Жаңалықтар

Ағын су ауыз суға араласса…

Су тасқыны кезеңіндегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай сала мамандарын алаңдатады. Мәселен, былтыр көктемгі су тасқыны кезінде Нұра және Бұқар жырау аудандарындағы жерасты су көздерін, сондай-ақ, Шет ауданының 5 елдімекеніндегі тұрғын үйлердің, жерасты ұңғымалар мен құдықтарды су басты. Мұндай қауіп биыл да бар.

Мамандардың айтуынша, су табиғаттың жылдам өзгеретін компоненті ретінде энтеровирустардың қозғалуына және олардың су жүйелері мен басқа да қоршаған орта объектілерінің ластануына ықпал ететін күшті факторлардың бірі ретінде қарастырылады.

Сондықтан, су жолымен берілетін жұқпалы аурулардың өршуін болдырмау мақсатында эпидемияға қарсы іс-шаралар қолға алынды. Нұра, Бұқар жырау және Шет аудандары елдімекендерінің су құбыры желілерін дезинфекциялау, жуу жұмыстары атқарылды. Санитариялық-­эпидемиологиялық қызметтің, әкімдіктің және басқа да мемлекеттік мүдделі органдардың жедел жүргізген санитария­лық-профилактикалық іс-шараларының арқасында санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалған жоқ.

Елдімекендер мен эпидемиологиялық объектілерді су басу қаупіне жол бермеу мақсатында қардан уақытылы және сапалы тазарту, жеке тұрғын үйлердің іргелес аумағын тиісінше күтіп ұстауды ұйымдастыру қажет. Жеке үй иелерінің орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздерін дұрыс ұстау, орналастыру және пайдалану үлкен маңызға ие. Арықтар мен су құбырларын қардан және басқа да қалдықтардан тазарту – елдімекеннің су басуын болдырмау үшін қажет амал.

– «Қарағанды облысының аумағында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіндегі санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың жедел жоспары» әзірленді, сондай-ақ, су тасқыны кезеңінде халыққа арналған жадынамалар таратылды. Бұдан басқа, сумен жабдықтау және су бұру желілеріндегі апаттылыққа, сондай-ақ, оларды уақытылы жоюға күн сайын мониторинг жүргізіледі. Су жолы арқылы берілетін жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында, санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде 1 наурыздан бастап, ауыз судың сапасына зертханалық бақылау күшейтілді. Судың сапасына микробиологиялық, санитариялық-химиялық, қажет болған жағдайда вирусологиялық көрсеткіштерге де талдау жүргізіледі, – деді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгерім Жылқыбаева.

Оның айтуынша, сумен жабдықтау объектілерінің санитариялық-гигиеналық нормалардың талаптарына сәйкес келмеуі инфекциялық және басқа да аурулардың туындауына әкелуі мүмкін. Одан бүкіл өңірдің эпидемиологиялық жағдайы нашарлайды.

Су тасқыны маусымына дайындық кезеңінде шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылған және орталықтандырылмаған жүйелерін пайдаланатын ұйымдар мен кәсіпорындар суды тазалау шараларына аса мән бергені жөн. Күшейтілген зертханалық бақылау, төтенше жағдайларға дайындықты қамтамасыз ету, сумен жабдықтау желілері істен шыққан жағдайда су тасымалдауды қамтамасыз ету, ауыз су гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеген жағдайда себебін анықтау, қалпына келтіру секілді жұмыстарды ұйымдастыруы тиіс.

Тұрғындарды сапалы және қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету тек бақылаушы органдар, пайдаланушы ұйымдар, зертханалық қызметтердің және су көздерін ұстауға жауапты субъектілердің жұмысына ғана емес, сонымен қатар, бүкіл халықтың, әсіресе, ауыл және қалалық жерлердегі жеке сектор тұратындардың тікелей қатысуына байланысты. Себебі, су тасқыны кезінде құдықтар, ұңғымалар, үй иелері, шаруашылық ғимараттар, фермалар, қоқыс төгетін орындар, аула дәретханалары су астында қалады. Нәтижесінде жіті ішек инфекцияларының қоздырғыштары суға түсуі мүмкін (іш сүзегі, паратиф, тырысқақ, дизентерия, сонымен қатар ротовирустар, астровирустар, норовирустар, А вирустық гепатиті). Патогендік микробтар бір ай ішінде және одан да көп уақыт бойы зарарсыздандырылмаған суда өмір сүріп, көбейе алады. Бактерия­лық және вирустық ластанудан басқа, улы элементтер, ауыр металл тұздары, мұнай өнімдері, минералды және органикалық тыңайтқыштар және басқасы суға түсуі мүмкін. Осыған байланысты жеке аулалары бар үй иелері де қарды уақытылы тазалап, суға дезинфекция жасап отырулары керек.

Кеміргіштер де тұрғындардың денсау­лығына қауіп төндіреді. Олар су басқан аумақтардан тұрғын үйлерге, сондай-ақ, азықтүлік саудасы, тамақ өнеркәсібі, денсаулық сақтау және басқа да объектілерге, ғимараттарға белсенді түрде қоныс аударады. Бұл адамның кеміргіштер арқылы таралатын жұқпалы және паразиттік ауруларды жұқтыру қаупін арттырады (иерсиниоз, сальмонеллез, лептоспироз, псевдотуберкулез, туляремия, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба және т.б.).

Маман су тасқыны кезеңінде тұрғындарға жұқпалы аурулардың пайда болуын болдырмау үшін ішуге және тамақ әзірлеу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалануға, бұл кезде табиғи көздерден және құдықтардан суды тұтынбауға кеңес береді. Тасқын басылғаннан кейін аумақты су әкелген қоқыстардан міндетті түрде тазарту қажет. Судың гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкестігі туралы зертханалық зерттеу нәтижелері алынғанға дейін су басқан құдықтар мен ұңғымалар суын пайдаланбаған дұрыс.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ашық дереккөзден алынды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button