«Бұрынғы әйел» болғанмен «бұрынғы бала» болмайды
Таңды таңға ұрып жырланса, алименттің жыры жырлансын. Облыстағы 20 мыңға жуық әке 25 мыңға тарта балаға алимент төлемей қашып жүр деп, отыра қалып жыласақ та, борышкер әкелердің санасына ғайыптан-тайып сәуле түспесе, жағдайдың өздігінен түзелмейтіні анық. Ал, жағдай алда-жалда түзеле қалады деп өз-өзімізді сендіргіміз келгенімен, ғажайып ертегіде ғана болатыны тағы бар. Осыдан соң «бала анасы мен сот орындаушыларына ғана керек екен» деген ой еріксіз жылт ете қалады. Себебі, әкенің бала алдындағы қарызын өндіріп алу үшін биылдың өзінде 15 бос орындар жәрмеңкесінде сот орындаушыларының араласуымен небары 16 борышкер әке жұмысқа орналасса, екі мыңға тарта әкенің жұмысқа тұрғысы жоқ, қалғандары жұмысы болса да төлеуден жалтарып жүргендер.
«Жалғыз басты аналар елі»
Егер жағдай осы қалпы жалғаса берсе, «жалғыз басты аналар еліне» айналып шыға келуіміз көзді ашып жұмғанша. Оның үстіне, статистикалық деректер де жыл сайын шаңырағы көтерілмей жатып, ортасына түсетін отбасылар саны артып келеді дейді.
Елімізде қылмыстық кодекстің 139 бабына сәйкес, үш айдан артық алимент төлемеген әке алты жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, не екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ, бірқатар борышкерлер баласы барын ұмытып кететіні өз алдына, қарызына байланысты өзіне іздеу жарияланғанын да білмейтін көрінеді. Оған жұмысына немқұрайлы қарайтын жеке сот орындаушыларының да бар екенін қосыңыз. Мысалы, теміртаулық борышкер әкенің қарызы бола тұра сот орындаушысы заң бойынша міндетті болса да шетелге шығуға шектеу қоймаған. Ал, 1,5 млн. теңге берешекті өндіріп алуға шетел асып, ешкімнің іздемейтіні анық.
– Алимент өндірушілерді іздеуге келетін болсақ, бұл институт толық жұмыс істемейді. Тіпті, қарызы барлар сот орындаушыларынан жасырынбайды және өздерінің іздеуде екенін білмейтіндер де бар, – дейді Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан прокурорының орынбасары Қажымұрат Мұратов.
Әлеуметтік жауапкершілік керек
«Уақытылы алимент алмаған бала құқығын тек сот орындаушылары ғана емес, қоғам болып қолға алып, қорғау керек» дейді облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Бекзат Ахметов. Яғни, бүкіл мемлекеттік аппарат пен бизнес қоғамдастық кәмелетке толмағандардың алдында әлеуметтік жауапкершілік алуы тиіс. Сонда ғана, мәселенің түйіні тарқатылмақ. Мәселен, Қарағанды қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығының» ресми мәліметі бойынша облыс орталығындағы жеке коммерциялық кәсіпорындар мен ұйымдарда екі мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Биылғы он айда Абай, Осакаров аудандарында, Қарағанды, Саран, Теміртау және Балқаш қалаларында бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өткен. Жоғарыда айтқанымыздай, жарғақ құлағы жастыққа тимеген сот орындаушылары қанша тыраштанса да, небары 16 адам ғана жұмысқа орналасқан екен. Себебі, жеке ұйымдар мен кәсіпорындар мұндай жәрмеңкелерге қатысып, борышкерлерді жұмысқа қабылдағысы келмейді.
– Кәмелетке толмаған балалардың сот тағайындаған алименттерді міндетті түрде ай сайын алу құқығын сақтау мемлекеттік маңызы бар әлеуметтік мәселе болуы тиіс. Оны қамтамасыз етуге барлық мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар борышкерлерді тұрақты негізде жұмысқа орналастыру арқылы қатысуы тиіс. Бірақ, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелеріне мемлекеттік кәсіпорындар қатыспайды, – дейді Бекзат Қалқаманұлы.
Сондай-ақ, басқарма бастығы егер жұмыс берушіде бес бос орын болса, олардың екеуіне міндетті түрде алимент бойынша борышкерлер қабылдануы тиіс екенін де айтып отыр. Бұл шаралар борышкерді алимент бойынша жұмысқа орналастырудың емес, кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғаудың қазіргі проблемасын шешуге септігін тигізеді.
Ата-ана құқығы ешқайда кетпейді
Бүгінде облыс бойынша алимент берешегі 2 млрд. теңгеге жуық. Бұл бүкіл ел бойынша қарыздың 15%-ын құрайды.
– Соңғы 2 жылдағы статистиканы алсақ, сот орындаушылары өндірісінде балалардың пайдасына алимент өндіріп алу туралы 35 мыңнан астам құжат болған. Одан бөлек, борышкерлердің үштен екісі ғана алимент төлеп, қалғандары мүлдем төлемейді. Мұның себебі тек жұмыссыздық емес. Борышкер әкелер жұмыс берушілермен келісіп, нақты кірісін жасыру арқылы төлеуден қашады, – дейді Қажымұрат Мұратов
Қажымұрат Серікұлы да борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту да проблеманы шешпейтіні айтып отыр. Себебі, мұндай борышкерлерден баланың пайдасына өндіріп алатын дүние де жоқ. Мысалы, 2022 жылдың 9 айында 154 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 86 әкеге айыппұл салынып, 68 әке қамауға алынған.
Ал, борышкерлердің ешқайсысы әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылғаннан кейін де алимент төлеу бойынша өз міндеттерін орындамайтынын айтады мамандар.
– Ата-аналардың құқықтары мен міндеттері ажырасқаннан кейін аяқталмайды. «Бұрынғы әйел» деген тіркес бар, бірақ, «бұрынғы бала» деген ұғым болмауы керек, – дейді Қажымұрат Мұратұлы.
Салтанат ІЛИЯШ