Жаңалықтар

Қағаз жүзіндегі кооператив өрісті толтырмайды

Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселесі соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл бекер емес. Ауылдағы ұсақ шаруашылықтардың әлеуетін біріктірмейінше, өндірісті ұлғайту, өнімді өңдеу, нарыққа тұрақты шығу мүмкін болмай тұр. Ал, біздің аймақтың агросарапшылары құрылып жатқан кооперативтердің «қағаз» жүзінде қалып қойғанына алаңдаулы. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назарға алып отыр. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында кооператив құрудың тиімділігін айта келе: «Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді», – деді.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Жалған есеп жарға жықпасын

Жоғарыда атап өткеніміздей, өңірдің агросарапшылары бұл мәселеде жалған есеп жаңылыстыратынын айтып отыр. «Кооперация құруда жоғарыдағы басшылардан бастап, қарапайым сала маманына дейін аса мұқият жауапкершілік танытуы керек», – дейді агроэксперт Ниқанбай Омарханов.

– Соңғы үш жыл бойы Президент тапсырмасының артында «ел бойынша 4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кооперативі ашылды» деген шындыққа жанаспайтын есептер тұрғаны жасырын емес. Бұл деректер жергілікті атқарушы органдардан бастап, Парламент мінберінде де көтеріліп, ақыр соңында Мемлекет басшысына дейін жеткен.
Жуырда ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы ретінде облысымызда «ашылды» деп есеп берілген кооперативтер бойынша аудандарға хабарласып көрдік. Өкінішке қарай, бірде-бір нақты, мардымды жауап ала алмадық. Бұл жағдайға байланысты бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары да хабарласып, орынды сұрақ қойды: онда бұл кооперативтер қайда, олар не істеп жатыр?
Шын мәнінде, елімізде де, облыстарда да «кооператив» деп аталып жүрген құрылымдардың басым бөлігі – 2-3 адамның басын қосып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 32 млн теңге несие алған, бірақ ауыл экономикасына нақты әсер етпейтін жасанды бірлестіктер.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 28 қарашада ауыл әкімдерімен кездесуінде бұл мәселені ашық айтты: «Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құрады. Олар жеке шаруашылық иелері мен өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан, мемлекеттен жеңілдіктер алады. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді», – деп. Бұл – бүгінгі кооперацияның басты диагнозы. Заң жүзінде бәрі дұрыс. Ал, іс жүзінде ауыл адамы үшін кооперативтің пайдасы жоқ, – деген тұжырым айтады Ниқанбай Иманғалиұлы.

Отыз миллион мәселені шешпейді

Сарапшылар әр ауылда «қағаз» жүзіндегі ғана емес, нақты жұмыс істейтін дайындау, өткізу және қызмет көрсету кооперативтері құрылуы қажет деп отыр. Қажет болса, өндірістік кооперативтерге дейін бару керек екенін айтады.

Нағыз кооператив құру үшін мұздатқышы бар мал сою пункті, сүт қабылдау және бастапқы өңдеу орны, ветеринариялық лаборатория, қолдан ұрықтандыру пункті, 100-200 басқа арналған бордақылау алаңы, жүн престеу, тері жинау қоймасы, мал қорымы, егістік жері, мал азығын дайындайтын техникасы, арнайы автокөліктері мен құрал-жабдықтары бар біртұтас инфрақұрылым қажеттігін көлденең тартады.

– Осындай кооперативті құру үшін ауылдағы өндіріс көлемі мен мамандануына қарай кемінде 200-400 млн теңге қажет. Мұны 30 миллион теңгелік несиемен шешу – өзімізді өзіміз алдаумен тең, – дейді белгілі агроэксперт.

Мұндай маңызды шаруада мемлекеттік рөл шешуші болуы тиіс. Мемлекеттік қолдау, жеңілдетілген несие және нақты ұйымдастырушылық бағыт қажет. Агромамандар ол үшін ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңға заман талабына сай өзгерістер енгізілсе, кооперацияны дамытудың жеке мемлекеттік бағдарламасы қабылданса, әр ауданда қанатқақты (пилоттық) кооперативтер құрылса деп отыр.

– Бұл жерде тағы бір өткір сұрақ туындайды. Президент пен Үкіметтің сынына жиі ілігіп жүрген, облыстарда ауыл шаруашылығын дамыту институты ретінде құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) нақты немен айналысып отыр? Мемлекеттік қаржыны депозитке салып, пайда табумен ғана шектелмеуі керек. Дәл осы кооперативтерді құру ісіне ӘКК-лер тікелей «жегілетін» уақыт келді. Президент «Жауапкершілікті өз мойнына алып, тиімді шешімдер қабылдаудан қорықпайтын жаңа буын басқарушы мамандар қажет» деген сөзі – бүгін де өзекті, – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.

«Кабинетте отырып, кооператив құра алмаймыз»

Агросарапшы Аспандияр Сейсеннің айтуынша, елімізде тіркелген ауыл шаруашылығы кооперативтері ауыл экономикасына серпін беріп отырған нақты тетікке айнала алмай отыр. Мұның бірнеше себебі бар екенін айтады.

Басты мәселе – қаржыға қолжетімсіздік. Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ауыл халқы үшін үлкен мүмкіндік ретінде қабылданды. Алайда, бұл бастама іс жүзінде шалғай ауыл тұрғындарына толық жетпей отыр. Себеп қарапайым – кепілдікке қойылатын жылжымайтын мүлік мәселесі. Кооперативтерге арналған 31,5 млн теңге, жеке тұлғаларға қарастырылған 9 млн теңге аз қаржы емес. Бірақ ауылдағы қарапайым адамның оны алуға кепілдікке қоятын бағалы мүлкі жоқ. Ал, кепілі бар ірі шаруашылықтар осы несиелерді алып, нәтижесінде мемлекеттік қолдау ең мұқтаж ауыл тұрғынына емес, онсыз да аяғынан нық тұрған алпауыт шаруаларға бағытталып отырғанын айтады сарапшы.

– Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мал шаруашылығын дамыту үшін несиенің 85 пайызын Даму банкі кепілдендіретін механизм бар екенін айтқан еді. Алайда, бұл құралдың тиімділігін шалғайдағы шаруа әлі күнге дейін нақты сезініп отырған жоқ. Егер бұл жүйе шын мәнінде жұмыс істесе, кооперацияға деген қызығушылық та, сенім де әлдеқайда жоғары болар еді. Кооперацияның дамуы тек қаржыға тіреліп тұрған жоқ. Ауыл тұрғындарының бірігіп жұмыс істеуге деген сенімі төмен. Бұған халықты кінәлау дұрыс емес. Себебі жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысы жоқтың қасы. Облыстық, аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығы саласының мамандары ауылдарға барып, кооперацияның артықшылығын нақты мысалмен түсіндіріп жатқан жоқ. Ауылға бармай, кабинетте отырып коо­ператив құрамыз деу – нәтиже бермейді. Осыдан кейін жекелеген белсенді азаматтардың бастамалары қолдаусыз қалып, көбіне сәтсіздікке ұшырап жатады. Бүгінде агробанк құру қажеттігі жиі айтылады. Бұл – уақыт талабы. Ауыл шаруашылығының ерекшелігін түсінетін, кепілдік саясатын ауыл жағдайына бейімдейтін арнайы қаржы институтынсыз кооперацияны дамыту қиын. Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) тек қаржы таратушы емес, ауылдың нақты мәселесін шешетін құрылымға айналуы да өзекті, – дейді Аспандияр Сейсен.

114 кооператив құрылды

Аграрлы аймағымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында күні бүгінге дейін 114 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты. Олар ауыл тұрғындарынан ет, сүт және басқа да ауыл өнімін тұрақты түрде сатып алып, оны өткізуге көмек көрсетіп отырған көрінеді.

– Мәселен, «Мади-Агро 7» ауыл шаруашылығы кооперативі жақын ауылдардағы тұрғындардан ет жинап, оны облыстағы ірі кәсіпорын – «Qarmet» АҚ-ға өткізуде. Биылдың өзінде осы кооператив арқылы 80 тоннаға жуық ет сатылған. Бұл – кооперацияның ауыл адамы үшін төрт түліктің нақты табыс көзіне айнала алатынын көрсететін айқын мысал. Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілген өнімді сақтау және өткізу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мал шаруашылығы бағытындағы өнімдер аудан әкімдіктері ұйымдастыратын жәрмеңкелер арқылы сатылып, ауыл тұрғындарына қосымша табыс көзіне айналуда. Жалпы алғанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылған 2023 жылдан бері Қарағанды облысында 114 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оның ішінде 2023 жылы – 62, ал 2024-2025 жылдары 52 кооператив өз жұмысын бастады. Кооперация құруда Ақтоғай ауданы – 25 АӨК, Бұқар жырау мен Шет аудандары – 25 АӨК-тен, Қарқаралы ауданы – 17 АӨК көрсеткішімен алдыңғы қатарда келеді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табады. Біздің мақсат – ауылдағы әрбір еңбекқор азаматтың маңдай тері әділ бағаланып, ауыл экономикасы тұрақты дамитын жүйе қалыптастыру. Ауылдың әлеуетін арттыру – бұл тек ауыл тұрғындарының емес, тұтас өңірдің, елдің болашағы, – дейді облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

«Сапа Мix» сапалы кооператив

Ақтоғай ауданы кооперацияны дамытудың тиімді үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда «Ауыл аманаты» аясында соңғы екі жылда жүздеген миллион теңгеге әртүрлі жобалар қаржыландырылды.

2023 жылы аудан бойынша 65 жобаға 598,3 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Оның ішінде 18 кооператив пен 47 жеке шаруа қожалығының өміршең жобалары қаржыландырылды. Нәтижесінде мал басы көбейіп, техника алынды, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. 2024 жылы да бұл жұмыс жалғасын тапты.

«Бір ауыл – бір кооператив» жобасы аясында Ақтоғай ауылында «Сапа Мix» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Бұл кооператив әмбебап бағытта жұмыс істеп, ауыл тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше маңызды жобаны іске асыруда.

Бірінші бағыт – ауыл тұрғындарын және жақын елдімекендерді мал азығымен, жемшөппен, көмір, отын және құрылыс материалдарымен тұрақты қа­м­­тамасыз ету. Осы мақсатта аумағы 561 шаршы метрді құрайтын арнайы нысан сатып алынып, автотаразы орнатылды. Қазіргі уақытта 150 тонна «Шұбаркөл» көмірі жеткізіліп, екі арнайы автокөлік алынған. Тұрғындарға және шаруашылықтарға 5 мың рулон шөп тасымалданды. Сонымен қатар, 2026 жылға қарай 200 гектар жерге құнарлы жоңышқа тұқымын егу үшін жер дайындалып, қоршауы жасалды. Аталған бағыттағы жобаның жалпы құны – 200 млн теңге.

Екінші бағыт – ауылдық жерде микро, шағын және орта бизнес субъектілерін дамытуға арналған өндірістік кешен салу. Ақтоғай ауылының солтүстік-батыс бөлігінен 1 гектар жер телімі бөлініп, аумағы 520 шаршы метр болатын өндірістік кешеннің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Жобаның жалпы құны – 173 млн теңге. Бұл кешен ауылдық тұтыну кооперативі негізінде 10 жеке кәсіпкерді біріктіріп, жартылай дайын өнімдер шығару, тігін цехы, қымыз өндіру, кондитерлік өнімдер, көкөніс консервілеу және кәдесый дайындау сияқты бағыттарды қамтитын болады.

Үшінші бағыт – ауыл өнімдерін тікелей қала нарығына шығару. Осы мақсатта Қарағанды қаласында «Ақтоғай өнімдері» атты коммуналдық дүкен ашылды. Ол Бауыржан Момышұлы көшесі, 24/6 мекенжайында орналасқан. Жобаның құны – 15 млн теңге. Қазіргі таңда дүкенде қала тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азықтүлік нарық бағасынан төмен бағамен сатылуда, жоба толық іске қосылған.

Қорытынды

Бүгінгі шындық – кооперацияны тек тіркеумен ауыл дамымайды. Кооператив қаржыға нақты қолжетімді, өнімін өткізе алатын, ауыл адамы сенетін құрылымға айналуы тиіс.
Ол үшін кепілдік мәселесін жүйелі түрде шешу, агробанк немесе тиімді кепілдік механизмдерін іске қосу, ауылда тұрақты әрі нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыру қажет. Агросарапшылар осылай дейді.
Ауыл – мемлекеттің тірегі. Ал ауылды сақтау – кооперацияны «қағаздан» шығарып, «Сапа Мix» секілді кооперативтің санын арттыру қажет. Мемлекеттің де алға қойып отырған міндеті – осы.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button