Руханият

Қарағандыда «Мен – дауылдың ұлымын» атты жас ақындар арасында поэтикалық дуэль өтті

Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың 115 жылдығына орай «Мен – дауылдың ұлымын» атты жас ақындар арасында поэтикалық дуэль өтті. Қазақстан Жазушылар одағының өңірдегі филиалы облыс әкімдігінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырады. Биылғы дуэльге отызға жуық ақын қатысты.

Сурет автордан

Әдеби іс-шараға Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының башысы Нұрлан Бикенов арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі және поэтикалық дуэльдің мән-маңызына тоқталды.

– Халқымыздың тарихында Қасым Аманжоловтың айрықша орны бар. Алаш баласы бодандықтың құрсауында жүріп, азаттықтың ақ таңын аңсап жүргенде «Ей, тәкәппар дүние, Маған да бір қарашы! Танимысың сен мені, Мен – қазақтың баласы!» деп дүниеге жар салды. Ақынның өр дауысты, рухты, жалынды туындылары елдің еңсесін тіктеді. Ақын – өзінің халқына жалын сыйлайтын ерекше дарын иесі. Бүгінде облыс әкімдігі өңірдегі шығармашыл жастарға ерекше көңіл бөлетіні содан. Алдағы уақытта өлең додасына қатысқан жас ақындар еліміздің мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін дәріптейтін, лайықты биігіне көтеретін тұлғаға айналады деп сенемін! Бірлік пен ынтымақтың, елдіктің, егемендіктің қадір-қасиетін жырлайтын талантты ақындар өсіп-өнеді деп сенемін! Баршаңызға осы додада ғана емес, өмір додасында жүйрік болуларыңызға тілектеспін! – деді Нұрлан Бикенов.

Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы поэтикалық дуэль игі дәстүрге айналып келе жатқанын айтты.

– Мағжан Жұмабаевтың «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады» деген ғажап өлеңі бар. Міне, осы поэтикалық дуэльге қатысушылар – Қарағандыдағы жаңа толқын. Кейінгі толқынның әлеуетін байқап, таланттыларына қолдау көрсету, олардың шығармашылық тұрғыда дамуына сеп болу – алдыңғы толқын ағалардың алдындағы бір міндет деп ойлаймын. Республика бойынша поэзияда Қарағандының әлеуеті жоғары деп бағаланады. Сол межеден төмендемеу керек деп есептеймін. Таланттар лег-легімен шығып, қазақ әдебиетіне олжа салса деп тілейміз! Бүгінгі поэткалық дуэльдің мақсаты – осы, – деді Жанат Жаңқашұлы.

Дуэльде төрт ақын қазылардың шешімімен ақтық сынға шықты. Нұрасыл Аманжол есімді жас ақынның образды өлеңдері қазыларды да, дуэльді тамашалауға келген оқырманды да жалт қаратып, I орын алды. Ералы Ғани II орыннан көрінді. Екеуі де – қарағандылық оқырмандарға енді танылып келе жатқан жас шайыр. Мақпал Көшербай мен Ақжігіт Сағынтайға III орын бұйырды. Дегенмен, қазылар алқасы биылғы поэтикалық дуэльдің жаңалығы осы Мақпал Көшербай мен Ақжігіт Сағынтай болғанын атап өтті.
Жүлдегерлерге қаржылай сыйлық пен кітаптар табысталды.

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button