Тұлға

Ақтаңкер әнші

«Көмекей көк қапысын әнмен ашқан» ұлы Әміре! Қазақ даласын әнмен суарып, құрлық асып, Парижді аузына қаратқан атақты Әміре қашқылықты-қуғылықты жүргенде, ән иісті алтын зерлі түймесі Арқа даласына түсіп қалған деседі. Неше жылдан бері топыраққа сіңіп кеткен сол кие Қарқаралыдан қайта шыққандай көрінеді маған. Алаштағы айтулы әншілердің бірегейі Сержан МҰСАЙЫН даусын естігенде. 

Сержан Мұсайындай сирек әншіні халыққа тәптіштеп таныстырып жатудың өзі артық. Мәдениет және өнер саласындағы жоғары жетістіктері үшін Президент сыйлығын алғаны кеше ғана. Республикалық, халықаралық әншілер байқауларының бірнеше дүркін жеңімпаз жүлдегері, тағы басқа атақтары жетеді. Оның бәрін тізе бермеймін?! Әншінің атын даусы шығармай ма? Әншінің атағынан бұрын даусы жүреді бірінші. Осы тұрғыдан алғанда, біздің кейіпкер – іздеп жүріп тыңдайтын әнші. Екінің бірі емес, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ іздеп тауып тыңдайтын әншілердің алды. Бірақ, ән мен әншінің нақысы емес, заманның қапысы кері тартып тұрғанда, осылай бір таныстырып өтуге мәжбүрміз.

Қарағандыға келгелі жеті-сегіз жылда мен Сержан ағаның даусын таспадан тыңдағаннан бөлек, кемі екі-үш айда бір рет сахнадан көріп, құлақ тосамын. Содан бері көзім бір нәрсеге анық жетіп келеді. Ақ сүйек өнер деген бар. Адамзат ұлт, ұлысқа бөлініп, мемлекет құрып, ондағылар әлеуметтік жікке бөлінгелі олардың өнерге деген талғамы да әр түрлі. Мәселен, оркестрдің сүйемелдеуіндегі опера әншілерінің концертіне екінің бірі бара бермейді. Онда Моцарттың әндері шырқалып, Шопеннің композициялары орындалады. Кең сарайдың ішінде тек Еуропаның зиялылары мен оқымыстылары шаниып отырады. Көшедегі көрінген кіре алмайды мұнда. Ақшасының жетпегендігінен емес, ақылының, өресінің тарлығынан, талғамының төмендігінен қабылдай алмайды әлгі өнерді. Тіпті, тегін өтіп жатса да, кірмейді ол концертке. Бұл қай елде болмасын ертеден солай. Қазақтың классикалық ән өнері (дәстүрлі емес!) мен күйлері де тап солай. Қазір Ақанның, Біржанның әндерін орындап жүрген айтулы әншілер концерт берсінші, халық көп жинала қоймайды. Өнерді жан-тәнімен түсінетін бірен-саран есті тыңдарман барады. Ал, эстрадалық жанрда жүрген бір-екі жеңілтек орындаушы келсе, халық топырлап, залға сыймай кетеді. Сондықтан, бізге «қазақтың ұлттық әндері мен күйлеріне насихат аз, соған байланысты тыңдармандарда сирек, елдің бәрі эстрадалық жанрды тыңдайды» деп кеюдің қажеті жоқ. Сержандар ұстап жүрген қазақтың ұлттық ән өнері – жоғарыда біз айтқандай ақ сүйек өнер. Оны  екінің бірі, егіздің сыңары орындамақ былай тұрсын, әрі-беріден соң, таным-түйсігі жетіп тыңдай да алмайды. Үлкен жүректі, үлкен көзқарасты зиялылар ғана тыңдап, тұшынады. Осыны айтқызуға түрткі боп отырған Сержан ағам сүйегіне кие сіңген ақ сүйек өнердің бекзадасы! Даусы жерден көкке шаншылғандай – биік, үні – шыңылтыр, тынысы – кең ақсүйек әнші. Жоғарыда Қарағандыға келгелі ұққаным деп емеурін еткенім – осы жай.

Арқадағы Әсет, Ғазиз, Естайлардың бәрі – әрі әнші, әрі ақын, әрі сазгер болған. Әншіліктің жүгі ауыр еді ол кезде. Қазір қайдағы жоқ орындаушылардың бәрі әнші аталып кетті де, ұшан теңіз ұғымның бастапқы мағынасын құлдыратып жіберді. Екінің бірі әнші аталып жүрген мына заманда Сержан Мұсайынды жай ғана әнші дегеннен гөрі, «ақ сүйек әнші» деп ерекшелеп, бөліп-жарғанымыз орынды болар.

Бір ақиқат – ақ сүйек өнердің өкілдері өз өмірін даусымен жазып кетеді. Бұл үрдіс қазақ топырағында Әміреден басталған. Ендеше, бүгінгінің Әмірелерін аялайық!

Жәнібек ӘЛИМАН

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button