Тұлға

Ақсу алқабының Кермаралы…

Өмірдерек

Нұржібек Жансүгірова – 1956 жылы Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданы, Матай станциясында дүниеге келген. 1974 жылы Матай станциясындағы онжылдық мектепті бітірген соң, Алматыдағы өнер студиясына түсіп аяқтаған соң, 1976 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында абыройлы еңбек етіп келеді. 1989 жылы Е.Бөкетов атындағы Қа­ра­ғанды мем­лекеттік университетінің филология факуль­те­тін сырттай бітірген.

«Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Қа­зақ­станның мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері. Қара­ғанды облысы әкімі сыйлығының лауреаты.

Өнер жолы өте ауыр. Алынбайтын асулары, бағынбайтын биік шыңдары, бой бермейтін тік құздары жетерлік. Тек табандылықпен бел шешіп кіріскен қайтпас талант иесі ғана өнер биігінен көріне алады. Көп таланттардың арасынан өзінің өрелігімен оза шығып, актерлік мамандықтың қыр сырын терең меңгерген өнер иесі, республикаға кең танымал артистердің бірі, театрымыздың мақтанышы – Нұржібек Жансүгірова.

40 жылдық шығармашылық еңбегінде 100-ден астам қыздар мен арулардың, келіншектер мен аналардың сан алуан образдарын сомдап, кейіпкердің ішкі-жан дүниесінің толғанысын, нәзік сезімін, сөйлеу мәнеріне дейін құбылтып өзіне ғана тән шеберлікпен образдар галереясын молайта түсті. Жастық албырттыққа тән шабытпен Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясындағы ақылды да салмақты, қалжың қой Сая, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасындағы заманның билігіне көнбей, махаббат үшін арпалысқан Бәтес, О.Бөкейдің «Құлыным менің» драмасындағы қаланың молшылық тәрбиесінен, арзан ойлы замандастарының тірлігінен шаршап, ұлттық тәрбиені аңсаған өр мінезді Анар көрермендердің көңіліне жылылық ұялат­қан кейіпкерлер. Ал, Аналар образы Нұржібектің сомдауында тым әсерлі. Елбасына күн туған шақта жан жылуымен айналасына шуақ шашқан Толғанай (Ш.Айматов Ана «Жер Ана»), биязы да намысқой Сейде (Ш.Айматов «Бетпе-бет»), өмір қи­ындығымен арпалысып жүрген жанкешті ана Дәметкен (Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағаш»), билігін қолдан бермейтін бірбеткей де ызғарлы Марау (Ш.Мұртаза «Домалақ ана»), образдары монолиттей дәлдікпен берік сомдалған актерлік шеберліктің биік эталоны болып театр тарихында жазылып қалды. 2006 жылы Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай өткізілген ХIV Рес­публикалық театрлар фестивалінде режиссер Ә.Оразбеков қойған «Ана жер ана» спектаклі үлкен қошеметке, жоғары бағаға ие болды. Қазылар алқасы, әсіресе, Толғанай ролінде ойнаған Нұржібектің талантын ерекше ризашылықпен атап өтті. Москвалық театр сыншысы, профессор О.И. Королева: «В.Мартинском поле» Ч.Айтматова героиню Толғанай великолепно сыграла замечательная актриса Нұржібек Жансүгірова. Она целомудренна и деликатна»-деп бағалауы Жансүгірова талантының кемелденіп, ше­берлігінің шыңдалғандығын, өскендігін дәлелдейді. Шындығында да бүгінгі шақта көпшілікпен сахнаға шыға келгенде, киімі қонымды, етжеңді дене бітімі мен еңселі бойы, алаулаған көз жанары ерекшеленіп, көш бастаған Кермаралдай бірден көзге түседі. Анық дикциясы, кербездене жасаған жарасымды іс-әрекеті, буырқанған ішкі толғаныстары көрермендерді бірден баулап алады. Бір ерекшелігі жады өте мықты. Өзінің ғана емес, спектакльде ойнайтын кейіпкерлердің де сөзін жаттап алады. Әріп­тестеріне сахнада ойнап жүргенде қатты көмектеседі. Кейде спектакльдің жүруі шабандап, сылбыр ойнала бастаса әріптестеріне күш қайрат беріп, ойындарына жігер қуат қосып, қиын жағыдайдан алып шығады.

Бүгінгі таңда театр репертуарында бе­рік орын алған көптеген спектакльдердің мәртебесін көтеріп, үлкен абыройға жеткізіп тұрған Нұржібек Жансүгірованың «күндей күркіреп, жасындай жарқыраған» талантты екені сөзсіз. Қандай спектакль, қай образ болмасын жан тәнімен ізденіп қызмет етеді. Тынымсыз еңбектің арқасында тәжірибе жинақтай жүріп, сан алуан кейіпкерлерді сомдап, театр абыройын көтеріп тастады. Сан алуан кейіпкерлердің мінез-құлқын саралап, сыншылардан жоғары баға алған образдары: А.Чехов «Шағала» – Аркадина, А.Галин «Қайран жас дәурен» – Диана Владимировна, М.Әуезов «Қарагөз» – Мөржан, М.Байджиев «Ғашықтың тілі» – Болдухан, А.Задорный «Күйеуіңізді сатыңызшы» –Елена Владимировна, Д.Исабеков «Өкпек жолаушы» – Зейнеп, еркетай да әмірлі Клементина (Г.Горн «Атың шықпаса…»), махаббаты үшін қаныпезерліктің отына күйген Медеялар (Е.Разумовская «Медея») шын мәнінде Нұржібекке ғана тән шеберліктің шыңы.

Талай театрлардың өнерін көрген көз­дері қарақты Ресей мен Татарстанның театр сыншылары М.Әуезовтің «Қара­гөз» трагедиясын көріп, бүгінгі күн сұ­ра­­­­нысына сәйкес жаңа шешіммен /экс­перимент/ қойылған спектакліндегі ұлт­тық колоритті сақтай отыра, актерлар ше­­бер­лігінің тамаша ойындарына шын ри­за­шылығын білдірді. Әсіресе, Мөржан ролін сомдаған Н.Жансүгірованың талантын жоғары бағалап, орыстың әйгілі артисі В.Пашеннаяның орыс бояриналарын ойнаған бейнелеріндей қаһарлы, салмақты, тегеурінді екендігіне ерекше мән беріп, мадақтарын шашудай шашты. Шындығында да халықаралық фестивальдерде бір актердің айтулы табысы театрдың ғана емес, ұлттық сахна өнерінің табысы екенін мойындағаны жөн. Жансүгірова Мөржан ролі арқылы бүгінгі таңдағы қазақ актерларының биік деңгейін шетелдік фестивальдерде мойындатқан Қарағанды сахнасының бірегей талант иесі. Қарағанды сахнасында жасындай жарқыраған дарынды апалары Ж.Шашкина, Қ.Әлімбаева, Ә.Абылева, Р.Омарханова, Қ.Жетімтаева сынды бүгінгі таңда артындағы ізбасар сің­лілері талантты артистер Д.Заитова, М.Матамова, Б.Жағыпарова ұрпақ­тар сабақтастығын жалғастырушы дә­не­кер сынды. Апаларынан үйренген таланттың жұмбақ-сыр­ларын сіңлілеріне үйретіп, Қарағанды сахнасының өзіне тән өрнегін бұзбай, өрбітіп жалғастыруға ат салысып жүрген өнер иесі. Жастарға үйретері мол. Әсіресе, айтулы бабаларының әді­леттік үшін арына жанын құрбан еткен Ілияс Жансүгіровтің ұрпағы екенін малданбай, керісінше ата жолынан адаспай, намыс алауын алаулатып жүрген қайсар жан. Сахнада да, өмірде де ұстанымы: турашыл, әділетті, қарапайым.

Ұжымына сыйлы Нұржібектің қазір кемелденген шағы. Жүрегімен көрер­мен­дерді баурап алған, жылу шашып тұрған өмірін өнерімен өрбітіп жүрген талант иесі – Нұржібек Жансүгірованың алар асуы әлі де алда.

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button