Ақтоғайдың пассионар тұлғалары
Ұлт руханиятында қай жағынан алғанда жоғарғы орында тұратын Тұлға аталатын ұғымға сай келетін Ақтоғайдың төл перзенттерінің ғұмыр жолы мен қалдырған баға жетпес мұрасы – шын мәнінде тек мақтап-мадақтауға ғана емес, зерттеп-зерделеуге тұрарлық мол қазына. Тұлға – ұлағаты терең және үлгі-өнегесі жойылмайтын ұғым. Ұлт тарихында есім-сойы өз дәуірімен бірге аталар, заманымен бір ұғым, бір құбылыс болып біте қайнасып кете беретін тарихи тұлғалар болатыны ақиқат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз» деген болатын. Осы айтылғандай, біз де алтын бесік Ақтоғайдың, Тоқырауынның қасиетті арнасынан шыққан қайталанбас біртуар тұлғаларымыздың бар болмыс-бітімін толықтай зерттеп-зерделей алмай келеміз.
Абайтану ілімінде Семейдің Шыңғыстауын «Ұлылар мекені» деп атайтын пікір қалыптасты. Оған негіз болып отырған Абай және оның ақын шәкірттері, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов секілді тұлғалардың шығуы екені анық. Ендеше біз де Ақтоғайдың қасиетті топырағы, Тоқырауынның киелі суы бар атамекенімізбен және ұлт тарихында төрден орын алған ұлы тұлғаларымызды құрмет тұтамыз. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда бұл орынды да.
Сыр бойының тумасы Досбол шешен ел аралап жүрген бір сапарында жолы біздің осы Сарым еліне түсіпті. «Сырт көз – сыншы» деген ғой, сонда елмен жата-жастана танысып-біліскен соң қайтарында біздің елге:
Тұяқтысын семіртіп,
Пұл қылатын жер екен,
Құл-құтанын сөйлетіп
Би қылатын жер екен,
Ағаштарын әсемдеп,
Үй қылатын жер екен.
Алпыстағы кемпірін,
Қыз қылатын жер екен, – деп баға беріпті.
«Елің, жерің жаман» деу былай тұрсын, «итің нашар екен» дегенге бола намыстанатын қазақ емеспіз бе? Қалай дегенмен де бұрындары да, қазір де Ақтоғайдың ел-жұрты, ұрпағы намыс тұтатындай кемдіктің болмағаны анық. «Кәрсөн» руының «Қозыбақ» атасының сөз біледі деген Иманбай атты бай да беделді бір адамы атақты Керней Құлжанбек болыстан:
– Бізде ел жақсысы кімдер болады? – деп сұрапты. Сонда Құлжанбек болыс еш ойланбастан:
– Ол – Сарым елі, – депті. Иманбек өркеуде, тентек мінезді адам болса керек, бұған бірден ашу шақырады да:
– Қалайша Сарымдар жақсы болмақшы? – деп келісе қоймапты. Сонда Құлжанбек болыс айтыпты:
– Оған үш бірдей айтарым бар. Біріншіден, Майқы баласы қоңсыны көп қондырады, іштеріне келген Тобықты, Табын, Қожа, Алшын, Керей баласын бөлектемеді, әрқайсысын тайпа ел қылып, өз билігін өзіне берді.
Екіншіден, біздің ел мына шөлден жайлауға Наршөккенге көшкенде жолда Талды мен Нұрада отырған Сарым елі жері үстіне барып қонамыз. Сонда «мұның қалай?» демейді, «қашан көшесің?» демейді, көшкен күні жылап айырылысамыз. Ал әрі «Қызылтау» барып қонғанда Қояншы-Тағай ағамыздың балалары қолына бір-бір сойыл алып, жылқыға күн туғызбайды, тез арада көшкенше малға маза бермейді.
Үшіншіден, Майқының артықшылығы «бізде де қожа бар, сізде де қожа бар, соларды біз не істедік? Біздер ұры еттік, сіздер жынды еттіңіздер. Ал Майқы баласы елін иманға ұйытып, баласын қожадан оқытып отыр» деген баға беріпті.
Міне сырт ел осылай бағалаған елімізден шыққан ұлы тұлғаларды тек санамалап қана тоқталайық.
1. Ұлт тағдыры үшін күрескен тұлғалар: Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Ақбайдың Жақыбы.
2. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен би-шешендер: Шабанбай би, Қараменде баба, Сана би, Күзембай би.
3. Ел қорғаны болған батырлар: Жидебай батыр, Жалаңтөс батыр, Ағыбай батыр, бүкіл Сарымды бастап Кенесары-Наурызбай көтерілісіне қосылған сұлтан Кұдайменде Ғазин мен Бабеке батыр.
4. Әдебиет пен өнер саңлақтары: Ә.Найманбаев, Н.Орманбетұлы, Шашубай ақын, Кенішбай ақын, Аққыз күйші, К.Байсейітова, М.Хамзин, М.Ержанов және бүгінгі Д.Әркеновке дейінгі тағы басқалар.
5. Қазақ баспасөзінің тұңғыш редакторы, публицист Д.Сұлтанғазин.
Енді бұларға ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерін қоссақ, ұзақ тізім жасауға болар еді. Оны бәрі біледі, сондықтан тоқталып жатпаймыз.
Міне, осындай ұлы тұлғалар шоғырының бір ғана Ақтоғай топырағынан шығып, ұлт тарихынан орын алу себебі неде? Ол – Пассионаризм! Пассионарлық латынша passio, французша рassion – құмарлық, құштарлық деген ұғымды білдіреді. Ғалым Л.Гумилевтің тұлғалар көп шығатын этностың пайда болу үдерісін түсіндіруде белгілі бір аймақта ғана аса дарынды да талантты тұлғалардың шығатынын дәлелдеу үшін енгізген ұғым, оның «Этногенез және Жер биосферасы» атты әлем мойындаған теориясындағы негізгі термин.
Л.Гумилевтің дәлелдеуі бойынша, аса қабілетті этнос өкілдерінің қалыптасуы ғалым В.Вернадский ашқан ғарыштан келетін күшті энергетикалық түрткі – биохимиялық энергияның нәтижесінде өтеді. Осы түрткі топқа, қауымдастыққа, жеке тұлғаларға артық энергия береді – ол пассионарлық деп аталады. Міне, осы энергиямен қамтылған ру қауымдастығы мен жеке тұлғалар ерекше қабілетті және белсенді болады, олар алдарына қойған мақсаттарына міндетті түрде жетуге ұмтылады. «Пассионарлар өзін тек белгілі бір мақсатқа жұмсайды, тіпті бар ғұмырын тек соған ғана арнауы мүмкін. Пассионарлар жаңғыру мен өзгерістерге жаны құштар адамдар», – деген Л.Гумилев пікірі біздің тұлғалар табиғатына сай келеді. Пассионарлық қауымдастықтар мен тұлғалар үшін мақсатқа жету өз өмірі мен тағдырынан анағұрлым маңызды және құнды. Оған мысалға үш Арысымызды айтсақ та жетеді. Бұл бір жағынан алғанда қазақи ұғымдағы ата-бабаның гендік тектілігін дәріптеуден туған «текті тұқым», «тегі жақсы», «қанына тартқан» деген секілді ұғымдармен астасып жатыр. Халық «жақсының арты жын болар», «жақсыдан жаман туар, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз» деген сияқты нақыл сөздерді босқа айтпаған да шығар. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан тектілік ұғымын биосфера мен ғарыштан келетін биохимиялық энергиямен байланыстыра зерделеу қажет.
Гумилев анықтамасына жүгінсек, пассионарлық – галактика, жұлдыздардың әсерімен, табиғат пен тарихтың қилы дүмпулерімен қайталанып тұратын заңды құбылыс. Пассионарлар бойларында тасыған күш-қуатты, жүректеріндегі жалын жігерді айнала төңірегін, келе-келе күллі қауым-жұртын өзгерту орайындағы мақсатты жұмысқа жұмсайды. Олай болса, пассионарларды қоғамдық қозғалыстың неғұрлым белсенді өкілдері, жаңашылдар, жасампаздар десек те жарасады. Міне, біздің топырақтың даналары мен таланттары осындай жандар.
В.Вернадскийдің биогеохимиялық идеяларына сүйене отырып, Л.Гумилев пассионарларды сыртқы ортадан өзінің жеке қорғанысына қажеттен тыс қуат алуға туа бітті қабілеті бар және осы қуатты қоршаған ортаны өзгерту жолында мақсатты жұмысқа айналдыратын елден ерекше адамдар ретінде қарастырады. Сонымен қатар пассионарлардың айналадағы адамдардың мінез-құлқы мен психикасына белсенді ықпал ететінін айтқан. Адамдық ұжымдар белсенділігінің өзгермелілігін этногенез фазалары бойынша зерттей отырып, жекелеген пассионарлардың белгілерін сипаттай келе, Л.Гумилев әр дәуірде мұндай тұлғалардың пайда болу жиілігі этникалық жүйенің жалпы белсенділігімен байланысты екендігіне тоқталады. Бұл ендеше жоғарыда айтылған Досбол би мен Құлжанбек болыстың сөзіне нақты дәлел.
Олай болса Қаздауысты Қазыбек би бабамыз қалың Қаракесекті Үш Қазылық – Қарқаралы-Кент-Қызыларайға әкеліп орналастырғанда, В.Вернадский жазып жобалаған, Л.Гумилев ғылыми дәлелдеген ғарыштан келетін биохимиялық энергияның ерекше әсері Ақтоғай топырағында тарихи аса дарынды да талантты пассионар тұлғалар шығаратынын данышпандықпен білген демеске амалымыз жоқ. Қараменде бабамыз Семейдегі қалың Тобықтыдан жырыла көшіп, Дадан Тобықтыны Тоқырауын арнасына орналастыруын кездейсоқ оқиға дей алмасақ керек. Ол да жеке пассионарлық тұлға ретінде өз ұрпақтарының ертең тарих сахнасына шығуына туған жеріміздің қадір-қасиеті, ғарыш әлемі мен биосфераның қуат күшін дәл болжай білгендігіне қайран қалмасқа болмас.
Әрі-беріден соң әлемде жоқ, ғалымдар таң қалатын Ақтоғайдың Ақбидайының бірнеше түрінің тек Тоқырауын арнасында өсуінің өзін осы ғарыштан келетін күшті биохимиялық энергия мен биосфераның әсері деп ойлауға негіз бар.
Қалай дегенмен де Ақбидай, Бесбас бидай, Қожабидай, Ақбикеш бидай тәрізді ерекше дақыл түрлерінің тек Тоқырауын арнасында өсуі – осы ғарыш әлемінен келетін биохимиялық энергияның, яғни пассионаризм теориясының ықпалы дер едік. Жаңа пассионарлық деген латынша құмарлық, құштарлық дедік қой. Сол жаңалық ашуға деген құштарлық қарапайым ғана агроном маман Омаш Байжасаровтың бір сабақтан бес масақ шығатын бидай түрін шығаруына туған жердің қасиетті топырағы мен суына ғарыш әлемінің төккен нұры себеп болған демеске болмас. Бұл турасында 2021 жылы шыққан «Абыз дала, Аңыз дала – Ақтоғай» атты кітабымызда толық бір тарау жазылған, қажет деп тапқан адам оқып таныса жатар.
Ғалым Т.Кәкішевтің «Жоқтамасаң, іздемесең, алтын да жарқырамайды» деген сөзі бар еді. Жоғарыда аталған пассионар тұлғалардың ортасында аз зерттеліп жүргендер сұлтан Құдайменде Ғазин мен Дінмұхаммед Сұлтанғазин. Не бір белгі, не аудан орталығында көше атауы да жоғы ұят. Сол сияқты үш Арысымыздай пассионарлық тұлға қатарына жатқызсақ, әрине, артықтау да болар. Бірақ бүкіл Қазақстан бойынша «жынды» атауымен тарихта қалған екі-ақ адам бар. Бірі – жаңаарқалық «жынды» Әбен, екіншісі – біздің «жынды» Ысқақ. Замана алға тартқан құлдық қамытқа басын имей, ноқтаға басы сыймай, жүз жасқа тарта ғұмыр кешу не құдірет, не құбылыс!? Екі адамның бірі кеңестік идеологияға деген ішкі қарсылығын ащы сатира, мысқыл сөз арқылы жеткізген жоқ қой. Егер ол жынды болса, басы академик Ә.Марғұланнан бастап, талай марқасқалар неге келіп сәлем беріп, ел-жер тарихын сұрауға келгені бізді де ойлантуы керек.
Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз ғой. Ендеше Ақтоғайдың да тек бүгіні ғана емес, өткен тарихы да жаңаша жазылу керек. Ағылшындарда «жалған ақша жасаушылар сияқты, жалған тарих жазушылар да өлім жазасына кесілу керек» деген сөзі бар. Ауданымыздың құрылғанына 100 жыл толу мерейтойы да жақын қалды. Соған «азған ұрпақ атасымен мақтанады» дегізбейтін, тайпалық, рулық сананы дәріптемейтін, ұлттық тұрғыдан ұлағатты, ғылыми тұрғыдан терең, тарихи тұрғыдан әділ энциклопедия шығару жұмысын осы бастан қолға алған дұрыс болар еді.
Жандос СМАҒҰЛОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті.