Басты тақырыпЖаңалықтар

Абадан ақын – Астана төрінде

  Арқадағы әдеби орта «ақиық» атайтын Алаштың біртуар ақыны Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫН белгілі сатирик Көпен ӘМІРБЕК «Қазақтың қасқыр ақыны» деді. Біз үшін таңсық емес, әрине. Өйткені, бұған дейін мұндай бейресми атақты Сері-ағаңа Шер-ағаңның (Шерхан Мұртаза) өзі таңығаны бар-тын. «Қасқырдың монологы» өлеңін естігенде. Сонымен, тоқетерін айтсақ…

Тоқетері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақтың қасқыр ақынының» кеші өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші Кенжеғали Мыржықбай жетекшілік ететін «Кəусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен кеш аспан астын күркіретті десе болғандай. Аталған оқу орнының филология факультетінің студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Өлең болғанда қандай өлеңдерін оқыды дерсіз?! «Томардан түскен шоққа ұқсаған» (Кеңшілік), «Поэзия», «Іздейсің бе, сен мені», «Кенесарының басы», «Менің мұнда меншігім жоқ», «Қасқырдың монологы», «Аққулар-ай», «Қазақ», «Махамбеттің монологы» сынды жырлары залдағы ормандай оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Ақынның сөзіне жазылған белгілі сазгер Есжан Әміровтің «Есіл мен Нұра» және «Абыралы» атты әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Гүлмира Сарина салғанда, тебіренбеген жан қалмады. Күміс көмей әнші Карина Каренинаның орындауындағы ақынның «Қызыма» әні де жүректерге жеткенін аңғардық.

Абадан ақынның «Менің пірім – Сүйінбай» деген Жамбыл тәтем. Менің пірім – Қасым мен Дәуітәлі Стамбеков! Алдында Дәуітәлідейін адуынды азамат ағасы болмаса, мына дүниеде мендей Серік Ақсұңқар­ұлы деген басы жұмыр пенде болар еді. Ақын болмас еді!», – деген сөзінің дәлел-айғағындай Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін осы университеттің журналистика кафедрасының ұстазы Ықылас Ожай шырқады.

Кештің ең керемет әсерлі тұсы – ақынның арқаланып тұрып өлеңдерін оқыған сәті болды. Жігеріңді жанып, намысыңды қайрай түсетін жанартау жырлар жерден көкке шаншыла барды. Астаналық оқырмандардың ақынға деген қошеметі айтарлықтай ерекше шықты. Соның айғағындай кеш иесі қаптаған сұрақтардың астында қалды. «Біз барлық дүниемізді шет тілдеріне аударып тастауға міндетті емеспіз. Өйткені, бұған олардың сөздік қоры, шығармашылық әлеуеті еркін жете бермеуі де мүмкін. Мен ең алдымен қазақ дейтін халқыма керекпін! Өз халқыма қажет болмасам, өзгеге жағынудың керегі не?! Сол Еуропа классиктерін он орап алатын ақын-жазушылар өзімізде де, шіркін-ай, көл-көсір екенін кей пақырлар қайдан білсін!», – деді бір сөзінде ақын.

Астана төріндегі абадан ақынның кешін Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы қорытындылады. Оның «Қарағандыдағы бүкіл халықтың тілегі, мұң-мұқтажы Серік Ақсұңқарұлының аузымен сөйленетіндей көрінеді», – деген кесімді сөзі халықтың қошеметін қайта тудырды. Дихан Қамзабекұлы жылы лебізімен қатар ақынның кеудесіне университеттің медалін де тақты. Кеш барысында мұнан да бөлек жақсы-жайсаңдар мен небір қасқалар ақын шығармашылығына қатысты пайымды пікірлерін білдірді.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button