АбайАймақ

Абай ауданындағы жолдар боран мен көктайғаққа төтеп берді

Абай ауданындағы 42-жол-пайдалану мекемесінің қызметкерлері мен жұмысшылары қыс қаһарына мінгелі қауырт қимылға көшкен.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Биыл Арқа өңіріне қыс әдеттегіден кеш келгенімен де, желтоқсан айының ортасынан басталған қарлы боранның артынша жаңбыр жауып, аяқ асты мен жол үсті көктайғаққа айналып, адам өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп-қатер төнген еді. Міне, осынау қысылтаяң сәтте аталған мекеменің жолшылары ештеңеге абдырамай, демалыс дегенді де мүлдем ұмытқан болатын.

– Осылай боларын сезіп-білгендей, тайғақ жолдың бетіне себу мақсатында 2 мың тонна қиыршық құм мен 60 тонна тұзды ерте бастан қамдап алғанбыз, – дейді осы 42-жол-пайдалану мекемесін 9 жылдан бері басқарып келе жатқан Нұргелді Сейфулғазин, – Бұл қатал маусымдағы жұмыстарды атқаруға біздегі 37 адам мен 23 техника тәуліктің кез келген мезгілінде тастүйін дайын.

Жалпы, бұл мекеме ұжымы республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Шідерті» бағытындағы асфальт жолдың 158 шақырымына қызмет көрсетеді. Өткен жазда бұл жолдың 70 шақырымына «ҚАЖсервис» ЖШС ойнатқан тендер бойынша ағымдағы жөндеу жүргізіліп, мекеме басы мен Ақой ауылында техникаларын қоюға арналған жабық аңғарлар салынып, өздері жол бойына 180 белгі қойып, 900 қума метр жолға қар тоқтататын ағаш қалқандар орнатыпты. Жолдың қалған бөлігін жөндеу биыл да жалғасатын көрінеді.

Қазірде мекеме жолшылары өздеріне қарасты жол үстінде апатты жағдайлардың алдын алу ниетінде оған тұз бен қиыршық құм себуді тоқтатпай, жол жиектерін, оның бойында тұрған аялдамалар мен дәретханалар маңын техникамен, ол бара алмаған жерлерде қол күрекпен аршып, тазалаумен айналысуда. Шүкір, әзірге ешқандай тосын жол-көлік оқиғасы мен қыс ішінде далада қалғандар жоқ екен.

Айту керек, ел амандығы жолында жүрген бұл мекеме ұжымы бүгінгі заман көшінен де қалыспай, бастан аяқ цифрландыруға көшіп болыпты. Мұндағы техникалар мен құрал-саймандардың барлығы, тіпті, қосалқы бөлшектердің есебі мен қозғалысына дейін цифрландырылып, мекемеге кіреберіс ауыздағы пиар-код ұжым мүшелерінің жұмысқа келген-кеткен уақытын көрсетіп тұрса, тіпті жол бойындағы дәретханалар қабырғасына ілінген осындай кодтар бойынша олардың тазалығы туралы тиісті жеріне хабарлауға да болады.

– Ендігі бізге жетіспей тұрғаны – жасанды интеллект қана. Сәтін салса, оны да қолданатын күн алыс емес деп ойлаймын, – дейді әңгімесінің соңында Нұргелді Сейфулғазин.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button