Ақиқатқа айналған арман
Ұлы Даланы мекен еткен Қазақ Елі өзінің азат ғасырының, ғажап ғасырының төрттен бірін ғана межеледі. Иә, жас мемлекетпіз. Алайда, осынша қысқа мерзімде әлем мойындаған мемлекеттер ортасынан ойып орын алдық. Алты құрлықтың назары – бізде.
Осынша жетістікке жетіп, ғарыштық жылдамдықпен дамуымыздың бастауында Алла алқап, Алаш қолдаған Елбасымыз Нұрсұлтан
НАЗАРБАЕВТЫҢ орасан еңбегі мен сұңғыла саясаты тұрғаны ақиқат.
…Мен – Тәуелсіздіктің киесі мен еліміздің еңселенуі жолындағы Елбасы еңбегі жайлы жалықпай жазып, қалам тербеген автордың бірі ғанамын. 2014 жылы «Елбағы» атты мақалам үшін әлеуметтік желілерде қатты сыналдым. Әріптестерім, бәлкім, бәсекелестерім шығар, аяған жоқ. «Қарағандыдан тағы бір жағымпаз шығыпты. Енді, «Елбасы» дегенді қойып, патшамызды «Елбағы» деп атайық», – деп, жарыса түйреді. Мұқалмадым. Өйткені, менің саңылаулы санамда Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым.
Парақтап көріңіз, қызыл большевиктер билікке келген тұста «Бостандық» деп өлең жазбаған ақын бар ма еді?! Жетпіс жыл бойы Ленинді «Күн көсем» деп жырлаған ақындарымыздың ұзақтау жасағандарын қартайған шағында «жорғасынан» жаңылдырған да біздің бақытымызға бұйырған Тәуелсіздік еді ғой. Ендеше, күмәнді қозғалыс – тұманды болашақ екенін естен шығармаған абзал болар. Тура бүгінгі таңдағы қоғам тынысына күмәнмен қарап, сынап-мінеудің пайдасын көре қоймайтынымызға көз жеткізгеніміз ғанибет шығар…
Тәуелсіздік – Тәңір сыйы делік. Бірақ, оны мәңгілік ету, нығайту дегеннің мехнатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлындай тартқан кім бар?
Тағы «жағымпаз» дерсіз, бәлкім. Мен айналып қайта келдім алтын қазығыма!
Бастау
немесе
Тәуелсіздік тәуекелі
Біз – ұлы рухтың мұрагеріміз. Солай бола тұра, үш ғасырдан астам уақыт бойы тізгініміз өзгенің қолында, өзіміз бодандық қамытында болдық. Ғұннан қалған ғұрпымызды, Сақтан қалған салтымызды ұмытуға айналдық. «Алтын Ордадан» «Алашордаға» дейінгі тарихымызды тәрк еттік. Тегімізді біліп тұрып, сұрағанға бас шайқадық. Азаттық жолында терін сығып, қанын төккен бабалар ерлігін бағалай алмадық. Бағалатпады. Тасқа жазылған тарихымызды басқа жазды дегеннен танбауға мәжбүр болдық. Неге? Алауыздығымыздың салдары. Төренің қалпағын қағып, төрден ысырған, ортамызға исламның игілігін әкелген қожаға қой бақтырғымыз келген пиғылымыздан болды соның барлығы.
Бәрібір, арманымыз азаттық болған. 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз ел атандық. Еркіндік алып, етегін қымтаған кез келген мемлекеттің тарихын қараңыз, қай-қайсысы да бірден дамудың даңғыл сүрлеуіне түсіп кете қоймаған. Аласапыран күй кешіп, аумалы-төкпелі уақытты бастан кешірген барлығы. Әсіресе, Қазақстан секілді «ботатірсек» жас мемлекетті «бопсалай» кетуге ықтияр алпауыт елдердің түпкі ниеті де аңғарылып тұр. Бұрылуға мұршаңды бермей, бұйдаңнан жетектеп кетуге дайын. Оның үстіне, біздің елдің қойнауы толған құт. Сол құт талайдың көзінің құртына айналып тұрды. Тіпті, түбіміз бір деп жүрген Түркияның өзі Қазақстан Тәуелсіздігін алғаш мойындадық деген желеумен, бізге «аға» болғысы келді емес пе?! Оған ойдағы орыс, қырдағы қытайды қосып қойыңыз. АҚШ деген алпауытыңыз тағы бар. Қазақтың мұнайына көзін сүзіп, жұтқыншағы бүлкілдемеген ел болмады. Осы бір сын сағат, сындарлы сәтте Қазақ Елі өз тағдырын Нұрсұлтандай көреген Көшбасшының қолына ұстатты. Ел – Елбасыға, Елбасы – қараорманына сенді. Сол сенім ақталып, ширек ғасыр уақытта әлем елдерімен терезесі тең, беделі бекем елге айналдық.
…Біз – 1991 жылғы 16 желтоқсанға дейінгі мерзімде де талай тарихи тәуекелдерге барған елміз. Мәселен, сол жылы 29 тамызда Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бірінші болып тарттық. Естеріңізде болар, тура сол кезеңде әлем назары күйрегелі тұрған СССР-ға ауып, Кремль «Тамыз бүлігімен» әбігер болып жатқан. Ал, біз болашағымызды бейбітшіл ұстаныммен байланыстыратынымызды паш етіп, ертеңімізден емеурін танытып тастадық. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік табалдырығындағы тарихи тәуекелі еді. Өйткені, ядролық қару бар, ол қаруын сынақтан өткізетін полигоны бар ел қашанда нысанада тұратыны белгілі.
Оның алдында біздің Елбасымыздың араласуымен Таудағы Қарабақта жанжалдың соңғы оғы атылғаны белгілі. Тәуелсіз Қазақстанның Президенті болып сайланбай тұрып-ақ, өзінің асқан бітімгерлік шеберлігімен әлем назарын өзіне аударған Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ Елінің бағына туған ұл екенін мойындатты.
Сонымен, 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлауда қазақстандықтардың 98,78% даусын алған Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті болып сайланды да, 10 желтоқсан күні ел тарихындағы тұңғыш инагурация өтті. Араға апта салмай, 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің тарихи сессиясында «ҚР Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Екі жарым күн талқыланып, едәуір қарсылыққа ұшырап бар қабылданған тарихи һәм қастерлі Заң – бұл! Сол 12-ші шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты болған жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымбек Медиев: «…Бүгінгі жастар ойлайтын шығар, Тәуелсіздік туралы Заң оп-оңай қабылдана салды деп. Олай емес. Керемет қарсылыққа ұшырады. Кейбір депутаттар: «Осы заңның керегі бар ма? Біз кімнен еркіндік сұрап отырмыз? Онсыз да тәуелсіз мемлекет емеспіз бе?» деген сыңайлы сыңаржақ пікірлер қарша борады. Көптеген қыңыр пікірге Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі араласып, тойтарыс беріп отырды. Бұл Заңның қабылдануына Елбасының орасан табандылығы мен ғажап тәуекелі ықпал етті. Заң жобасын қолдап 30 депутат сөз сөйледі. Біреуі – менмін», – деп еске алады сол бір тарихи сәтті.
Міне, тарих бізге таралғы еткен Тәуелсіздік бақыты осылай қонды басымызға. Сол сәттен бері Елбасымыз өзіне артылған тарихи жауапкершілікті жан-тәнімен сезініп, халқының өзіне деген сенімін ақтап, туған елін нұрлы жолға бастап келеді. Тар жол, тайғақ кешуден арылған тарихи сапарымыздың бағыты – Мәңгілік Ел!
Иә, Тәуелсіздік – ақиқатқа айналған арман! Ұлы Даланы қайсар рух кернеп тұр.
Өрлеу
немесе
Тәуелсіздік толғауы
Пенде баласы бар игілікке өз тұсында қол жеткізгенді қалайтыны анық. Алайда, дәуірдің диірмені дайын ұн асата қойсын ба?! Адамның дегені уақыттың елегінде екшелмейінше, мың жерден өлшеп-пішкеніміз ойымызға да, бойымызға да қона қоймайды. Бұл – табиғи заңдылық.
Тәуелсіздік бетбұрысының алғашқы кезеңінде біздің еліміз де еркіндігін еңсерген өзге көршілеріміз секілді күмінді, тұманды сәттерді басынан кешірген. Көптеген көршілеріміз асығыс қадамдарға барып, тауы шағылып жатты. Ішкі экономикалық мүмкіндік пен сыртқы ықпалы қабыспай жатқан мемлекеттердің болғаны тарихтан белгілі. Осындай сындарлы сәтте ел сенімін арқалаған Тұңғыш Президентіміз тығырықтан жол табудың асқан шебер үлгісін танытты. «Әуелі – экономика, сонан соң – саясат» деген қағиданы қазық етіп, бар ерік-жігерін елді еңселендіруге жұмсады. Иә, ауқымды экономикалық дағдарыстың дарбазасын қағып тұрғанбыз біз де. Айналып өту мүмкіндігі болмады. Бірақ, жұтқыншағына жұтылған жоқпыз.
Қарапайым мысалдарға жүгініп, ширек ғасырлық шежіремізге сәл шегініс жасап көрелік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Даладағы ел қалаға, қаладағы ел далаға босып жатыр еді ғой. Ауылда электр шамы жоқ, қалада жылу жоқ. Жыл бойы ақша көрмей кеткенбіз. Телефон байланысын сұрап қайтесіз. Оның бағаналарын отынға, сымын Қытайға жөнелткенбіз. Өндіріс орындары жабылып, зауыт тұрмақ, тұтастай қалалар қаңырап қалып жатты. Осының бәрі енді қалпына келместей көрініп, Кеңес Өкіметін аңсап та жүрген кезіміз болған. Оның несін жасырайық?!
Осы тығырықтан қалай шықтық? Елбасының стратегиялық шешімдері мен ретті реформалары алып шықты емес пе?! Мұны салиқалы Көшбасшының сарабдал саясаты десек, сақ-сақ күлетін «саясаткерлеріміз» әлі де бар ортамызда. Солардың өзі қымбат шетелдік көлікпен жүріп, қосқабатты үйлерде тұрып жатыр. 74 жыл билік құрып, тап теңдігін берген кемелденген социализм тұсында неге мінбеді біздің әкелеріміз сол көлікті? 40 жыл қой баққан әкеміздің тақымы өзінің қойторысынан басқаға неге тимеді? 5 жыл фашистпен соғысқан атамыздың да, 40 жылын қой соңында өткізген әкеміздің де мінген ең қымбат көлігі «Запорожец» еді ғой…
Әшейінде мынау сайын даланы бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған деп көлгірситініміз бар. Рас, бабаларымыздың жүрегі түкті, рухы мықты болған. Рас, біз – күннің астын билеген Күлтегіннің, Мысырдың мысын басып, құтын қашырған Бейбарыстың ұрпағымыз. Көнедегі Түркі қағанатын айтпағанның өзінде, бертіндегі Қазақ хандығы ешкімге есе жібермеген. Сол заманда біздің сыртқы жауларымыз жеріміздің кеңдігіне ғана қызықса керек-ті. Ал, қазақ жеріне көз аларту жерасты байлығы игеріле бастаған кезеңде ғана пайда болғанын жазады қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбай. Тәуелсіздік алған тұста қазақ даласына тәбеті тартқандардың қатары көбеймесе, сиреген жоқ. Шынымен-ақ, соғыстың өзінен бизнес жасап, жердің асты-үстіне өктемдігін жүргізіп отырған алпауыттар мұнша байлығымызбен бізді өз бетімізше қалдырмайтын еді. Осынша байлықты игере алмайтын да едік. Осы тұста Нұрсұлтан Әбішұлы теңдесі жоқ көрегендік танытып, әлемнің мықтымыз деген елдерінен қазақ өндірісіне инвестиция тартты. Тағы да сыншылдар мен міншілдер шықты ортамыздан. Әліптің артын бағып, түпкі нәтиженің қалай боларын ойлаған да жоқ. Елбасының бұл саясаты ел экономикасын еңселендіріп қана қойған жоқ, қауіпсіздігіміздің нығаюына зор септігін тигізді. Сынамалай беріңіз, біздің жерімізде жаһанның жартысына үстемдік етіп, әлемдік «ауа райын» жасап отырған алпауыт елдердің барлығының бизнесі бар. Қыруар қаржы салып, өзі де пайда тауып, бізді де жарылғап отырған инвест-жобаларының саулығы үшін олардың барлығы – біздің елдегі тыныштыққа мүдделі.
…Біз Тәуелсіздігімізді жариялаған тұста елдегі қазақтардың саны өте аз болатын. Республика халқыны 40 %-ын ғана құрадық. Мұның өзі Тәуелсіздігімізге қатер төндірер факторлардың бірі еді. Елбасы экономикалық ахуалдың күрделілігіне қарамай, шетелдегі қандастарымызды елге көшіріп алу бастамасын көтерді. 1 миллионнан астам қандастар тарихи Отанына оралды. Оған әлеуметтік тұрмысы түзелген елдің табиғи өсімін қосыңыз. Қазір жергілікті ұлттың үлесі 70%-ға жуықтап қалды.
Не керек, Тәуелсіздіктің алғашқы арайлы таңынан бастап бүгінгі мерейлі тойына дейінгі кезеңде дамудың қазақстандық үлгісіне таңдай қағып, бас шайқамаған ел жоқ. Оны шетелдік сарапшылардың пікірі арқылы дәлелдеуге әбден болады. Тіл-көзден сақтасын тек қана!
Түйін
немесе
Тәуелсіздік тәбәрігі
Тәуелсіздік – кие! Оны қастерлеу, баянды ету – баршамыздың парызымыз.
Ал, Тәуелсіздіктің біздің елге бұйыртқан тәбәрігі – көл-көсір.
Ең бастысы – ерке Есіл жағасынан бой көтерген ару Астана. Астана – Елбасының төл перзенті. Ойлап көріңіз, өзі жас, өзі экономикалық дағдарыс құрсауында тұрған мемлекеттің бас қаласын көшіріп, оның құрылысын салу тарихи тәуекел емес пе?! Әлемдік тәжірибеде астаналарын, саяси орталықтарын ауыстыру, сол арқылы экономикалық-әлеуметтік даму серпіні мен саяси жаңару нәтижесіне қол жеткізген мемлекеттер бар. Бірақ, солардың бірде-біреуі біздің Астана секілді рекордтық қысқа мерзімде салынып, жедел дамымаған екен. Ендеше, біз жаңа Астананың бүгінгі дәулеті мен сәулетін Тәуелсіздік тәбәрігі һәм Елбасының дәуірлік ерлігі деп бағалауға тиіспіз.
Тәуелсіздіктің тағы бір тартуы – Ассамблея. Көріп-біліп отырсыздар, біз қатарлы Тәуелсіздігін жариялаған елдердің көбінде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар шиеленісіп, береке-құты қашқан. Кейбірінде осы мазмұндас дүмпулер әлі де толастамай тұр. Ал, әлем елдері үшін «Халықтар достығының лабораториясына» айналған Қазақстанда ең басты құндылық ауызбірлік пен татулық болып отыр. Бұл да – Назарбаев саясатының даналығы.
Сондай-ақ, Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемдік сын-қатерлердің себеп-салдарын салмақтайтын салиқалы саяси алаңға айналды. Бірнеше рет әлемдік дәстүрлі діндер басшыларының құрылтайын қабылдап, «Астана экономикалық форумын» жүйелі өткізу арқылы алты құрлықтың ақылманы болып отырмыз. ТМД елдері арасынан бірінші болып ЕҚЫҰ-на төрағалық жасап, мәртебелі ұйымның бірнеше жыл өтпеген саммитін ұйымдастырдық. Алла қаласа, келесі жылы Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізіп, «Жасыл экономика» жобасымен әлемдік қауымдастықтың таңдайын қақтырғалы отырмыз. Міне, осының барлығы – Тәуелсіздік тәбәрігі және Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі абырой-беделінің өлшемі.
Жалпы, Тәуелсіздік пен Елбасы ұғымы халық санасында да, тарих жылнамасында да егіз ұғымға айналды. Бұл – мойындалған ақиқат!