Қағаз өнеркәсібі қашан өркен жаяды?
Жасыратыны жоқ, Қазақстан негізінен целлюлоза-қағаз өніміне келгенде, сыртқа тәуелді. Бұл саладағы импорттың үлесі – ішкі өнімдерді үш орап алады. Қағаз өнеркәсібінің кенжелеп қалуына түрткі бірнеше фактор бар. Соның бірі – шикізаттың кемдігі. Екіншісі – елдің сұранысын толықтай қанағаттандыратын іргелі өндірістердің жоқтығы. Бұл екі фактор бір-бірімен жіпсіз байланған. Сол себепті, қағазға келгенде, сырт елге алақан жайып-ақ отырмыз.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан негізінен целлюлоза-қағаз өніміне келгенде, сыртқа тәуелді. Бұл саладағы импорттың үлесі – ішкі өнімдерді үш орап алады. Қағаз өнеркәсібінің кенжелеп қалуына түрткі бірнеше фактор бар. Соның бірі – шикізаттың кемдігі. Екіншісі – елдің сұранысын толықтай қанағаттандыратын іргелі өндірістердің жоқтығы. Бұл екі фактор бір-бірімен жіпсіз байланған. Сол себепті, қағазға келгенде, сырт елге алақан жайып-ақ отырмыз.
Қағаз қат болған кезеңді әлі ұмыта қойған жоқпыз. Тоқсаныншы жылдарда жазатын дәптер таппай, бұрынғы ескі дәптерлердің жазылмаған беттерінен дәптер құрастырғанымыз есімізде. Одан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Кенже саланың енші алып, өрісі кеңіп кеткені шамалы. Қатты қағаздан бастап, күнделікті жазар қағазымызға дейін көршімізден сұраймыз. Ал, өңделмей, тау-тау болып үйіліп, одан қалды қоқыстарда алаулап жанып жатқан макулатура іске аспай тұр. Ұмытылған салаға ұмтылғандар бар. Алайда, ол бірен-саран кәсіпорын ішкі нарықтың сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Десек те, биылғы жылы Қарағандыда осы бағытта бір жобаның тұсауы кесілмек екен.
Атап айтқанда, «Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты» ЖШС-нің жобасы – макулатураны қатты және жазу қағазына қайта өңдеу бойынша өндірісті ұйымдастыруды көздейді. Сонымен бірге, целлюлоза өндірісін қолға алады. Жобаның жалпы құны – 1500 млн. теңге. Жоба жұмысын бастағанда, 200 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Бұдан бөлек, комбинатта шығарылатын целлюлоза жол жөндеу жұмысында қосымша пайдаланылмақшы екен. Целлюлозаны қолдану арқылы жол жабындарының беріктігі қамтамасыз етілмекші.
Экономикалық салдары ғана емес, экологияға тигізер септігі зор көрінеді. Мәселен, бір тоннадай қағазды қайта өңдеуден өткізетін болса, 17 ағаш, 26 мың литр су, 3 текшеметр топырақ, 240 литр жанар-жағармай мен 4000 киловатт электр энергиясы үнемделеді екен. Ал, қайта өңдеуден өткізілген өндіріс барысында электр қуатын екі есе аз үнемдеуге болады. Сөйтіп, ауаны былғайтын зиянды қалдықтар 70 пайыз төмендейтінін айтады мәліметтер.
Бүгінде әлем қағаз өңдеу саласына баса ден қоюда. Себебі, соңғы 20 жыл ішінде әлемде қағаз бұйымдарын тұтыну 92 миллионнан 208 миллионға артқан. «Қазіргі заманғы технологияның жанданып, электрондық құжаттың өмірге келуі мен компьютерлік байланыстың артуы бәрібір қағаз өндірісіне кері әсерін тигізіп отырған жоқ. Сұраныс та, қажеттілік те бар. Мысалы, миллион тонна қағаздың 14 мың теміржол вагонына сиятынын ескерсек, бұл саладағы өнімнің азаймай, қайта жыл сайын артып келе жатқанын түсінуге болады. Әлемде АҚШ, Канада, Жапония, Швеция елдері әлемдегі қағаз өндірісінің басым бөлігін шығарады. Индустриялық мемлекеттерде тұратын халықтың 20 пайызы әлемдегі қағаз өндірісі көлемінің 85 пайызын пайдаланады. Бүгінде жер бетіндегі қоқыстың төрттен бірі қағаз өнімдерінен қалған қалдық болып отыр. Қағазды тиімді пайдалану жағына келсек, әр елдің тұтынуы әртүрлі. Мысалы, Қытай мен Үндістанда оны көп пайдаланады. Орташа есеппен алғанда, әрбір еуропалық жыл сайын 4 тонна қағаз тұтынады, австралиялыққа қажеттілігі – 130 келі ғана екен. Британдық отбасы жыл сайын кесілетін 6 ағаштан жасалатын қағаз қалдықтарын далаға тастайтын көрінеді» дейді ғаламтордағы деректер. Қазақстандықтардың да қағаз тұтынуы өзгеден қалыс қалмай отырғаны аян.
Ал, Қарағандыда алдағы уақытта іске қосылатын жоба елдегі қағаз бен целлюлозаға сұранысты біршама өтейтін болады. Қатты һәм жазу қағазын өзге жұрттан сұрамайтын күн де туар.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА