Бас тақырып

Ақпарат кеңістігі алаңдап тұр

Осыдан он жыл бұрын қазақша контент өндірушілер арасында «Қазір жаңалық оқу үшін газет сатып алатын адам бар ма?» деген сұрақ қойылды. Ой қозғау үшін қойылған риторикалық сауал ғой. Сайт-порталдың соңында жүргендер дәстүрлі журналистерге қарап, жымыңдап қалдық. Ал былтыр дәл осындай сұрақ бізге де қойылды. Қазір жаңалық оқу үшін сайтқа кіретін адам қалды ма? Шынымен де, он жылда ақпарат кеңістігі айтарлықтай өзгерді. Әрі бұл бастамасы ғана…

Сурет web-labs.kz

«Қате 404»

Қазақ тілді интернет кеңістігі 2011 жылдан былай қарай аса зор қарқынмен дамыды. Өйткені, Үкімет қазақша контент қалыптастыру және сапасын арттыруға ерекше ден қойып, идеясы бар азаматтарды түрлі гранттармен жарылқап-ақ тастаған-ды. Бұқара халықтың дәстүрлі қағаз басылымнан баз кешіп, браузер жағалап кетуі де сол тұстан басталды. Тіпті, ормандай оқырманы бар алпауыт басылымдардың да біразы баспахана қызметінен баз кешіп, электронды нұсқаны қол көргенді. Солай болуы заңды да. Газетке қарағанда сайттың шығыны он есе аз. Ал шапшаңдығы жоғары. Табысы да жаман емес. Бизнес заңдылығына бас ұрғандардың әрекеті ақтауға тұрарлық. Десек те, сайттың басты кемшілігі – материалдың ғұмыры қысқа.

404 Not Found. Қазақшалап айтсақ Қате 404. Бұл сөз алдыңыз­дан талай кездескен шығар, иә. Сіз іздеген материал жойылған немесе басқа серверге көшірілген. Ал, интернетте мұндай жағдай өте жиі орын алып тұрады. Мәселен, АҚШ-тың Pew зерттеу орталығының дерегінше кейінгі 10 жылдықта жарияланған web-парақшалардың 40 пайызы жойылған көрінеді. Яғни қаншама адамның көз майын тауысып, мойыны құрысып отырып жазған дүниесі мәңгілікке өшіп кетті. Ал, олардың арасында аса құнды естеліктер, зерттеулер мен көркем шығармалар болуы мүмкін еді ғой?! …

Сондай-ақ, зерттеушілер жа­ңа­лықтар агенттіктеріндегі, билік органдарына қарасты сайттардағы ақпараттардың көпшілігі уақыт өте өшірілгенін немесе заманға қарай қайта өңделгенін анықтаған. Мұны өзі интернет кеңістігінің ақпарат сақтау үшін ең қолайсыз орын екенін аңғарт­са керек. Алысқа бармай-ақ, өз ауламызға қарайықшы. «Орталық Қазақстан» газетінің алғашқы сайты www.ortalyk_kaz.kz доме­нінде ашылды. Бірер жылдың ішінде үш мыңға жуық материал жарияланған екен. Кейін www.ortalyq.kz доменіндегі қазіргі сайт ашылған тұста, ескі сервер материалдардың тек 3 пайызы ғана көшірілді. Өзгесі цифрлық ыдырау­ға ұшырып, мәңгілікке жоғалды. Бұл бір редакцияның ғана басындағы ахуал емес. Республикалық «Егемен», «Айқын», «Жас Алаш» сынды іргелі басылымдардың өзі дизайн ауыстыру, сайт технологиясын жаңғырту барысында ескі контенттердің бір бөлігінен айырылып қалуға мәжбүр болды.

Ақпараттық сайттың оқырманы аз

2014 жылы күніне 3-4 жаңалық жазылатын орта деңгейлі сайттың тәуліктік оқырманы – 40-50 мыңның үстінде болатын. Ал, тәулік бойы жаңалық таратумен айналысатын ірі ақпарат агенттіктерінің тәуліктік қаралымы 500 мыңнан миллионға дейін көтеріліп отырды. Ел телефонға жаппай телміре қоймаған, сайтқа компьютері барлар ғана кіретін кезеңдегі көрсеткіш осындай-ды. Одан былай қарайғы уақытта интернет қолданушылардың саны еселеп артпаса, кеміген жоқ. Логикаға салсақ, сайттың да оқырманы көбейуі тиіс еді. Бірақ, керсінше құбылыс байқалады. Қаралым азайған. Өйткені, сайт ақпарат таратуда шапшаңдық көрсете алмай отыр. Оның орнын әлеуметтік желі басты. Дәл қазір, дәл осы сәт көрсетіледі. Әрі желіде жаңалықты талқылау, пікірталасқа түсу мүмкіндігі бар.

Әңгіменің әлқисасында ел сайт­қа жаңалық оқу үшін кірмейтінін айттық қой. Расымен де, бүгінде салалық бағыттағы сайттардың дәурені жүріп тұр. Оның ішінде тарихи деректер, көркем әдебиет, білім және ғылым бағытындағы «өлмейтін» ақпаратқа сұраныс жоғары. Иә, олар шоу бизнестің саржағал жаңалығы тәрізді бір сәтте сайтқа мыңдаған адамды алып келмейді. Күн сайын 1 немесе 2 адам ғана ашып қарауы мүмкін. Мәселен, қостанайлық Әлихан Жарар есімді азаматтың www.zharar.com деген сайты бар. Ішінен не жоқтың бәрін табасыз. Сайттың материалдың қоры өте мол. Сәйкесінше, іздеу жүйелері арқылы келетін оқырман саны көп. Немесе алматылық Сәбит Байтенов есімді азаматтың ww.kazmedic.org сайтының да қаралымы мол. Медицина саласына бейімделген қазақ тілді ақпарат құралы. Сұранысқа толық жауап береді. Бірақ, салалық сайт жүргізудің жұмысы ауыр. Қаншама уақыт пен төзімді талап етеді. Өкінішке қарай, ондай ұзақ жолды жүріп өтуге ерінетіндер шоу бизнестің төңірегіндегілердің басқан ізін аңдып, арзан ақпаратпен аудиория ұстап отыр.

Рас, әлі де танымалдылығын жоғалтпаған ақпараттық сайттар да бар. Бірақ, ондай үлкен сайтты ұстап отыру үшін қыруар қаражат пен білікті мамандар қажет. Ал, ол шағын редакциялар үшін қолжетімсіз әрі өзін ақтай қоймайтын шығын. Сондықтан да, болар ірі орыс тілді сайттар қазақша редакция ашуға мойын бұрса да, әзірге контент сапасын жақсарта алмай отырғаны.

Сурет pinterest.com

«Ақ тышқан» немесе жасанды интелект

Жекеннің арманы

Журналшылар да түйе сияқ­ты: арқалағаны – алтын, жегені – жантақ. Газетте жұмыс істеп жүргенде ЦК-дан талай таяқ жедік. “СҚ”-да Жекен Жұмақанов деген жазушының қарамағында біраз болдым. Жарықтық, газеттің келесі нөміріне кезекші болғанда, бетті оқып отырып: – Шіркін, бір асыранды ақ тышқан болса, газеттің бетіне жүгіртіп жібергенде иіскеп-иіскеп, қатесі бар жерде екі аяғын көтеріп, шыңғырып-шыңғырып жіберсе, қатені түзетіп, редактордан сөгіс алмас едік, – деп армандап отырар еді. Әлі күнге дейін ақ тышқан жоқ.

Бір кем дүние.

Кейде жұмыс бабында жасанды интелект көмегіне жүгінгенде Шерхан Мұртазаның осы бір әңгімесі еске түседі. Шераға мен Жекен Жұмақанов арман еткен ақ тышқан шындыққа айналғалы да жылға жуықтап қалыпты. 2022 жылдың 30 қарашасында Open AI компаниясы ChatGPT жасанды интелектіні таныстырған болатын. Әу баста сөздік қоры аз, ақпарат дәлдігі күмәнді еді. Қазір қолданыста ChatGPT 4 нұсқасы қолжетімді. Қалың томдарды бірнеше секунттың ішінде қарап, сізге керек тезистерді алдыңызға алып келе алады. Қажет десеңіз дереккөзге сүйене отырып, мақала жазуға да қауқарлы. Әрі сауаты жағынан ең мықты деген филологтарды да жолда қалдырады. Қажет десеңіз, жазған мәтініңізді ұсынып, қас қағым сәтте әріп қате мен граматикалық, стилдік қателерді түзеп аласыз. Бір ғана әттеген-ай бар. Әзірге жасанды интелект қазақша білмейді. Иә, сөйлеп, мәтін құрастыра алады. Онысы біздің ана тілін білмейтін «шала қазақтардың» деңгейінен сәл жақсылау.

Бұл ретте Үкімет тарапынан жасанды интелектіні қазақша сөйлетуге талпыныс жасалып жатқанын да айта кеткен абзал болар. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің мәлімдеуінше, Назарбаев Университетінің ғалымдары QazLLM жобасын әзірлеуді қолға алған. Бүгінге дейін оған 6 млрд-қа жуық токен жиналыпты. Жыл соңына дейін 100 млрд. токен жинау жоспарлануда. Межелі уақыт – желтоқсан айы. Желтоқсанда QazLLM жобасының алғашқы нұсқасы таныстырылады. Яғни, әлемге әйгілі ChatGPT жасанды интелектінің қазақша нұсқасын қолданамыз.

Ақпарат тарату кеңістігі үлкен өзгерістерді бастан өткеруде. Жаңа технологиялар қаражат үнемдеумен қатар, адами ресурстарды шектеуге де жол ашуда. Мәселен, қазір редакциялар SMM, видео және фото өңдеу, копирайтинг үшін әрқайсына бөлек маман ұстап отыр. Ал, келешекте бұлардың барлығын жалғыз адам ғана атқара алады. Басты талап – жасанды интелект қолдана білсе болғаны. Келешек дейміз ғой. Бүгіннің өзінде ағылшын, орыс тілді редакциялар мұны тәжірибеге қолданып үлгерген.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy» газетінің редакторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button