АймақҚарағанды

Бұ­қар жырау ауданындағы «Ақ­­нар» құс фабрикасын жасанды интеллект бақылайды

Облыста құс шаруашы­лығы са­ласы жаңа техно­логиялық кезеңге өтті. Бұ­қар жырау ауданындағы «Ақ­­нар» құс фабрикасында жасанды интеллект элементтері енгізілген, «ақылды» климат-бақылау жүй­есімен жабдықталған заманауи жа­­ңа құс фермасы іске қосылды. Бұл жоба өндіріс көлемін арттырып қа­на қоймай, өнім сапасын жақсар­туға және энергия ресурстарын ти­імді басқаруға мүмкіндік беріп отыр.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Бұқар жырау ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебековке цифрлық технологияларды енгізудің тиімділігі мен кәсіп­орынның даму жоспарлары көрсетілді.

Ботақара кентінде орналасқан «Ақнар» құс фабрикасы бройлер бағытындағы құс етін өндіруге маманданған. Кәсіпорында өсірілетін бір тәуліктік балапандар Венгриядан жеткізіледі. Бүгінде фабрика құс етінен дайындалатын жиырмадан астам өнім түрін шығарады.

Соңғы екі жылда кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. Жаңа іске қосылған құс фермасы – фабрикадағы 29-шы өндірістік нысан. Ол толықтай автоматтандырылған климат-бақылау жүйесімен жабдықталған. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бұл жүйе құстың жасына, сыртқы температура мен ылғалдылыққа қарай мик­роклимат параметрлерін автоматты түрде реттеп отырады.

Кәсіпорын алдағы уақытта да өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Биыл Үштөбе аумағында тағы алты жаңа құс қорасын салу көзделген. Ол үшін қажетті заманауи жабдықтар алдын ала сатып алынған.

– Жаңа құс қорасы жылына шамамен 300 тонна қосымша ет өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта келесі нысанның құрылысы басталып кетті. Биыл 10 600 тонна өнім өндіруді, келесі жылы өнім көлемін 12 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал, 2027-2029 жылдары жыл сайынғы өндірісті 17 мың тоннаға дейін арттырып, жалпы көлемді екі есеге ұлғайту көзделуде. Бұл Қарағанды облысын отандық құс етімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді «Ақнар ПФ» ЖШС директоры Виктор Колчев.

Қазіргі таңда кәсіпорында 400-ге жуық адам еңбек етеді. Өндірістің ұлғаюына байланысты жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Жаңа цехты басқару жас маман Людмила Туржановаға сеніп тапсырылған.

– Құс шаруашылығында алты жылдан бері жұмыс істеймін. Бұл – мен үшін осындай заманауи нысандағы алғашқы тәжірибе. Қорада 18 мың бас құс бар. Автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеу үшін арнайы оқудан өттім. Егер температура немесе басқа көрсеткіштер ауытқыса, компьютер бірден ескерту береді. Біз сол сәтте-ақ барлық параметрді реттейміз, – дейді ол.

Саланың дамуына мемлекеттік қолдау да айтарлықтай серпін беріп отыр. Жеңілдетілген несиелер мен ет бағытындағы құс шаруашылығын субсидиялау тетіктері цифрлық шешімдер мен озық технологияларды енгізуге жол ашуда. Нәтижесінде жергілікті өндірушілер ішкі нарықтағы позициясын нығайтып, өңірдің азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button