Қаһарманды қадірлеген қайраткер
Қасиетті Қарқаралы топырағының тумаларында тұмса табиғатқа тартып туған тектілік бар. Үйдей тасты тесіп өскен, діңіне қос адамның құшағы жетпес қарағайлары қазақы қайсар рухтың өрлігін танытып тұрғандай. Кім еккені, қашан, қалай егілгені белгісіз олардың. Әйтеуір, өз басым көкке шаншылған найзадай қарағайларды мың жасаған деп ойлаймын. Биік тауды өрлей қаптаған қарағай орманын аралай жүріп, әрбір қарағайды Қарқаралыда туған әр тұлғаның болмысына ұқсатамын. Мына біреуі – Ақжан ӘлМашани, ана біреуі – Әлжаппар Әбішев… Қара тасты қақырата жарып, қасқайып өскен әне біреуі – Қасым Аманжолов. Мына қарағай – Нұркен Әбдіров, анау қарағай – Мартбек Мамыраев… Мына тұрғаны – Тоқтар Әубәкіров, анау шыңның басындағысы – Мыңжасар Әдекенов… Толып жатыр – Қарқаралыда туып, қазақтың атын алты құрлыққа танытқан тұғырлы тұлғалар. «Апыр-ай, Қарқаралыдан шыққан жақсылар қара орманға айналған екен-ау» деген ой жетегінде келе жатып, белгілі ғалым Бақия Атшабаровтың қарағайына бас тіреймін. Қайтып айналып, ауыл шаруашылығының білікті ұйымдастырушысы, қажырлы қайраткер, ғалым Мыңжасар Әбекеновтің келісті келбетіндей қарағайдың саясына аялдаймын. Ойға шомып, жақсы әкенің ізгі жолын жалғастырған баласы Серғазы Мыңжасарұлының қарағайына көз тігемін. Екеуінің арасы – тым жақын. Екеуі де тасты жарып өсіп тұр. Тамырлары дәл осы қара тастың астынан бірігіп, бір арнадан нәр алып тұр-ау, шамасы… Бір-біріне қатты ұқсайды.
Мыңжасар! Мына қарағайлар да мың жасаған.
***
Биыл – Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Нұркен Әбдіровтің туғанына 100 жыл. Отан үшін отқа түсіп, жасын ғұмыры ұлт рухының мәңгілік алауына айналған қаһарман ұлдың ғасырлық мерейтойы. Дайындық – қызу. Ел тізгінін ұстаған еңселі азаматтар – ат үстінде. Батыр рухын дәріптеудің тамаша үлгісін танытуға қамданып жатырмыз. Ертеңгі тойдың шарапаты мен шартарапқа жеткен дүбірі жайлы жаза жатармыз… Батыр рухын ұлықтаудың тамаша үлгісін танытқан қайраткер аға, білікті басшы Мыңжасар Әдекенұлы жайлы жазбамызды тұздықтау үшін жарты ғасырға шегініс жасауға тура келді.
…1969 жыл. Нұркен ауылы – абыр-сабыр, әлдебір ауқымды шараға дайындық үстінде. Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің 50 жылдық мерейтойына дайындық. «Ел ерге қарайды» демекші, нұркендіктер былтыр ғана ауыл тізгінін қолға алып, директор болып тағайындалған Мыңжасар Әдекенұлына қарайды. Қарайды емес-ау, сенеді. Одақ көлемінде ұлы дүбірге айналған батырдың мерейтойы – туған ауылы үшін үлкен сынақ. Оны Мыңжасар аға әлдеқашан түйсінген.
Шаруашылықтың бірінен соң бірі тіреліп тұратын науқандық жұмыстары бар. Мемлекеттік жоспар ол алқымнан алып тұр. Сындарлы сәтте сүрінбеуі керек. Батыр рухына тағзым етудің мазмұн-маңызын төмендетіп алмауы шарт. Шара жоспарын бекітуге арналған алқалы жиын. Директор кабинетінде – басшының сенімді серіктері Кәрібай Жүзбаев, Әбіл Ақынов, Мақсым Тұрмағанбетов, Жеңіс Көпжасаров, Болат Жәкенов, Елеусіз Ержанов, Зинат Жолдасбаев.
- Жолдастар! – деп сөз бастады директор өзіне тән жігерлі үнмен. – Нұркен ағамыздың мерейтойы – ас ішіп, аяқ босатар үйреншікті жиын емес. Бүкіл Одақ көлемінде мазмұнды мерекеленіп жатқан мерейтой қаһарман ағаның туған жерінде лайықты аталып өтуі керек. Анасы Бағжан шешеміз бастаған құрметті қонақтарды қабылдауымыз қажет. Батыр ерлікпен қаза тапқан Коньков хуторынан мектеп оқушылары, майдандас серігі Писанко, жаужүрек жерлесіміздің жұлдыз-ғұмырын жарқырата жазып, тарихқа таңбалаған қаламгер Григорий Якимов шақырылып отыр. Мәртебелі меймандарды қарсы алып, ас-су беру – қазақы салтымызбен атқарылатын шаруа. Басты мәселе – батыр ауылының кескін-келбетін атына лайықты ету. Ол үшін қыруар жұмыс атқаруымыз керек, – деп сөзінің соңын салмақты түйіндеді.
Сол күні жоспар нақтыланып, әр істің жауапты жетекшілері бекітілді. Аудан орталығымен жалғап тұрған жол жөнделіп, асфальт төселді. Ауылды қақ жарып ағатын Жарлы өзеніне көпір салынды. Мәдениет үйі мен типтік жобадағы мектептің құрылысы аяқталды. Мәдениет үйінің алдына қаһарман қазақ ұлының мүсіні қойылды. Батыр ауылы түрленіп сала берді. Мұның барлығы абыройы Арқадан асып – Алашқа, Қарқаралыны айналып – қазаққа жеткен тұғырлы тұлға, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Мыңжасар Әдекеновтің іскерлігі арқасында өте қысқа мерзімде жүзеге асқан іргелі жобалар еді.
Қонақтар ауылдан дән риза болып аттанды. Батырдың анасы Бағжан шешей директордың қолын мейірлене қысып:
– Айналайын, атыңа – затың сай азамат екенсің! Нұркеннің рухы қолдасын! Мың жаса! Болашақта есімің менің Нұркеніммен қатар аталатындай іс тындырып жатырсың. Еңбегің еленіп, ел жүрегінен орын алуыңды тілеймін. Менің Нұркетайым қан майданның һас батыры болса, сен – бейбіт еңбек майданының батырысың! Батырларды ел ұмытпайды! Мың жаса, Мыңжасар шырағым! – деп батасын берді.
Алтын құрсағынан ардақты батыр туған Ананың сол жолғы тілегі қабыл болған шығар, Мыңжасар ағаның ісі өрге домалап, аты елге танылды. Жасынан тауқымет тартып, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс секілді замана зобалаңының отына шарпылған буынның өкілі ғой… Әр нәрсенің қадірін біліп, істің оңтайын ұғып жетілді. Еңбекке ерте араласып, еншісіне бұйырған қиындықты еркін еңсерді.
Соғыстан кейін Қарқаралы қаласындағы мал шаруашылығы мектебінде оқыды. Кейін зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын бітірді. Арман жетегінде ару қала Алматыға аттанды. Таудай талабы аяулы арманына жол бастап, жеткізді де. Алматы зоовет институтын үздік бітіріп, елге оралды.
Міне, содан бергі өмірі туған жерін түлетуге арналған. Қарқаралы, Егіндібұлақ, Шет аудандарында бірінші хатшы, аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. Басқа саладай емес, осы ауыл шаруашылығы саласының мехнаты көп, беймаза сала екенін ел біледі. Жыл-он екі ай толастамайтын науқан. Басшы болғанымен, кабинетте емес, қырда жүргені көп. Иә, Мыңжасар Әдекенұлының жұмыс орны қырдағы қыстақ, жапандағы жайлау еді. Ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік тұрмысына көп көңіл бөлген екі басшы болса – біреуі, жалқы басшы болса, соның нақ өзі – осы Әдекенов. Оны мен емес, ел айтады. Қарқаралы-Егіндібұлақтың әр пұшпағындағы қара тасқа тіл бітсе, Мыңжасар ағаның қайраткерлігін аңыздай қылып шертер еді.
Осынша күрделі істің екі тізгін, бір шылбырын берік ұстай жүріп, ғылыммен шұғылдануға уақыт тапты. Мыңжасар Әдекеновтің есімі – отандық ғылым тарихында ұяң жүнді құйрықты қой тұқымының авторы ретінде қалды. Шабындықтың шаңды алқапқа, жайлаудың қу тақырға айналмауын да зерттеп, ғылыми тұжырым жасағаны тағы бар. Зерделі ғалым, білікті ұйымдастырушы
өмірінің соңғы ширек ғасырға жуығын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары лауазымында өткізді. Ауыл шаруашылығында қандай да бір озық тәжірибе, өміршең бастама болса, оның арғы жағынан Мыңжасар Әдекенұлының есімі аталады.
Мыңжасар аға – даланы сүйген дархан жүректің иесі. Туған жерге деген сүйіспеншілігі қаламның ұшымен сүйкей салуға келмейді. Елге деген махаббатын мархаббатпен жырламасқа тағы болмайды. Ғылымға да осы сүйіспеншілік алып келген.
…Директордың «ГАЗ-69» көлігі шопандары ауылын аралап шыққанына – үшінші күн. «Комсомол шыңын» айналып, «Шорманбай жазығын» шолып өтті. «Жылысайға» аялдап, «Қарақуыстың» күйіне назар аударды. Дала жолының шаңдағын аспанға будақтатып келе жатқан көлік жылдамдығын күрт шегерді.
– Жолсыз жазықпен жүрейікші, – деген жүргізушісіне күнқақты жүзі күреңіткен директор.
– Біраздан жауын жаумап еді. Даланың да шаңы шығып кеткен шығар… Биылғы шабындықтың, егіннің жайы қалай болар екен?…
Шынымен де, осы өңірдегі ең шүйгінді деген алқаптардың өзінде шөп ерте сарғайып, даланың ажары тайып барады. Мал тұяғымен тапталған жайылым да тулаққа айналар түрі бар. Жерге түсіп, біршама жерді жаяу аралап келді. Осы сәтте Мыңжасар Әдекенұлының ойына жайылым жағдайын жақсарту, шабындық құнарын арттыру мәселесін зерделеу туралы ой келе қалды. Мал азығының құнары кеміп бара жатқаныны жақсы біледі. Көптен ойында жүрген мәселе. Міне, дәл осы сәтте Мыңжасар аға ғылымға қадам басты деуге болады. Яғни, Мыңжасар Әдекенұлы ғылымға институт немесе аспирантура зертханасы арқылы емес, туған жерден – дала зертханасынан тікелей келген еді.
Қарақаралы ауыл шаруашылығы колледжіне (бұрынғы зооветтехникум) қажырлы қайраткер, өрелі ғалым, абзал азамат Мыңжасар Әдекеновтің есімі берілуінде – оның туған жерді түлетудегі қыруар еңбегіне берілген ізгі қоғамның лайықты бағасы жатыр.
Ал, Нұркен ауылының халқы Жарлы өзеніндегі көпір арқылы әрлі-берлі өткен сайын мың жасағыр Мыңжасар Әдекенұлының есімін құрметпен атайды.
***
…Жарлының бойы. Директор Әдекенов малдас құрып, дала төсінде тыныстап отыр. Кәстөмін желбегей жамылып алған. Қолында – бір уыс жусан. Құмарлана иіскейді. Осыдан сан ғасыр бұрын Бейбарыс Сұлтан бабасының сағынышына айналған Арқа жусаны. Мысырды билеп, әлемнің мысын басқан Бейбарыстың аңсары ауған қызыл жусан. Сол Бейбарыс бабаның ұрпағы, кешегі Нұркен батырдың ізбасары Мыңжасар Әдекенов қолындағы бір түп жусанды құмары қанғанша иіскеді де, мектепте оқитын ұлы Серғазыға ұстатып жатты. Кітапқа үйір, ғылым-білімге сергек Серғазының болашақта академик атанып, осы жусаннан обырға шипа болар дәрі ойлап табарын сезді ме екен?! Сезді. Өйткені, әкенің қолындағы жай ғана жусан емес, ұлына арқалатқан қастерлі аманат еді…
Бабаны қадірлеп, батырды ұлықтаған қайраткер әкенің ғибраты осылайшы жалғасып келеді.
Ерсін МҰСАБЕК.