Жаңалықтар

Ақжалдық “терминатор”

Күш атасы Қажымұқанның белдескенінен бөлек, жиын-тойдағы өнерін естігенде таңдай қағатынбыз. Аңызға айналған тұлға жайлы түрлі әңгімелерді құлағымыздың құрышын қандырып тыңдадық та. Көзбен көріп, әсерін сезінгендер қандай күй кешті екен деп ойлаймын, кейде… Айтқымыз келгені – күш атасын үлгі тұтып, ізін жалғастырушы бар екен бізде де. Шет ауданы, Ақжал кентінде Алшынбай МҰҚЫШЕВ есімді зейнеткер тұрады. Зейнет жасында демесеңіз, нағыз салауатты өмір салтын берік ұстанған ақсақал. Ауылдастары «Терминатор», «Темір адам» деп атап кеткен. Қажымұқанның ізін қалай жалғастырмақшы дейсіз ғой? Тарқатып көрелік…

65 жастағы Алшынбай ақсақал йоганы еркін меңгерген. Арматураны оңай майыстырып, 16 келілік кір тасын шынашақ саусағымен көтереді. Спортпен шұғылданғанына 25 жылдай уақыт болыпты. Бүгінгі таңда қырсырын әбден терең зерделеп алған деуге де болады. Өйткені, түрлі қауіпті амалға барады. Алғашқыда тақтайды сындыра бастаған кейіпкеріміз кейіннен қызыл кірпішті бір ұрып, үгітуге көшкен. Сондай-ақ, арматураны білегіне иіп оңай орайды. Ол аз десеңіз, шынымен де түрлі трюктер істейді. Тіпті, бірнеше адам әзер көтеретін ауыр тасты зейнеткер кеудесі мен ішіне қойып, оны қасындағыларға балғамен ұрып, сындыртады. Әрине, мұның әдіс-айласы боп тұр ғой. Ақсақалдың айтуынша, мұның құпиясы тыныс алуды бақылауда екен.

«Соққының алдында дененің өзі тас сияқты қатты болуы керек. Мысалы, бірдеңені ұрмас бұрын, сіз жұдырығыңызды қысасыз. Сол сияқты күшті бойға жинау керек. Бұл да тәжірибемен келеді» дейді. Ауыл халқының ақсақалға деген құрметі ерекше. Өнерін түрлі мерекелік шараларда, әсіресе Наурыз мейрамында көрсетеді ауылдастарына. Спортқа ден қоймас бұрын кеудесі мен аяқ-қолында қатты ауырсыну болыпты. Күнделікті қалыпты ұйқыдан да қалыпты. Содан бұл сырқаттың алдын алып, салауатты өмір салтын ұстануды қолға алады. Бір қызығы, Алшынбай Мұқышевті мұндай балуандыққа ешкім жаттықтырмаған. Теледидардан да, интернеттен де үйренбеген. Мұндай қадамға баруына бағыт берген – күш атасы Қажымұқанның кітабі.

«Теңдесі жоқ балуан Қажымұқан атамыз сиырға дейін еркін көтерген. Кеудесіне тас сындырып, көлік сүйрегенін де жақсы білеміз. Нағыз күш атасы дейміз ғой. Соның ас-тойдағы халыққа көрсеткен батырлығын, күшін естіп өстік бала кезімізден. Қызығушылығым бар-тын. Бірақ, толық мойын бұра алмай жүрдім. Кейіннен жасым қырыққа жуықтап қалғанда бойымнан сырқат сезіле бастады. Қол-аяғым, кеуде тұсым сыздап, сырқырай бастады. Содан мұнан айығудың бірден-бір жолы шынығып, шымыр болу екенін ұғындым. Міне, содан бері 25 жылдан асыпты. Күнделікті ас ішетін секілді бір мезгіл қажеттілігіме айналып үлгерді. Аллаға шүкір деймін. Өзімді сергек ұстап, жеңіл сезінемін», – дейді Алшынбай ақсақалдың өзі.

– Әкем Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп секілді балуандарды көп оқиды. «Солардың көзсіз батырлықтарын қайталаймын» дейді. Бір жағынан жастарға үлгі болғысы келеді. Және де елге көп көріне бергенді ұнатпайды, суретке түскісі де келмейді, – дейді зейнеткердің ұлы Шәкен Әбжанов. Иә, Алшынбай ақсақалдың қалыбы бұл. Аса қатты ел көзіне жарқырай түскенді жақтыра қоймайды екен. Содан да болар Қарағандыда күш иесінің барын кеш естуіміз. Қысқасы, ақжалдық «Терминаторға» темірдей денсаулық тілейміз!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button