Бас тақырып

«Ақылды бағдаршам»: кептеліс кемиді

Биыл Қарағанды қаласында жол қозғалысының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар өзгерістер жоспарлануда. Атап айтқанда, қала билігі наурыз­да жаңа «Ақылды бағдаршамдар» жүйесін енгізуді аяқтап, қаланың негізгі және магистраль көшелеріндегі қозғалысты реттеп, кептеліс­терді азайтуды көздеп отыр.

Сурет 38rus.com

Жалпы, «Ақылды бағдаршамдар» жүйесі туралы қала басшысы Мейрам Қожухов биылғы жылғы қаңтар айында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа берген есебінде айтқан болатын. «Сіздің тапсыр­маңыз бойынша биыл Оңтүстік-Шығыс, Майқұдық және жол қозғалысы қауіпсіздігі жылы болады» деген ол қала көшелеріндегі кептелісті ақылды бағдаршамдар басқаратынын жеткізген болатын.

Қала басшысы 200 мыңнан астам көлік тіркелген облыс орталығында наурыз айына дейін бағдаршамдар толығымен ауысады деп уәде берді. Ол қарбалас уақытта көлік легі оңай реттеліп, жолға кететін уақытты азайтады.

Жүйеге бағдаршамдарды енгізу аяқталғанда, детекторлардан алынған көлік құралдарының легі туралы мәліметтер негізінде бағдаршам режимі құрылады.

– Наурыз айында «Ақылды бағдаршам» жүйесін іске қосуды толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда барлық қажетті жабдықтар келді. Қазір оны монтаждау және барлық бағдаршамдарды жасанды интеллектпен синхрондау жүріп жатыр, – деді Мейрам Қожухов.

Жалпы, «Ақылды бағдаршам» – бұл бағдаршам сигналдарын динамикалық басқару жүйесі. Сол арқылы көше-жол желісінің өткізу қабілеті жақсарады. Жол қозғалысы қауіпсіздігі артады. Басқаша айтқанда, бұл әдеттегі, қатаң белгіленген режимде жұмыс істейтін бағдаршам емес. Ол белгіні әр бағыттағы көлік құралының санына қарай ауыстырып отырады.

«Ақылды бағдаршам» жүйесі реттегіштен, қашықтағы қозғалыс сенсорларынан және бейнекамералардан тұрады. Олар нақты уақыт режимінде қиылыстардың жүктемесін бақылайды. Бұл ақпаратты орталық басқару серверіне жібереді. Ал, сервермен байланыс радио сигналдар арқылы немесе оптикалық байланыс желілері арқылы жүзеге асырылады.

Осы жүйе аясында 34 жаңа бағдаршам орнатылып, 4 нысан жөнделеді. Одан бөлек, жоспарда кеншілер астанасының орталық көшелерінде электр қуаты өшкен жағдайда жұмыс істей беретін бағдаршамдар үшін 40 үздіксіз қоректендіру көздерін орнату бар.

Одан бөлек, Қарағандыда жол қозғалысын тиімді ұйымдастыру үшін 140 мың шаршы метрлік жол белгілері салынады, 800 жол белгісі, 15 бағыт көрсеткіші және 10 сфералық айна орнатылады. Айна орнатылатын көшелер әкімшілік полициямен анықталады. Қаладағы қауіпсіздік үшін биыл 2 шақырым тосқауыл қоршауын орнату және жөндеу жоспарланған.

Қаржыландыру жүзеге асқан жағдайда, бірқатар көше қиылыстары кеңейтіледі. Мысалы, Сарыарқа – Орбита, Республика даңғылы – К.Дүйсембеков көшесі, Кеншілер даңғылы – Тәттімбет көшесі, Бұқар жырау даңғылы – Н.Әбдіров көшесі, Республика даңғылы – С.Мұқанов көшесі, сондай-ақ, Гоголь мен Гудермесская көшелерінің қиылысы.

Сондай-ақ, Саран шоссесі мен жетінші магистраль қиылысына айналма қозғалыс енгізу көзделуде. Алалыкин мен Костенко көшелерінде біржақты қозғалыс пайда болуы мүмкін.

Мұның бәрі негізгі көшелерде қозғалыстың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттырып, апат қаупін азайтып және көлік легін оңтайландыруға үлес қосады.

Дильяра АБИШЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
журналистика бөлімінің IV курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button