Ақынын құрметтеген ел бақытты
Балқаш қаласының М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында халықаралық және республикалық ақындар айтыстары мен халықаралық фестивальдардың лауреаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, қазақтың Сары Тентегі атанған Қуаныш Мақсұтовтың «Құт» кітабының таныстырылымы және «Мәңгілік мұңның әуені» әдеби-сазды кеші өтті.
Мәдениет сарайының фойесінде Балқаш жұртшылығына ақынның «Құт» кітабы таныстырылды. Қала әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықованың құттықтау тілегінен кейін, С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхана ұжымы Қуаныш Мәжікенұлының шығармашалығына арналған көрмені ұсынып, ақындық және сазгерлік еңбегіне ақпараттық шолу жасады.
Әдеби-сазды кеш мәдениет сарайының үлкен залында өтті. Кеш шымылдығы ақынның шығармалары негізінде жасалған және мәдениет сарайы жанындағы мәдени-сауық орталығы өнерпаздарының қатысуымен дайындалған қойылыммен ашылды.
Кеш иесі Қуаныш Мақсұтовты қала әкімі Сапар Сатаев құттықтап, ықылас гүлін табыстады және шапан жауып, ат мінгізді. Қала әкімі сонымен бірге ақынның кешіне сонау Қордай жерінен арнайы келіп қатысқан айтыскер ақын Күмісай Сәрсембаеваға да құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Сахна төрінде балқаштықтарға иіліп сәлем беріп, қордайлықтардың ыстық ықыласын ала келген Күмісай ақын кеш иесіне арнау айтып, ақ тілегін жырмен өрді.
Қалалық ардагерлер кеңесінің ақынға деген құрметін және құттықтау тілегін мемлекеттік қызмет ардагері Мейірхан Тәтибеков пен азаматтық қорғаныс саласының ардагері Шахман Көпбаев жеткізді.
Балқаштықтардың жан дүниесіне рухани азық сыйлаған әсерлі кеште Қуаныш ақын әр жылдары жазған және терең ой толғанысынан туған өлеңдерін оқып, халықаралық фестивальдерде бас жүлделерге ие болған бардтық туындылары мен шансондарын орындады.
Қуаныш РҮСТЕМ,
Балқаш қаласы