Ағайындылардың олжасы
Семсерлесуден Дубайда ұлдар мен қыздар арасында Азия кубогі өткен болатын. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған ағайынды Ермек пен Ерқанат Құралов және апалы-сіңлілі Кристина мен Дарья Макаровалар жүлдемен оралды. Сонымен қатар ұлттық құрама комадасы жалпы командалық есепте ІІ орын иеленді.
Әлем чемпионатына Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Үндістан және БАӘ елінің жасөспірімдері қатысты. Ұлттық құрама сапында қарағандылық «Жалын» спорт мектебінің төрт оқушысы өнер көрсеткен болатын.
Ермек Құралов – 17 жаста. Спорттың осы түрімен айналысып келе жатқанына жеті жылдың жүзі болған. Ал, інісі Ерқанат Құралов бес жылдан бері шұғылданып келеді.
Қыздар арасында өткен бәсекеде сынға түскен 16 жастағы Кристина мен 16 жастағы Дарья Макарованың спортта жүргендеріне жеті жыл. Ұлттық құрама сапына енген жерлестерімізді семсерлесуден Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Виктор Егоров жаттықтырады.
– Бұл жарыс біздің шәкірттер үшін шешуші турнирдің бірі болды. Себебі, осы турнирде сәтті өнер көрсеткен спортшылар Бахрейндегі Азия чемпионатына және Сауд Арабиясында жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Біздің балалар осы чемпионатта жақсы нәтиже көрсетті. Әрі Астана мен Алматыдан келген басты бәсекелестерін жеңді. Ендігі мақсат – құрлықтық және әлем чемпионатына дайындалып, жүлделі орындардан көріну, – деді Виктор Егоров.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz