РуханиятТағзымТұлға

Татан батыр кім?

Көк түркілер тарихын тасқа жазды. Бабалардың салтанаты ұрпаққа «күңгір-күңгір күмбездер» мен аңыз-әңгімелер арқылы жетті. Асылында, қазақ даласындағы мазарлар мен шежірелер шерткен шындықтың шері тарқаса ғана, жадымызды жетпіс жыл меңдеген мәңгүрттіктің дерті тарқамақ. Өйткені, біздің бұрнағы тарих көрші империяның ығымен жазылғаны белгілі. Алайда, анық тарих Алаштың киелі даласында жатыр. Сарыарқаның жауһар сұлулығына шашылған сырлардың сынығын біз де зерделеп байқайық.

Арқаның кең қойнауының көкмоншақ шоқтығы Қарқаралы – «көккөздерден» көпсырын өңіріне бұққан шоқ күмбездер мекені. Көне дәуір мен XVII-XVIII ғасырлардағы күмбездер құпиясын өткен ғасырда Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар зерттегенін білеміз. Олардың сырына Ақселеу Сейдімбеков те үңілді. Десек те, әлі де құпиямен қымталған тарихи ескерткіштер жетерлік. Соның бірі – Татан күмбезі. Саман қабырғасының жарымынан көбі құлаған шошақ бейітте мәңгілік дамылдаған кім? Батыр ма? Басқа ма? Сұрақ – көп, жауап – аз. Дегенмен, тарих қойнауына үңіліп, өткен күннің елесінен бір белгі іздеп көрелік.

Арқаның көз жіберсем алабына, Сарыарқа – сары дария, қиыры жоқ Кез болсын қандай қыран талады да…

Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

 

Ел мен ер не дейді? Сарыарқаның сағым тербеген сары даласы. Қабағы қатулы қалың қосын. Қара нары ыңыранған қалың көш. Денесінде – көбесі, желкесінде – жебесі түмен әскер томсарды. Батырынан айырылған қалың қол күн шығысқа жөңкілер алдында қыр басына соңғы рет қарады. Жотадағы батырдың жер бесігі болған саман күмбез состиып тұр. Елдің аманаты мен ердің қазасы жүректерге қаһар байлаған. Қалың топ атқа қонып, қалмақтың соңынан жөнелді…

Сірә, Сарыарқаның сары белдері мен саумал көлдерін ойраттан азат еткен көріністің бірі осылай болған шығар-ау! Сонау ал[1]мағайып замандарда ата-баба қорымын жоғалтып, сеңдей соғылған қалың қазақтың басына отанынан айырылу қайғысы түскен еді. Бабалар бірліктің арқасында дұшпанның белін сындырса да, атақонысқа қайта келген ұрпақ белдің атын ұмытты. Кеңес кезінің кер саясаты Алаштың баласына қызылдың қас жауы санап, көне тарих пен айбынды ата-бабаның құлпытасын іздетпеді. Азаттық алған соң да етек-жеңін қымтап, есін жиғанша қазақтың оны ойлауға мұршасы болмады. Сол себепті, ұшса қыранның қанаты талатын сайын далада қарайған мазарлардың кімдікі екені тек кейіннен ғана анықталып жатыр. Қарқаралы өңірінде де біршама күмбездердің басына белгі қойылып, Қазақстанның мәдени ескерткіштерінің қатарын толықтырып жатқанын білеміз. Мәселен, Матақ, Бердіқожа, Жапалақ, Тәттімбет, Құсбек, Тубек, Арыстанбек, Аппаз сынды тұлғалардың күмбездері қайта жаңғырғанын айтуға болады. Бұл тізім толыға бермек. Олай деуге орынды негіз бар.

Біздің жұрттың көзіқарақтысы Темірші селолық округінің орталығында Татан батырдың күмбезі барын біледі. Көне сәулет құрылысы жермен жексен болудың аз-ақ алдында тұр. Татанды бұл төңіректегі керей мен төлеңгіт рулары «біздің бабамыз» деп есептейді. Дәлелдері – шежірелерінің тармағында Татан есімінің болуы.

Алайда, «Бұл адамды біздікі десе де, ол кісі Абылай заманында батыр болған, бабамыздың осындай ерлігі, аңызы бар» деп айтқан керей мен төлеңгіт рулары ұрпақтарының сөзін естімедік. Анығында бұл жер «қаракесектің қамбар руына тиесілі» дейді ел тізгінін ұстаған Қайрат Мұхтаров пен ауыл ақсақалы Ағыбай Ильяшев. Таяуда аруақты батырдың киесін тірілтіп, көне қорымның мүмкін иесін жініктірген маңызды оқиға болды.

Осыдан екі апта бұрын «Татан батыр – біздің бабамыз» деп екі жеңіл көлікпен мың шақырымнан артық жолды еңсеріп, Қарқаралыға бір топ адам сау ете қалды. Келе маған хабарласты. Ертесіне мен келген қонақтарды бастап, таңғы алтыда «Татан, қайдасың?» деп тарттық. Бізді Темірші ауылдық округінің әкімі Жасұлан Жақыпбай бастаған Серік Ильяшов, Жеңіс Ақшонтаевтай ауыл азаматтары қарсы алды. Татан батырдың күмбезі бой көтерген қыр басында да, қызыл кірпішті жаңа мешіт төрінде де, көк төбелі үйдің кең бөлмесіндегі құт құйылған дастархан басында да өткеннен көп әңгіме шертіліп, баба аруағына Құран бағышталды. Қостанайдың Болат Нұғманов, Мәди Абилов, Амангелді Торғаев, Тасқын Ашимов, Мереке Жанабаев сынды татан руының азаматтары қостаған қосынды бастап келген Аманболған Тұрмағанбетов те келген мақсатын түсіндіріп, өз сөзін айтты.

– Біз Арғынның ішінде Әйдеркеден тараймыз. Әйдерке мен Шақшақ бірге туыса[1]ды. Әйдеркенің Өтеміс, Ожан, Қадірімбет, Бөдене, Жылқыайдар, Татан атты алты ұлы болған. Бұл аталардың жартысы Торғай[1]ды, қалғаны Қостанайдағы Сұлукөл ауылы маңын мекендейді. Абылай заманында батыр болған Татан бабамыз Әйдеркенің кенже ұлы. Мен бабамыздың сегізінші буыны болып есептелемін. Аталарымыздан бізге «Татан бабамыз өмірден жастай кетті» деген сөз жетті. Бұған дәлел – Татаннан Қосай мен Өтеген деген екі бала ғана қалғандығы. Татан атамыздың бір ұрпағы Мереке Жаңабаевтың әжесі Нұрила жеңгеміздің «Татан бабамыздың кесенесі Семей өңірі жақта өзеннің жағасында тұр. Ол кісі ел қорғаған батыр болған. Оны үлкендер айтып отыратын» деген сөзі бар. Ал, Қарқаралы өңірінің бір кездерде Семейге қарағанын біз кезінде білмедік. Сондықтан, біз кейінгі Абай облысының аумағынан ғана сұрас қылдық. Бірақ, таппадық.

Темірші өңіріндегі жұрттың бір парасы Татан батырды керейге жатқызады екен. Өзім архивте жұмыс істеген адам болған соң, Аман Торғаев деген ініммен бірлесе керейлердің шежіресін зерттедік. Сіздермен көршілес керейдің абақ руы тұрады екен. Олардың ішінде Татан атты бес адам ғұмыр кешіпті. Бесеуі бес тармақтан. Олардың әр­қайсы әр уақытта өмір сүрген екен. Біріншісі керейге жетінші буын болса, соңғысы он екінші ұрпақ екен. Он екінші ұрпақ болып табылатын Татаннан үш ұл туады екен. Үлкені – Алтангырен, екіншісі – Агыпеш, үшіншісі – Алеша. Бұлардың есімдеріне қарасақ Арқаның керейлері емес. Татан атты керей аталарының жасын Керейден қуалай есептесек ешқайсының жасы 18 ғасырға дәл келмейді. Ал, одан бұрын қазақ саман кірпіштен бейіт көтермегенін білеміз. Керек десеңіз, Шыңғысхан заманында адамдар тереңдетіп көр де қазбаған. Тек, жердің бет топырағын ысырып, қайтыс болған кісіні қара тастармен бастырған.

Семей төңірегінің біраз жерінен Татан атауын іздеп, табылмаған соң күдерімізді үзгенбіз. Алланың құдіреті ғой! Бәлкім, бабамның аруағы шығар… Осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желіде Қарқаралы ауданы Татан ауылындағы бәйгеде аты мертіккен бала сәйгүлігінің жүгенін сыпыра ұмтылып, мәреге екінші болып келгендігін көрдік. Бұл оқиғаға мен елең ете қалдым. Артынша Татан ауылында алтын күмбезді жаңа мешіт ашылғанын ақпарат құралдары арқылы көріп-оқып, Қостанайдағы татандар «өшкеніміз қайта жанып, өлгеніміз қайта тірілгендей» дүрліге көтерілдік. Содан, Астанадағы балаларыма «Татан ауылындағы әкімшіліктің телефонын тауып беріңдер деп» айттым. Телефон нөмірі қолға тиген соң ауыл әкімі Жасұлан Жақыпбайұлына «Татан ауылының тарихы туралы айтсаңыз» деп өтіндім. «Татанға кім боласыз?» деп ол кісі қарсы сұрақ қойды. «Менің руым – татан» деп жөнімді айттым. «Біздің ауылда Татан батырдың мазары бар» деді Жәкең. Біз шөл далада суды көрген жолаушыдай опырыла көтеріліп, жеткен бетіміз осы. Татан ауылына жасаған сапарымыздың оң болуына көмектескен Мереке Жанабаев інімнің досы, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Ғали Өмірбековке алғысымыз зор. Біздің мақсатымыз – жергілікті халықпен сұхбат құрып, күмбездің кімге тиесілі екендігін анықтау. Ал, дау туса, аруақты мазалауға тура келеді. Өйткені, сүйек анализі барлығына нүкте қоймақ, – деп Аманболған Фазылжанұлы біраз дүниенің сырын ашты.

Аманболған ағамыз мәлім еткен әйдерке мен шақшақ рулары бір бұтақтан тарайды. Әйдеркенің Үркімбай биі, Шақшақтың Жәнібек батырларының есімі елге мәлім. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың да шақшақтан тарайтынын жақсы білеміз. Жоғары шектіге жататын бұл рулар Арғынның Айнамкөз тоқалынан тарайды. Жоғары шекті мен төменгі шекті ел шекарасының солтүстік шегінде жатыр. Мұхамеджан Тынышбаев, Сәрсен Аманжолов сынды ғалымдардың зерттеулері «шекті руларының құрамына найман мен қаракесек рулары сіңген» деп топшылайды. Бұл да татан руының тамырына бойлар құнды дерек деп ойлаймын.

Жер мен жөн не дейді?

Татан сөзінің түбірі – көне түркілерге тән екенін Лев Гумилев сынды беделді тарихшылар растайды. Біз әңгімемізді бағзы дәуірлерге өрістетіп, алысқа қияндамай осы тұжырымға тоқталық. Көшпенділер жер атауын адам ныспысына беріп, кісі есімін жерге теліген. Мұны Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-ғайыр даладағы топонимдер айтады. Осы арқылы елдер мен рулардың көші-қон шекарасы, ірі керуен жолдарының бағыт-бағдары анықталған. Сарыарқаның сауырында қазақпен қоса жоңғардың да жер атаулары жиі кездеседі. Өйткені, оның адырлары ғасырға жуық уақыт қалың қалмақтың да құт мекені болды. Абылайды хан сайлаған дәуірден бастап, басы қайта біріккен қалың қазақ Арқаны жоңғардан азат етіп, орта жүздің ормандай баласы туған жермен тамырын қайта жалғағанын білеміз. Сөйтіп, атажұртына қайырыла оралған қалың арғын да көп белдің атауын жаңғыртқанымен, қайсыбірі қалмақтың айтуында қалды. Қалмақтың Сарыарқаны жоқтап, жылаған зарын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып кеткен. Осы тарихи оқиғалар туралы Арқадағы шежіреге жетік белгілі журналист Ержан Имаш өз пікірін білдірді.

– 1652 жылы Тәукенің әкесі салқам Жәңгір ойраттың батыры, хошоуыт тайпасының көсемі Очирицу Цецену ханның ұлы 19 жасар Галдаман Нойонның қолынан қаза табады. Осыдан кейін қазақ Арқадан айырылады. Тек, 1741 жылы Баянауыл маңындағы «Қалмаққырған» аталған соңғы шайқаста қазақтар ойраттарды ойсырата жеңеді. Содан соң екі жақ келісімге келеді. Қазақ Сабындыкөлдің басында жеңісін тойлап, ас береді. Он екі мың жылқы біткен қанжығалының ағайынды Абыз бен Шомақ деген байлары асқа 90 ту бие сойған екен. Ал, қалмақ Сарыарқадан айрылып, зар жылайды. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп былай деп жазған:

…Үш атамыз өткен тау,

Үш мың қара біткен тау,

Әкем күйеу болған тау,

Шешем келін болған тау…

Ерейментау, Дегелең деген атаулар, тіпті бұрынғы Баян-ола деген топонимдер сол ойраттардан қалған. Ірі шайқастарда қаза болған қазақ батырларының сүйегі Арқаның әр тарабында жатыр. Мәселен, уақтан шыққан Баян батыр Шет ауданының жерінде жерленген. Сол сияқты талай баһадүр қазақ-жоңғар соғысында ұлан-ғайыр даланың әр түкпірінде қаза тапқанын білеміз. Бұл жайында Доспамбет жыраудың айтатыны бар ғой:

…Екі арыстап жау шапса,

Оқ кылқандай шаншылса,

Қан жусандай егілсе,

Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес!– деген сөздермен Ержан Мәзұлы ойын түйіндеді.

Әңгімені әріден қозғағанымыздың да жөні бар. Себебі, қаздауысты Қазыбек би бастаған қаракесек рулары Сырдың бойынан Қарқаралы, Баянауыл, Кент, Боқты, Балқантау, Қызыларай, Аспантау, Едірей, Темірші тауларының баурайындағы өлкелі жерлерге қоныстанғанда, бұл мекенді бұдан бұрын жайлаған қанжығалы бастаған қалың көш Арқаның солтүстігіне, керей мен уақ шығысқа ығысты. Мұны Боқты тауының етегіндегі «Абыз» секілді сол рулардан қалған көптеген елді мекен топонимдері растайды. Сөзімізге әңгіме ортасында қайта оралармыз. Енді, Теміршінің бауырына ойысайық.

Темірші селолық округінің іргесіндегі Қусақ өзенінің шығысындағы қыратта саман кірпіштен қаланған күмбезді мазар тұр. Мұндағы ел жартысынан көбі жермен жексен болған кесенені «Татан батыр бейіті» деп айтады. Күмбезді кесененің иесі кім болса да, беделді адам болған. Өйткені, еңсесі – биік. Тарихи ескерткіштің сәулеті мен кескінкелбеті бұдан біраз жыл бұрын Дағандылы өзенінің бойындағы қыратта анықталған шанышқылы Бердіқожа батырдың кесенесіне ұқсайды және оның жасы да осы шамалас болуы керек. Себебі, балшықтан құйылған кірпіштің кесегі соған меңзейді. Оны алдағы уақытта зират кірпіші жасының анализін жасайтын ғалымдар анықтай жатар.

Бердіқожаның Абылай хан заманындағы қазақ қолының ірі қолбасшыларының бірі болғанын білеміз. Мұны тағы Мәшһүр Жүсіптің жазбалары растайды. Жалпы, Қарқаралының осы өңірлеріндегі қазақтың қалың қосынын шор руынан шыққан Қожан, Тоғалақ, Матақ және қырғыз руының Мәнжі сынды батырлары басқарған. Осылардың ішіндегі Абылай түменінің тізгінін ұстағаны – Қожан батыр. Рас болса, Қожан – Шідертіде, Тоғалақ – Ұлытауда дамылдаған дейді. Бұған қарап, арғынның әйдерке тармағынан шыққан Татан Қусақтың бойында жатса, таңқалуға болмас.

Жалпы, Арқа жеріндегі күмбездер туралы ой толғаған тарих ғылымдарының кандидаты, ҚарУ доценті Мәулен Жакин біраз ой қосты.

– Жалпы, XVIII ғасырда қайтыс болған адамдардың мазарлары Арқада көп сақталмаған. Еңсесі биік саман кірпіштен қаланған бейіттердің көбі XIX ғасырдың 30 жылдарынан кейін тұрғызылғанын білеміз. Негізі елге танымал, беделді адамдардың бейіті көш, керуен жолдарының бойында орналасқан. Қазақ өз қонысының шекарасын анықтау мақсатында қыстаудың басында атасы, ортасында ұлы, жайлау шетінде әкесі жерленген. Мұны XIX ғасырдағы патша үкіметінің карталары растап отыр. Азамат жаугершілік заманда жер жастанса да, кездейсоқ жерге қойылмаған. Батырлар, билер мен байлар шығыстан батысқа өтетін керуен жолдарының бойындағы өзен жағасындағы қыраттарға жерленген. Олардың ең мықтыларын мүмкіндігінше Түркістандағы мемориалға жеткізуге тырысқан. Тек, 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» шыққаннан кейін бұған тыйым салынған. Сондықтан, қазақтың жері әкімшілік бөлініске бөлінгеннен кейін, қайтыс болған ру басыларына әр жерлерден күмбездер тұрғызған. Бұл – биліктің символы болды. Қазақ батырларының көбі әлі толық зерттелген жоқ. Біз білетін әйгілі батырлардың есімдері Шоқан Уәлиханов сынды ғалымдардың еңбектері арқылы жетті. Алайда, ерлігі мен салтанаты олардан бірде-бір кем емес талай батыр атаусыз қалған, – дейді ғалым Мәулен Жакин.

Абылай заманындағы қазаққа қатысты тарихи құжаттар Петербор мен Омбының архивінде жетерлік. Олардың біразы Зарқын Тайшыбай, Болатбек Нәсенов сынды белгілі ғалымдардың еңбектерінде құнды дерек ретінде пайдаланды. Қытай мен Орта Азия елдерінің XVIII ғасырлардағы тарихи жазбаларының да тамырын басқан дұрыс. Дегенмен, архивпен жұмыс істеу «майдан қыл суырғанмен» пара-пар іс. Сондықтан, болашақтың еншісінде атқарылар жұмыс көп. Өйткені, ұлттың ұлы тарихы тұлғалардың өмірінен жеткен естеліктер мен оқиғалардың дәлдігіне сүйенеді.

«Арғынның Әйдеркесінен тараған Татан батыр Қарқаралының Татан ауылында жатыр» деп кесіп айтпасақ та, бұлай топшылауға толық негіз бар. Өйткені, соңында «Шығысқа аттанған жолда шейіт болған. Өзен жағасына жерленіп, басына мазар салынған. Жас қайтқан. Қол бастаған ер» деген аңыз бар. Әйгілі батыр Бөгенбайдың жоңғарды Тарбағатай тауын асыра қуғанын ескерсек, Татанның ұрпақтары Қостанайға тамыр жайғанына да таң қалуға болмас. Өйткені, ел басына күн туған алмағайып заманда қай қиянда жатса да, қарға тамырлы қазақ жұдырықтай жұмылды.

«Арғыннан ары барсаң адасасың, Ми жетпес көп дүниеге шатасасың. Ол кезде сен де жоқсың мен де жоқпын, Несіне шежіреге таласасың?!» деген Мәшһүр әулиенің сөзі бар. Біздің бергі тарихтың да ақтаңдақ тұсы жетерлік. Ендеше, археология ғылымы мен дәйекті деректер сөйлесін. Менің ойым осындай. Сіз не дейсіз, оқырман?!

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button