Ақсұңқар жырдың аламаны
Қарағанды жоғары гумманитарлық колледжінде айбоз ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы оқулары өтті. Оған жалпы саны 33 студент қатысты.

Іс-шараның алғысөзін Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Әбдікерова айтты.
– Бұл байқаудың мақсаты – Қазтуған мен Доспамбет жыраулардан бастау алып, Махамбет, Мәди, Қасым рухымен жалғасқан азаматтық лириканың заманауи өкілі, көрнекті ақын, аудармашы әрі публицист Серік Ақсұңқарұлының әдеби мұрасын кеңінен насихаттау және ақын жырлары арқылы рухани-адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген отаншыл, шығармашыл, жасампаз тұлға қалыптастыру, – деді Бақытгүл Әбдікерова.
Серік Ақсұңқарұлы оқулары үш аталым бойынша өтті. Бірінші аталым – «Қайдасың, қасиетті қара өлеңім…». Бұл бағыт бойынша қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды. Екінші аталым – «Поэзия! Ақынның алтын тағы!». Бұл бағытта қатысушылар Серік Ақсұңқарұлының шығармаларын мәнерлеп оқи отырып, TEDx форматында оның идеялық құндылығын ашты. Қатысушылар Серік Ақсұңқарұлының бір туындысын (немесе циклін) негізге ала отырып, 3-5 минуттық монолог оқыды. Өлеңнің бүгінгі күнмен байланысын, өзектілігін, жастарға берер мотивациясын өз пайымымен жеткізді. «Жүрекке жақын әндер» бағытында ақын өлеңдеріне жазылған әндер орындалды.
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов ақын шығармашылығы туралы ойымен бөлісті. Ақын Бағдат Мүбарак Серік Ақсұңқарұлының поэзия әлемінде алатын елеулі орнын айшықтады. Дәстүрлі облыстық оқулардың құрметті қонағы ақын Серік Ақсұңқарұлы ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өз шығармашылығынан өлең оқыды.
Әр аталымда колледждерде гуманитарлық бағытта білім алатын студенттер мен техникалық бағытта білім алатын студенттер бөлек бәсекеге түсті.
«Қайдасың, қасиетті қара өлеңім…» аталымының гуманитарлық бағыты бойынша I орын Айгерім Бөдеге, II орын Ұлпан Мейрамбекқызына, III орын Бекжан Мәжитке бұйырды.
Техникалық бағытта білім алушылардың қатарында Жансерік Ержанұлы топ жарды. Аида Айкеш II орынға табан тіреді. Айнұр Жырғауқызы III орыннан көрінді.
Екінші аталымда қазылар алқасының шешімімен Батырхан Советов пен Сабина Төкеноваға I орын берілді. Арайлым Танатар II орынды, Іңкәр Бекіш III орынды місе тұтты.
Техникалық бағыттың I орыны қазылар алқасының шешімімен алынып тасталып, II орын Жаннұр Қанатқызына берілді. Дилнара Нұрланқызы III орын алды.
«Жүрекке жақын әндер» аталымында Ақтілек Серіковтің жұлдызы биік болды. Бекарыс Амангелді II орын, Дастан Есімханұлы III орын алды.
Техникалық бағытта білім алушылардың додасында Бекболат Қыдырбай қара үзді. II орын Айгерім Нұржанованың, III орын Мағжан Мұхамбетиярдың қанжығасында.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



