Руханият

Аққыз күйшімен кездесу

Жуырда белгілі күйші Аққыз Ахметқызының өрелі өнерін, табиғи болмысын паш ету мақсатында республикалық деңгейде ауқымды іс-шара өткізілмекші. Аймақты дүр сілкіндірген жақсы жаңалық мені ғана емес, бүкіл өнерсүйер қауымын қуантқаны сөзсіз. Соған орай мен де қолыма қалам алып, Аққыз апа туралы естелігімді жазуға ниеттендім.

Сурет: wikipedia.org

Мағыналы өмір сүріп, мәңгілік із қалдырған, халқымызға тән күй өнерінің өміршең күшіне өле-өлгенше сенген, әрі ұлықтай білген өңіріміздің өзгеше қызы Аққыз менің бала кезімнен-ақ жұдырықтай жүрегімді жаулай алған тұлға еді.

Атағы аңыз боп тараған аяулы жанның әнін әкем домбырамен орындайтын. Менің бала қиялым қиянды шарлап, мұңды әуенге еліктеп, жүрегімді аяныш секілді бір белгісіз сезім билеп, сұлу да өнерлі қызды көзіме елестететінмін, «Бір көрсем-ау» дейтінмін.

Дара дарын иесі өле-өлгенше ауылда, кәдімгі қазақи тіршілік кешті. Бұйырған топырақты басып, ел адамдарымен етене араласты. Кәдімгі жар, ана, әженің образын өнердің емес, өмірдің сахнасында шынайы сомдады. «Сырт келбеті мен ішкі жан дүниесі үйлескен ғажап жан еді», – дейді көзкөргендер.

1978 жылы Аққыз әжені көру бақыты маған да бұйырған еді. Қаратал ауылының бас экономисі болған Амантай Мәдібеков ағамның қызметі ауысып, отбасымен ауылдан көшуіне байланысты Рымтай жеңгем екеуі жұртына дастарқан жайып, той рәсімін жасайды.

Мен сонда іргелес ауылдың қызы болсам да, Қаратал мен қазіргі Нарманбет ауылының табиғатының, ауа райының екі түрлі екенін аңғардым. Бұл жақтың салқын самалына, жап-жасыл шалғынына тәнті болдым. Айтулы өнер тарланының мекені солай болуға тиістідей. Осындай жанға жайлы табиғат аясында той қыз-қыз қайнап жатты.

Топ адамның ішінен ақ жаулықты, сәнді киінген, болмыс-бітімі басқашалау кербез әже көзіме оқшау көрінді, жеңгемнен «Бұл кісі бір жақтан келген бе?», – деп сұрадым. «Жоқ, осында тұрады, Аққыз апа ғой», – деді ол кісі.

Қызмет көрсетіп, қолғабыс етіп жүрсем де, ара-арасында мен сол аяулы жанды бақылаумен болдым. Бала кезімнен әні құлағыма сіңіп, дүйім қазақ еліне танымал адамды көзбен көргеніме көңілім сенбегендей…

«Шіркін, әнін өз аузынан естіп, күйін тыңдасам ғой»,– деймін қиялдап. Өкінішке орай, әженің бұл кезде жасы сексеннің сеңгірінен асқан шағы ғой. Үлкен адамды ешкім де мазаламады. Қасында немересі бар. Бәрібір бекзат өнердің бір сиқыры бар-ау, қалай да әжей топ ішінде дараланып отырды. Бір сәтте мені қол бұлғап, қасына шақырды. Жүрегім лүпілдеп, асығыстау басып, қасына келдім. «Мына немереме су әкеліп берші, айналайын, қолыңа дерт бермесін», – деді ақ әже. Мен су ұсынған соң, «Рақмет», – деді сыпайы ғана.
Кейіннен ойлаймын, қандай бақыттымын, абыз ананы көзіммен көрдім, аузынан маған арнайы айтылған «рақмет» деген сөзін естіп, жылы лебізіне бөлендім. Мен етке қамыр жайған едім, сөз жоқ, асыл ана ауыз тиді ғой, сорпа таратып, шай құйысқанмын, одан да ұрттаған болар. Бұл, әрине, жақсы жанмен кездескен аз ғана уақыт – теңізге құйған тамшыдай ғана. Әйткенмен, өмірімнің бір сәті сондай ұлы адамға қызмет етуге арналыпты. Бұл да мен үшін бір бақыт.

Өкінішті жері, ертесіне үйіне барып, әңгімелессем де болатын еді. Оған жететін батылдық менде болмады!

Бір-екі күннен кейін ағамның көшімен бірге Қараталды артқа тастап, мен де қайттым. Әлі есімде, сол елдімекенде бір жақыным қалып бара жатқандай, Аққыз әжені қимай-қимай аттанғанмын. Кеудемдегі өкініштің салқыны әлі күнге дейін тарқаған жоқ, өйткені, ұмсынсам, қолым жетпейтін, тірі кезінде-ақ есімі аңызға айналған өнер иесін көзбен көре тұра, құмарымнан шығып күйін, әнін өз құлағыммен тыңдай алмадым, жүрегім де ол жанды енді көрмейтінімді сезгендей еді.

Жол бойы ыңылдап, әженің әнін айтып келген едім:
Құбыладан кеш батса, бес шам жанар-ау,
Жел соқса да сөнбейді алтын панар-ау.
Сүйген жанға өзіме болған құмар-ау,
Қайтып кетсем осыдан, Шақа шулар-ау!
Ай, гүлім-ай! Аман бол, амал қанша-ай!»
Әкем осылай шырқайтын. Бәлкім, сөзі ауыздан-ауызға бұрмаланып жеткен де болар. Мен де ұзақ жолда «Аман бол, амал қанша-ай!», – деп сазгердің сазды әуенін өзіне арнап, қайталай берген едім.

Иә, заман заңы құптамаса да, өнерсүйер халқы бағалаған, асыл қыздың әуені, менің жүрегімде мәңгі сақталып келеді. Кейінірек «Аққыз апа, әйугай» атты әнімді жаздым. Өкінішті жері, бұл ән менің жеке мұрағатымда ғана. Әннің соңғы шумағы былай аяқталады:

Тоқырауын жағасы – қасиетті әйугай,
Аққыз апа бір туар асыл еді, әйугай.
Ұрпақтары бұл күнде сағынып жүр, әйугай,
Рухыңа мәңгілік бас иеді, әйугай!

Естелікті жаза отырып, қаламым Аққыз күйші жайлы жыр тербеді:
Көздерінде нұр да тұнған, сыр тұнған,
Жүрегі оның күй-өнер деп бұлқынған.
Аққыз әже әдемі әуен тербетіп,
Екі шекке тіл бітірген тылсымнан.
Тағдыр жолы қиын шаққа кез келген,
Күндер кешкен әуре-сарсаң, сергелдең,
Өнер туын желбіреттің, мінекей,
Айналайын, күй шығарған кеудеңнен!

Міне, Аққыз анамызға арналған кеш бәріміздің де мақтанар, шаттанар ортақ тойымыз! Тәуелсіз елімізде ұлттық құндылығымыздың көзі әйгілі күйші-композитор, әнші Аққыз Ахметқызының мол мұрасын жас ұрпаққа ұлықтай отырып, халық жадында мәңгі сақтау – біздің борышымыз!

Мөлдір БӨЛЕКОВА,
ақын

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button