Руханият

Ақтоғайда Ұлттық қорық ашылса…

«Ақтоғай теміржол тартылмай, өркениет көшінен кенде қалған» дегенді ел жиі айтады. Теміржол былай тұрсын, тас жолдың жағдайы әупірімдеп биыл қолға алынды. Туристер ат басын тіреп, қызықтағысы келеді. Алайда, небәрі 506 гектар жері ерекше қорғалған аймақ қатарында.

Сурет: wikiway.com сайтынан

Туристер қызықтағысы келеді

Мәселе тек тас жолмен бітсе жақсы, келіп-кеткендер табиғатты қоса ластауда. Қалай болса, солай жүріп өтіп, тастағы таңба бетіне түрлі бояулармен сурет салатындар бар. Ал ақсақалдар сақ, қола дәуірінен қалған тастағы таңбалар, тарихи жәдігерлерді сақтап қалғысы келеді. Архивте шаң басып жатқан «Қызыл­арай-Беғазы» тарихи-мәдени қорығының дайын жобасы 2005 жылдан бері қорғаушысы мен қолдаушысын күтуде.

Сарыарқаның сайын даласындағы биік нүкте – Қызыларай тауында Ақсораң (биіктігі – 1565 метр) және Қарасораң шыңы (1345 метр) бар. Әлкей Марғұлан ашқан Беғазы-Дәндібай мәдениеті мен ежелгі сақ, андронов мәдениеті, түркі дәуіріндегі көне таңбаларға бай петроглиф­тер әлі күнге тастарда таңбаланып тұр.

– Беғазы қорымындағы металл сынықтарының түрі Еуропа жерлерінен табылған қоладан жасалған бұйымдардың металымен сәйкес болып шыққан. Белгілі ғалым Сағындық Жауымбаев Германиядан келген археологтармен бірлесіп, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне ортақ озық үлгі тапқан, – дейді өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.

Сондай-ақ, Қызыларай сілемдерінде неолит дәуірінің таңбалары бар жақпар тастары көп Әулиетау тұр. Тарихшылар ежелгі адамдардың суреттерді биік тақта тастарға жосаны итмұрынға езу арқылы таңбалағанын анықтаған. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Ақбауыр жерінде кездескен таңбалар неолит дәуіріндегі зерттеуін күтіп жатқан көне тарих.

– Неолит дәуіріне тиісті таңбалар еліміздің екі жерінде бар. Оны сақтауымыз керек. Біле тұра, таңбалы суреттерді аяусыз шимайлау – ұят. Болашақ ұрпаққа бүлдірмей табыстау – борышымыз десек, тұрғындардың маңызды мекенге немқұрайлы қарайтыны өкінішті. Егер бұл мемлекеттік деңгейде қорғауға алынса, тыйым салынса, қолда бар жәдігерді сақтап қалар едік, – дейді ақтоғайлық Жеңіс ақсақал.

Аудан бойынша туристер жиі қызықтайтын Әулиетау, Желтау, Жалпаққайың, Бірлестік, Калинин, Шаңырақтас, Дастар, Кенелі, Қызылтас, Бақырбай, Көрпетай, Бектауата, Беғазы таулары ерекше сұранысқа ие. Десек те, Бектау­атадан адам қолымен шимайланған жазуларды жиі кездестіруге болады.

– Әулиетауда қолмен шимайланған жазулар бар. Оларды жазда Қызыларай, Шабанбай би ауылының мұғалімдері мен оқушылары өз еріктерімен өшіріп, жуып кеткен. Жалпы, Әулиетау аймағына рұқсатсыз кіруге тыйым салынған. Бірақ, заңсыз кіретіндер бар. Егер мемлекеттік қорғалған тарихи-мәдени қорыққа айналса, заңдық күші басым болар еді, – дейді «Қызыларай» орманшылығының басшысы Қайрат Шайарыстанов.

Тарихи-мәдени жәдігерлер ретінде сақталған сыртқары 10-15 шақты кішілі-үлкен таулардың ішінде Егіз Қойтас тауынан екі жаққа аққан тау суынан Қарағандыға қарай Шерубай-Нұра өзені қалыптасқан. Ал, Балқашқа Тоқырауын өзені құяды. Бірінде шортан балығы жүзсе, Тоқырауында Қызыл кітапқа енген Іле қарабалығы (маринка) бар. Баяғы терең қарасулар, ақ балығы мен алабұғасы бар Тоқырауынның суы да жыл сайын азайып, көзден ғайып болуда.

«Қызыл кітап» кейіпкерлерін қорғайық

Ақтоғайдағы 66 635 гектар жер орман шаруашылығы аудандық мекеменің қорғауында. Орман көмкерген 41 132 гектар жерде қайың, терек, қарағай, тал тұқымдас ағаштармен қатар долана, қарақат, мойыл, итмұрын, құймақ, қараған, тобылғы, шенгел сияқты бұта тектес ағаштар өседі. Алайда, емдік қасиетін елемеген басқа өңір адамдары күзеу мен көктеуге шауып әкетуге құмар.

– Қызыларайда көктерек, қайың, қарағайдың генетикалық қоры бар. Бір жылдары Германиядан туристер келіп, қарағайға қызықты. Қарағайды шаруашылыққа кесіп алғысы келетіндер жиі кездеседі. Ауызша ескерту жасаймыз, – дейді Қайрат Бижігітұлы.

Экология департаментінің мәліметінше, Ақтоғайдың Қызыларай, Шабанбай би аумағындағы ормандарда Қызыл кітап­қа енген үкі (филин) кездеседі. Қазіргі олардың жалпы саны – 28-30. Оған қоса бұл аумақтарда 55-60 бас арқар жүр.

Қызыларай тауларында сондай-ақ, қорғауға алынған 3-4 жұп бүркіт кездеседі. Орман қоры жерлерінде екі-үш үйір қабан, 15-20 бас елік, 3-4 жұп бұландар бар. Таулы аймаққа саяхат жасағандар бөдене, сарыала қаздар да қылаң беретінін айтады.

 

Қорық жобасы әзір, тек әрекет керек

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қазіргі таңда туристерді қадағалайтын орманшылар саны жетіспейді. Сондықтан, бір орманшы 60-70 шақырымға дейінгі аралықты бақылауға мәжбүр. Ал, орманшылар «кемінде екі күн кететін шақырымдарды артқа тастап, барлық жерді бақылап өту мүмкін емес» екенін алға тартады.

Тұңғышбай ақсақалдың айтуынша, 2004 жылдары жасалған «Қызыларай – Беғазы» тарихи-мәдени қорығының жобасы дайын тұр. Жоба 2008 жылы қарауға қайта ұсынылғанымен, қолдау таппаған. Облыстың туристік базасын нығайту жоспарланған құжатта тас жолды жөндеу арқылы Қарқаралы – Қызыларай – Бектау­ата кереметтерін паш ету нұсқасы бар.

Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Базыловтың айтуынша, аудан тарапынан Мәдениет және ақпарат министрлігіне «Ақтоғайға ұлттық қорық қажеттігі» жайлы хат жолданған…

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button