Шет

Ақын есiмi – халық жадында

    Қазақ халқының көрнекті ақындарының бірі – Жәкен Байтуұлы 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Шаруатеңеу колхозында (қазіргі орталығы Талды ауылында) шаруа отбасында дүниеге келді. Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан. Ақын барлық шығармаларын төте жазумен жазып, көркем сөздің асылы – поэзияны бағалай білген. Өсе келе Абайдың қара сөздерінен тәлім алып, отты жылдардың тиегін танытқан.

Кемел ойдың, тапқыр сөздің иесі Жәкен ақын өз кезегінде ерекше шешендігімен, табан астында сөзді қиыстырып айтатын тапқырлығымен замандастарының құр­метіне бөленген жан. Ауыл ақсақалдары, өнер сүйер қауым ақынның есімін «Жәкен» деп атамаған, «ақын» деп құрметтеген, сыйлаған. Бұл шындап келгенде, халықтың дара туған перзентіне берген ең жоғары бағасы. 1932 жылғы қырғын аштық, 1937 жылғы зобалаңнан соғыс кезіндегі ауылдағы қиын жылдарда, соғыстан кейінгі жылдарда сол кездегі билік басында отырғандарды уытты тілімен, жерге қаратар сөздерімен, жыр жолдарын төгіп-төгіп жіберіп, өзін қолдаған желеп-жебеп отыратын халқының намысын қорғай білді.

Жәкен саналы ғұмырында қазақ поэзиясының алтын қазынасына қосылған мол әдеби мұрасын қалдырып үлгерді. Ақын өлеңдерінің ішіндегі шоқтығы биігі – «Наршөккен». Мына өлең жолынан таланттың өнер атты мұхиттың айдынында ерекше қалықтайтынын байқаймыз.

Сайыннан сылдыр салған

сансыз бұлақ,

Сынаптай сырғып аққан

төмен құлап.

Құлпырған көк жібектей

басын изеп,

Жайқалып жағасында

біткен құрақ.

Бауырында Наршөккеннің

«Сарыкөл» суы,

Қаңқылдап ұшып қонған

қаз бен қуы.

Суарып төрт түлікті сары көлден,

Наршөккен төрт колхозды

шебіне алып,

Өмірі сарқылмастай енші берген.

Мұнда Наршөккен тауының табиғи келбетін суреттеу арқылы ақын өз сезімінің асқақ көрінісін таныта алған. Ақын қазақ елінің ең көрікті тауларының бірі – Наршөккенді, табиғаттың сұлу көріністерін шалқыта суреттейді. Жалпы халық ақындарының мұраларында туған жер табиғатын бейнелейтін көркемдігі келісті әсем туындылар жиі кезігеді. Өйткені, ақынның ақындық қабілетін ұштайтын сол туған жердің табиғаты емес пе?! Ақын өзінің туған жеріне әдемі тілмен жан бітіре суреттейді.

Мен осы жерді 1995 жылы 49 жылға жалға алдым.

Кеңес дәуірі кезінде халық мұраларын дамытуға ерекше үлес қосқан халық ақындарының шығармашылықтарының барлығы бірдей жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Ақын әр уақытта халықтың арман тілегіне, мүддесіне назар аударып отырған. Осы тұрғыдан келгенде, кейбір өнерпаздарымыздың шығармалары коммунистік партияның идеясына қарама-қайшы келгендіктен жариялауға тыйым салынған. Әсіресе, оның көненің көзі мысал айтыстың жандануына үлес қоса отырып, шығарған туындылары сол кездегі елдің тыныс-тіршілігін астарлы тұрғыдан суреттеп берді. Жәкен суырып салмалық қасиетімен де ерекше көзге түскен. Азулы Мая­сар, Болман ақындармен айтысқан, үзең­­гілес болған. Отбасында екі қыз (Дәметер, Дәмеш), бір ұлы (Жақсылық) болды. Баласы Жақсылық Жәкенұлы әкесінің арабша жазылған мұрасын сақтап, КСРО Журналистер одағының мүшесі Есен Орынбековтің құрастыруымен 1991 жылы жеке жинақ ретінде бастырып шықты (Байтуов Ж. – Балқаш, 1991.110 бет). Жүз жылдық мерейтойын 1991 жылы 24 тамызда Талды ауылында республикалық деңгейде атап өттік. Сол кезде мен кәсіподақ комитетінің төрағасы болдым. 1991 жылдың 15 мамырда әкімшілік пен кәсіподақ комитетімен бірлескен үлкен отырысы болды. Комиссия төрағасы бірлестік директоры (Айтуған Әбеуов марқұм), кейіннен Канапин Магауин, орынбасары мен болдым. Ұйымдастыру комитетін басқардым. Осы отырыста ұйымдастыру комитетінің бағдарламасы бекіді. Әкімшілік пен кәсіподақ комитетінің бірлескен отырысында осы дүбірлі тойға қанша қаражат кететіні бекіді. Тамыз айында дүбірлі той өтті. Талды ауылында 18 киіз үй тігілді. Атшабар мен лотореяға жеңіл машина қойылды, ұлттық ойындар ойналды. Ұлы Жақсылық әкесінің қолжазбаларын әрі қарай зерттеп, үш кітабын жарыққа шығарды.

Талды ауылында тұңғыш қызы – Дәметер әкесінің өлеңдерін той-думанда жиі айтатын. Немере жиені – Бауыржан Рысбеков Талды орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, атасының көп еңбектерін зерттеп, аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жазып, өлеңдерін беріп жүр. Жәкен ақынның қарындасынан туған немересі Дидар Қамиев республикалық айтыстың бірнеше мәрте жеңімпазы. Інісі Майдың немересі Қасымхан Байтуков Қарағанды қаласында асаба, ақын.

Мен Жәкен ақынды 1956 жылдан бастап, яғни, бес жасымнан білемін. Жаңажұрттан атпен біздің үйге менің анам қарындасы Мәңкеге келіп, шай ішіп, атының артына бір қап сұлыны байлап маған «жүр, үйден қант пен кәмпит берем» дейді. Мен қара өгізге мініп алып, Жаңажұртқа барамын. Ақын жеткенше өлең айтып барады. Мен шешемнен сұрадым: «ана кісі Жаңажұртқа жеткенше өлең айтып барды» дедім. Ол кісі ақын Жәкен болады деді. Осы жылы біздің шешейлер егіннен кейін бидайдың масағын жинауға барды, біз де жинасуға барамыз. Бір күні атпен уәкіл келді, қаптарды тартып алды. Сонда Жәкен ақын уәкілге екі ауыз өлең шығарып, тебірене отырып былай дейді:

Егін шықпай, биыл жаз-елдің бәрі,

Шұбырып жүр, қиналып

жас пен кәрі.

Жетім-жесір, балалар аш

құрсақ қой,

Өзек жалғар мұндайда

бидай дәрі.

Адамзатқа табылмай ең керегі,

Жоқ нәрсеге қашанда жел жетеді…

Бір-екі масағымды ұрыспай берсең,

Уәкіл жолдас, ал сенің, нең кетеді?!

Жәкен ақын тіл өнерін жоғары бағалады. Ол өзінің саналы ғұмырында бірнеше дастан, жүздеген өлең-жырды кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Солардың біразын атап өтер болсақ: «Әлі қарттың қатарына келіңдер», «Келіңіз тойымызға», «Қырық жылда құлпырдық» т.б. Осы аталған өлеңдердің негізгі өзегі – қазақ елін береке-бірлікке, татулыққа, Отанын, жерін қадірлеуге тәрбиелеу болып табылады.

Сырқаты меңдеген Жәкен Байтуұлы 1962 жылы, шілде айының 20-сы күні 71 жасында Талды ауылының Жаңажұрт бөлімшесінде дүниеден қайтты.

Жәкен Байтуұлы өзінің сөз саптау ерекшелігімен дараланған, халық тілінің байлығын халыққа танытқан ақын. Талды мектебінде ақынға арналған мұражай ашылды, ауылдың бір көшесіне ақын есімі берілді. Жоғары лауазым иелері Жәкен ақынға мәдениет үйі, не болмаса орта мектептің атын берсе нұр үстіне нұр болар еді. Мектеп бағдарламасына ақынның өмір тарихы туралы еңбектерін кіргізіп, қазіргі жас буынға таныстырса дұрыс болар еді. Өшпес мұра қалдырған халық ақыны Жәкен Байтуұлының есімін ауыл жұртшылығы қастерлеп мақтан тұтады. От тілді, орақ ауызды ақын артына асыл қазынаға толы өлмес жырларын қалдырды.

Тілеуқор Мусин,

«Бақ» шаруа қожалығының

жетекшісі.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button