Қаңтар айындағы ҰБТ басталды

Бүгін қаңтар айындағы ҰБТ басталды, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі сайтына сілтеме жасап. Ол 10 ақпанға дейін өткізіледі. Тестілеуге қатысуға 125 мыңға жуық өтініш түсті. Өтініштерді қабылдау ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 20 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін жүргізілді.

Қаңтардағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін БББТ-дан басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген ЖОО білім алушылары, ️ ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниет білдірушілер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО ақылы негізде оқуға қабылданғысы келетін мектеп түлектері қатысады.

Тіркелу кезінде тест тапсырушылар емтихан орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды. Айта кету керек, 2023 жылғы ҰБТ-да тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Қазақстан тарихы бойынша тестілеуге қатысушылар 20 тапсырманы, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды.   Барлығы – 120 сұрақ. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады.

Сонымен қатар дистракторлар саны азайды (жауап нұсқалары). Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны бестен төртке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) сегізден алтыға дейін азайтылды.

Қаңтардағы ҰБТ-дан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.

– Бүгін 2023 жылғы алғашқы ҰБТ басталды. Біз тестілеу кезінде ғана емес, оған дайындық барысында да жағдай жасауды жалғастырамыз. Мысалы, 11 білім беру орталығы талапкерлерге тегін онлайн сабақтар өткізеді. Оқу жылының басында ҰТО сайтында «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» бойынша 100 дата, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдебиеттер тізімі, «Информатикадан» терминдер тізімі орналастырылды. Сондай-ақ ҰБТ сұрақтары мен тест жоспары құрастырылған оқулықтардың тізімі жарияланды. Яғни талапкерлерде тестілеуді сәтті тапсыру үшін барлық мүмкіндік бар», – деп атап өтті ҚР ҒБЖМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Тестілеу кезінде калькулятор, Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері барлық талапкер үшін компьютер экрандарында қолжетімді болады. Сондай-ақ ҰБТ қатысушыларына өздерімен қалам, су және шоколад алып келуге рұқсат етіледі.