Ресми

Аймақта 55 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оның 4864-і – бала

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық әлеуметтік маңызды нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты қолжетімді екенін тексеруді мұқият тапсырды. Мүгедектігі бар жандардың мәселелері жөніндегі кезекті кеңесте білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, қалалық ортаның қолжетімділігі салаларындағы ең өзекті мәселелер талқыланды.

Қазір мемлекеттік мекемелер бойынша жұмыс жүргізілуде. Мораторийге қарамастан, жеке нысандар да өтініш бойынша тексерілетінін айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда аймақта 55 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оның 4864-і – бала.

– Ten Qogam ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында өткен соңғы кездесуге сүйене отырып, 24 мәселе анықталды. Олардың ішінде, оңалту құралдарын пайдалану мерзімдерін қысқарту, зейнеткерлік жастағы мүгедектерді ноутбукпен, оқу машинасымен, телефонмен қамтамасыз ету сынды проблемалар бар. Осы және басқа да көптеген мәселелерді шешу үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Біз сұрақтарды Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдадық, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Ten Qogam орталығының филиалдарын облыстың басқа қала, аудандарында ашу жоспарда бар. Бүгінде бұл алаң өзін билік өкілдерінің мүгедек адамдармен сындарлы диалогы үшін қолданыстағы тиімді құрылымдардың бірі ретінде көрсетіп отыр.

Облыс әкімі қоғамдық орындардың қолжетімділігі туралы мәселені көтеріп, ойын ортаға салды.

– Қоғамдық орындар – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт мекемелері, сауда орталықтары мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуы қажет. Мемлекеттік және жеке ұйымдардың тізімдерін жасаңыздар және «бұрын – қазір» қалай болғаны жайлы фото есепті талап етіңіздер. Әкімдерге бұл жұмысты айына бір рет жүргізуді ұсынамын. Сонда ғана нәтиже болады, – деп айрықша атап айтты Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы саябақтарда өтетін қалалық мерекелерге мүгедек балалар мен ересектерді жұмылдыруға тапсырма берді. Іс-шараларды мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді және қызықты болатындай етіп ұйымдастыру қажеттігін мұқият тапсырды.

Шындығында, дені сау адамдар, көңілі жарым мүмкіндігі шектеулі жандардың ішкі мұңын түсіне бермейміз. Облыс басшылығы қадап айтқан жоғарыдағы бастамалар олардың өздерін қоғамның тең мүшесі ретінде сезінуіне оң әсерін тигізері анық.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button