Білім

Қаңтардағы ҰБТ басталды

10 ақпанға дейін жалғасатын тестілеуге қатысуға 136 мың адам өтініш берді.

Сурет: ашық дереккөз

Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді. Талапкерлердің 18%-ы – «Биология-Химия», 17%-ы – «Математика-Физика», 12%-ы – «Математика-Информатика» пәндерін таңдады. Сондай-ақ, олар өтініш беру барысында тестілеу күні, уақыты және орнын өздері белгіледі.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалды. Үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болды. Атап өтсек, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз. Жалпы сұрақ саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» – 20 тапсыр­ма, «Оқу сауаттылығынан» – 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» – 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша – 40 тапсырма. Жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Тест тапсырушыларға тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беруге мүмкіндік бар. Сертификат апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді.

Айта кеткен жөн, қаңтардағы ҰБТ-ға ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер қатысуда. Сондай-ақ, мектеп бітіретін түлектерге де жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін тестілеуге қатысуға мүмкіндік берілді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button