғаны сықылды, адамның күні (өмірі, ғұмыры, болмысы) өзі сияқты басқа бір адамға байланысты екені меңзелген. Пенде кейде ашуланғанда кейіп «Құдай күнімді саған түсірмесін» деп жатады. Ал, бабаларымыз бұл туралы:
Ханның ісі қараға түсер,
Батырдың ісі балаға түсер,
Байдың ісі кедейге түсер,
Бәйбішенің ісі тоқалға түсер,
Арыстанның ісі тышқанға түсер,
Ердің ісі баз-базында дұшпанға түсер, – депті.
Адамның ісі (күні) бәрібір басқамен байланысты, «ат баспаймын деген жерін үш басады» дегендей, ешқашан адами қарым-қатынастардан бас тартпа, баз кешпе, пенде қанша асқақтағанымен, әлеуметтік тұрғыда жік-жікке бөлінгенімен, өмірдің темірдей берік, бұлжымас, айнымас заңдылығынан бәрібір бас тарта алмайды деп тұр.
Енді негізгі әңгімемізге хакімнің біз сөз қылып отырған нақыл сөзіне оралайық. Абай бұл нақыл сөзінде «өзің үшін» және «адамдықтың қарызы үшін» деген екі мәселені көтеріп отыр; әңгіменің астары осы екі қарама-қарсы ұғым арқылы ашылатын сыңайлы. Енді осы екі ұғымға кезегімен нақтырақ тоқталайық.
Жан мен тәннен тұратын адам баласында екі «өзімнің» бар екендігі мағлұм. Бірінші «өзім – «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген тәнқұмарлықтары мен өмір сүретін дененің жаны – нәпсі. Нәпсіні қазақы мәдениетінде кейде табиғатына байланысты «ет жан» деп те атайды. Өзімшілдік, сараңдық, өркөкіректік, ашу, ыза, дүниеге құмарлық сықылды «итмінездің» неше атасы осы нәпсіден келіп шығады. Хакім «өзің үшін» дегенде осы нәпсіні айтып отыр. Осы нәпсісі үшін өмір сүрген пенде, әлбетте, өзімшіл (эгоист) болады: Ол не істесе де, қандай әрекетке бармасын, – тек өзін (нәпсісін) ойлайды. Барлық істің өлшемі ондай адам үшін тек – бас пайдасы, басқа ештеме де емес. Әлбетте, мұндай өзімшілдікпен өмір сүретін жан иесі өзі үшін оттайтын хайуаннан еш айырмасы болмай қалады. Ал, адамның хайуанның басты айырмашылығы – «өзге үшін» өмір сүре алатынында; ойшыл адамның бұл айрықша қасиетінің ашылу жолын «адамдықтың қарызы үшін» деп ныспылайды. Хакім осы ой жүлгесін өзінің «Китаб тасдиқ» (отыз сегізінші сөз) атты еңбегінде былай бекітеді: «Енді біліңіздер, ей перзенттер! Құдай Тағаланың жолы деген жол Алла Тағаланың өзіндей нихаятсыз (шексіз, өлшеусіз – О.Ж.). Оның нихаятына ешкім жетпейді. Бірақ, сол жолға жүруді өзіне шарт қылып қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса, («өзің үшін еңбек қылсаң» – О.Ж.) – өзің нихаятлысың (шектеулісің – О.Ж.), ол жол Құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниеңмен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадәләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса («адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң» – О.Ж.), ол жол – құданың (Құдайдың – О.Ж) жолы».
Көріп отырғанымыздай, «Алланың сүйген құлының бірі» болу үшін «өзгелер үшін еңбек қылуымыз» шарт екен, өзгелерге қалайда әйтеуір, бір пайдамызды тигізсек, жалпы жұртқа пайдалы болсақ, «адамдықтың қарызын» сонда ғана өтейді екенбіз. Алла Тағала бізге өзгелерге пайдалы болып, Өзінің сүйікті құлдарынан болуға нәсіп етсін!
Омар ЖӘЛЕЛ, абайтанушы
Айқарманы әзірлеген Жәлел ШАЛҚАР