Аңыз актермен жүздесу
С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының кіші залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, «Менің атым Қожа» фильмінде Қожа рөлін сомдаған актер Нұрлан Санжармен шығармашылық кездесу өтті. Іс-шараны Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына және Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына орай Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы ұйымдастырды.
Кеш облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Қадыр Әжкеев құттықтау сөзімен басталып, кеш иесімен сұхбатқа ұласты.
Кездесу барысында жазушы шығармашылық әлеміне саяхат жасап, өмірінің қыр-сыры туралы баяндап, «Менің атым Қожа» фильмі туралы тың ақпараттарымен бөлісті. Түсірілім барысындағы қызықты оқиғаларын еске алып, фильмге түсуге келісім беруінің себебі, «Сабақтан босатыласың!» деген режиссердің бір сөзі болғанын жымия еске алды.
«Мені «сабаққа төрт ай бойы қатыспайсың» деген бір сөзі арбап алды. Бірақ, соңында өзім бесінші сыныпты екі рет оқып шығатынымды кім білген?..», – деп жиналғандарды ду күлдірді Нұрлан Санжар.
Қарағандының қазыналы оқу ордаларының ұлағатты ұстаздары мен білімгер жастары жазушымен әдемі әңгіме өрбітті. Нұрлан Санжардың шығармашылық жолы – өте ерекше. Оның «Періште», «Қызыл қар» хикаяттары және «Нежданный гость – Джучи», «Бату-хан» романдары жарыққа шықты. Актердің «Ангелочек» повесінің желісімен түсірілген «Ангелочек» балалар телесериялы Ялта телевизиялык, фильмдер фестивалінде арнайы сыйлықпен және Мәскеу телефорумының жүлдесімен марапатталған.
Бұл іс-шара балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына қызығушылық танытатын үш буын өкілдерінің бір кеште бас қосуына мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, шарада «Мен Қожаның егізімін» облыстық фестивалінің жеңімпаздары марапатталып, драматург жеңімпаз балаларға жылы лебізін білдірді.
– «Менің атым Қожа» фильмін сүйіп көремін. Ол сол дәуірдің шындығын көркем суреттеген өлмейтін туынды. Біз тәртіпке бағынбайтын Қожаның бойынан Кеңестік жүйеге көнбейтін далалық қазақы рухты көреміз. Басты рөлде ойнаған актерді көріп бала күнім есіме түсті. Кеш өте әсерлі болды, – дейді қала тұрғыны Жазира Қуандыққызы.
Ақерке БОЛАТ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің III курс студенті.