Аңшылықтың әліппесі
Елімізде қыркүйек айынан аң аулау маусымы ашылды. Жаз бойы бұл сәтті асыға күткен аңшылар қауымы оқ-дәрісін сайлап, маусымды олжалы бастап кетті. Десек те, қаруға һәм аңшылық етуге рұқсатнамасы бар жеке тұлғалармен қатар, қарапайым ауыл тұрғындары да заңсыз қарумен аңға шығатыны жасырын емес. Жыл басынан бері республика көлемінде 40-қа жуық броконьерлік дерек тіркелген. Жануарларды заңсыз аулау деректері былтырмен салыстырғанда биыл айтарлықтай төмендеді. Мәселен, былтыр 1571 мүйіз бен 513 киік еті тәркіленсе, биыл 530 мүйіз бен 650 ақбөкен еті әшкереленіпті. Өткен жылдың аяғы мен биылғы жылдың басынан бері мемлекеттік инспекторлар табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 3748 фактіні анықтаған. Олардың ішіндегі үш мыңнан астамы әкімшілік, ал 12 адам броконьерлік қылмыспен жазаға тартылған. Мұның бәрі заңсыз қаруланып, қызыл кітапқа енген аңды аулағанның әсері. Алайда, аңшылықтың да өз ережесі мен талаптары бар. Осы туралы азын-аулақ білмекке һәм білдірмекке Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы коммуналдық мекемесінің директоры Мақсат Мұқановты әңгімеге тартқан едік.
– Аң аулау маусымы ашылғаннан бері біршама уақыт өтті. Жалпы біздің өңірде заңды түрде тіркелген қанша аңшы барын білуге бола ма? Қанша аңшының аң аулауға рұқсаты бар?
– Қарағанды облысы бойынша 14820 аңшы тіркелген. Бірақ аңшы болып тіркелу – аң аулай беруге рұқсат дегенді білдірмейді. Әр аңшы аң аулау алқаптарының иелерінен (орманшыдан) рұқсат алуы қажет. Ол рұқсатнаманы алу үшін аңшылар өзінің қаруы жайлы және оның техникасын меңгергендігі туралы деректі көрсетуі керек. Сонымен қатар, оларға атуға рұқсат аңдар тізімі жазылған құжат беріледі. Ол құжатта аңшылар қанша аң ататындығын анықтап, соған байланысты ақша төлейді. Сол құжатқа сай аңшылық етеді. Жылына қанша аңшының аң аулауға рұқсаты бары осы құжатқа сай анықталады. Алынған арнайы рұқсатнама тек сол белгіленген алқап көлемінде ғана заңды. Ал, ол аңшы дәл сол құжатпен басқа алқапта аңшылық етсе, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
– Аңшылық маусым туралы толығырақ тоқталсаңыз. Аңшылық маусымы неше кезеңге бөлінеді?
– Аңшылық маусым негізі, көктемгі, күзгі маусым болып, екіге бөлінеді.
Тарқатып айтсақ, көктемгі аңшылық 15 күннен тұрады. Ақпан айының аяғынан бастап наурыз айына дейін. Бұл кезең әр мезгілде құстың келуіне және ауа райына сай белгіленеді. Дәл осы уақытта жабайы құсты, оның ішінде кебісбас, жасылбас, шүрегей, қасқалдақ секілді үйректерді аулауға болады. Онда да тек аталықтарын ғана атуға рұқсат. Ал, күзгі аңшылық қыркүйек айының алғашқы күнінен басталады. Салқын түсісімен жабайы құстар семіре бастайды. Мысалы, құр, шіл, бұлдырық, қаз, үйрек сынды құстарды аулауға осы кезең өте қолайлы. Сондай-ақ, қыркүйектен желтоқсанның 31-не дейін жабайы қабан, қоян, қарсақ, түлкіге аңшылық етуге болады.
– Күні кеше басталған Қарағанды облысы бойынша күзгі аңшылық маусымында аң-құстың қай түрін атуға рұқсат етіледі?
– Биыл 2 қыркүйектен облыс бойынша аңшылық маусымы ашылды. Ол қараша айының аяғына дейін жалғасады. Бұл кезеңде жоғарыда айтқандай қаз, үйрек, құр, шіл, бұлдырық сынды жабайы құстарды атуға рұқсат етіледі. Ал, жалпылама аңға қыркүйектен басталған науқан ақпанға дейін жалғасады. Тағы да баса назарға ұсына айтарым – аң атуға рұқсат міндетті түрде болуы шарт. Болмаған жағдайда құзырлы орындар шара қолдануға міндетті.
– Аңшыларға қандай мылтық пайдалануға болады және аңшы мылтығын алу үшін нендей міндетті шарттар бар?
– Аңшы мылтығының екі түрі бар. Олар – иір ойықты мылтық және тегіс ұңғылы мылтық. Тегіс ұңғылы мылтықпен рұқсат етілген аңның кез келген түрін атасыз. Атап айтсақ, жабайы құстар мен қоян, қарсақ, түлкі. Ал, иір ойықты мылтықпен құс атпайды. Өйткені, иір ойықты мылтықтың күшін құс көтере алмайды. Онымен атқан құсты, тіпті, таппай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан, көбіне иір ойықты мылтықтармен қабан, елік, қасқыр сынды ірі жануарларды атады. Аңшы мылтығын алу үшін аңшыға алдымен мылтық ұстауға қабілетті деген дәрігерден анықтама керек. Сондай-ақ, жүйке аурулары диспансерінен және наркология маманынан анықтама қағазын алуы керек. Осы үш құжатпен лицензия беріледі. Одан кейін тұрғылықты мекен-жайдағы ішкі істер органына eGov.kz арқылы жаңағы үш қағазды өткізеді. Құзырлы орын берген 15 күндік уақыт аралығында қаруға рұқсат береді. Әр аңшының құжатымен төрт дана мылтық ұстауына болады. Көбінде аңшыларда жиі кездесетіні ол тегіс ұңғылы мылтықтар. Ал, иір ойықты мылтықты алу үшін аңшының 3 жылдан артық аңшылық тәжірибесі болуы міндетті. Мылтықтарды тұрғын үйде ұстау үшін үйде арнайы мылтық қоятын сигналды сейф болуы шарт. Үйде сақтамаймын деген жандарға үлкен қалаларда арнайы мылтық сақтау орындары қарастырылған. Мылтықты рұқсат қағазы мен өзіңізге тиесілі екенін растайтын құжат арқылы сол орынға ақшасын төлеп, сақтай аласыз.
– Әр маусымда қандай аңдар ауланады? Олардың терісін өткізетін арнайы орындар бар ма?
– Күзде аңшылар жабайы құстарды аулайды. Оның ішінде, су құстары – қаз, үйрек, шіл бар. Көктемде тек аталықтарына ғана рұқсат етіледі. Біздің аймақта қоян, қарсақ, түлкі, елік, қабан, қасқыр, жабайы құстар сынды аңдарды атуға рұқсат бар. Терілерін өткізетін арнайы орындар қазір жоқ. Бұл, негізі түпкілікті зерттеп, бір шара қолданатын ауқымды сұрақ. Бүгінгі таңда әр аңшы аулаған аңының терісін өзі пайдалана алады. Десек те, аңшының олжасы басы бүтін өзіне тиесілі болған да жөн секілді. Аң терісін өткізер арнайы орын сұраған аңшылар болған. Ал, егер сол аңшылар арасынан немесе басқа бір адам келіп, аң терісін қабылдайтын орын ашамын десе, біз міндетті түрде қолдау білдіруге дайынбыз.
– Арқадағы аңдардың популяциясы туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінгі таңда Үкімет орман мен жабайы жануарларды қорғау инспекциясына қаражат бөліп, жалақыларын арттыру жұмыстарын жүргізгелі бері жабайы аңды жаппай қыру тоқтады. Осыған орай жабайы аң популяциясы арта бастады. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түріне жататын арқар Қазақстанда соңғы екі жылда 584 басқа көбейді. Мәселен, 2020 жылғы санақ бойынша 18 279 арқар кездессе, 2021 жылы 18 863 бас тіркелген. Бұл жануар ақпан-наурыз айларында төлдейді. Биылғы қыс жайлы болады деп күтілуде. Соған сай арқар саны едәуір артады дейді болжаушылар. Сонымен бірге ресми статистика бойынша киік саны 3,5 млн-ға өсті. Бұл – екі есеге артқан көрсеткіш. Ал, жалпы есеппен 1 млн. 318 мыңға артқанын талдасақ, оның 800 мыңы – Орал киігі, 28 мыңы – Үстірт, қалған – 489 мыңға жуығы осы Арқа төсіне тараған Бетпақдала бөкені көрінеді. Сонда Арқа аңының популяциясы айтарлықтай десек, жарасады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Жан АМАНТАЙ
«Ortalyq Qazaqstan»