БрифингҚарағанды

“Арселор” уәдеге берік пе?

Қарашадағы құспен бірге қайтқан, шахтадан шалқалап шыққан бесеудің қазасының себебі Үкімет деңгейінде тергелуде. Қаралы хабар қалтыратқан күні-ақ Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жетекшілік ететін Үкіметтік комиссия дереу іске кіріскен-ді. Комиссия 10 күнде шешім шығаруы тиіс. Яғни, жарылысқа түрткі жағдаяттарды анықтайды. Осылайша, күнәлілер кінәсіздердің алдында жауап беруі керек. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ы болса, апатты азайту үшін аянып қалмайтындықтарын айтып, ант-су ішіп әлек. Компания басшылығының сөзіне сенсек, құйған инвестиция – қомақты. Кейінгі жылдары 1 млрд. долларға дейін жеткен. Биылдың өзінде 147 млн. доллар инвестиция бөлген. Бөлсе, бөлген шығар, бірақ, қап-қап ақша қат-қабат қайғыдан құтқарар емес. Жеті қат жер астына түсіп, көмір қазатын кенші мамандығының өзі тәуекелге толы десек те, айдың-күннің аманында ананың ұлынан айырылып, «аһ!» ұруы – бұл мәселеде былқылдақ-солқылдаққа орын жоқтығын көрсетеді. Қоғам талабы да сол.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

КОМПАНИЯНЫҢ ОЙЫНДА НЕ БАР?

Еңсені езген бір минут еске алу үнсіздігінен соң алпауыт компания «ағынан» жарылды. «Тас – түскен жеріне ауыр». «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир қайғылы оқиғаның қайталанғанына қабырға қайысқанын жеткізді. Қаза тапқандардың отбасыларына моральдық және қаржылық қолдау көрсетілетінін және мәлімдеді. Міндеттемелерін мүлтіксіз орындауға бейіл екендіктерін де еске сала берді.

– Мынадай жағдайды қайтадан бастан өткергеніміз өзекті өртейді. Оқиғадан соң іле-шала біз марқұмдардың отбасына бардық. Оларға барынша қаржылық және моральдық көмек көрсетудеміз. Қазір оқиғаның себебін анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Иә, біздің алдымызда шахталардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты зор міндеттер тұр. Мен осында жұмыскерлеріміз үшін, кәсіпорындарымызды қауіпсіз ету үшін келген едім. Бұл қауіпсіздікті ертерек қамтамасыз ете алмағаным менің жаныма батады. Алайда, бар командамыз жұмысқа жұмылдырылған. Біз бұл міндетті де орындаймыз, кәсіпорындарымызды қауіпсіз қыламыз, – деді Биджу Наир.

Атқарушы директор Виджай Гоэль алдағы уақытта қайғылы жағдай қайталанбас үшін компанияның шаралар кешенін қабылдайтынын айтады. Бұл күнде Ленин атындағы шахтада жұмыс тоқтап тұр. Шахтада жұмыс істеудің және оған байланысты тәуекелдердің тұжырымдамасы қайта қарастырылатын болады. Осының негізінде атқарылар шаралардың жоспары жасалмақшы.

– Жұмысты жақсарту үшін сырттан сарапшылар тартылады. 1 млрд. доллар көлеміндегі инвестиция ендігі нәтижесін бере бастады. Бұл қаражаттар біздің жұмысшыларымыздың қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауға және құрал-жабдықты жаңғыртуға жұмсалады, – деді Виджай Гоэль.

Қарағанды шахталарына қожалық еткен жылдары қанша апат орын алғаны туралы нақты статистика айтылмайды. Бірақ, Ленин атындағы шахтадағы осыдан 16 жыл бұрын 41 адамды алып кеткен қайғылы жайт әлі елдің есінде. Онда техника қауіпсіздігін сақтамаған деп, шахтаның 6 жұмыскері сотталған. Енді елде бір сұрақ. Бұл жолы кім сотталады? Тағы өзіміз бе? Бұл да – көптің көкейін тескен, әзірге жауабы жоқ ашық сауал боп тұр.

25 ЖЫЛ БОЙЫ ДЕГАЗАЦИЯ ЖҮРГІЗІЛМЕДІ ДЕГЕН АҚПАР ЖАЛҒАН

Ширек ғасыр бойына «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахталарында дегазация жүргізбеді деген мәлімдеме, расы керек, жұрттың жүйкесіне ши жүгіртті. Онсыз да ширығып тұрған қоғамның қитығына тиіп кеткен-ді. Былай қарасаңыз, шахтадағы сірескен газды шығармау – қолдан жасалған жарылыспен пара-пар іспеттес. Бұл қаншалықты шындық?

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов департамент тарапынан газды шығару үшін барлық шараларды жүзеге асырғандығына сендіреді. Оның айтуынша, бұл қауесет шындыққа жанаспайды.

– Көмір департаменті дегазация жасау үшін бар әдіс-тәсілді қолданады. Атап айтқанда, ол жер үсті, жер асты бұрғылаулар. Жекелеген кей жылдары түрлі мақсатта 400 шақырымға дейінгі ұңғымалар бұрғыланды. Былтырғы жылы ондай 310 шақырым. Сондай-ақ, метан газын сорып алу үшін неміс өндірушісінің қазіргі заманғы вакуумдық-сорғы станцияларын қолданамыз. Шахталарда мұндай 26 станция бар. Бұл – ТМД-дегі ең ірі дегазация станциясы. Өзге ТМД елінің біреуінде жоқ. Соңғы 20 жылда АҚШ, Аустралия, Ресей, Қытай елінің компанияларымен бірлесіп жұмыс істедік. Газсыздандыру тәсілдерінің бәрін шахталарда қолдандық. Атқарылған істің бәрінің байламы біреу ғана. Ол – біздің сілемдер төмен газдалған деген байлам. Яғни, сілемдерді бұзғанда ғана газ шығатындығы. Газсыздандыру жұмысы бір минутқа да тоқтаған емес, – дейді Арман Қалықов.

АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛАТЫН ОЗЫҚ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚ ЖОҚ ЕМЕС

Кеншілер үшін қауіпті жұмысты жүргізетін заманауи құрал-жабдықтар алу үшін биыл 40 млн. доллар жұмсалғанын айтады Биджу Наир. Оның сөзіне сенсек, шахталарда қашықтықтан бұрғылайтын құрылғылар да бар көрінеді.

– Биыл көмір департаментіне 147 млн. доллар бағытталды. Оның 40 млн. доллары газсыздандыру құралдарына жұмсалады. Біз алмаз жалатылған арнайы 25 бұрғылау құралына тапсырыс бердік. Оның бесеуін алдық. Құралдарды неміс компаниясы біздің шахталардың ерекшелігін ескере отырып, орнатты. Төртеуі жұмысқа кірісті. Оның бірі – Ленин атындағы шахтада, – деді Биджу Наир.

«БІРЕУДІҢ КІСІСІ ӨЛСЕ, ҚАРАЛЫ – ОЛ»

Кісісі өлген үйге дәл қазір ат басындай алтын берсе де, басына түскен қайғысынан құтқара алмасы анық. Қаза көрген жаралы жүректі жұбатар жоқ. Дегенмен…

Компания басшылығының айтуынша, қаза тапқан кеншілердің отбасына ұжымдық шартқа байланысты 10 жылдық жалақысы төленеді. Отбасына пәтер беріліп, балаларының бірінші жоғары оқу орнының ақысы өтеледі. Былтыр дәл осы кезде қаза тапқан 6 кеншіге қатысты аталған міндеттемелер орындалды дейді олар.

ҚЫМБАТ ҚАЗЫНАНЫ ЖОҒАЛТЫП ЖАТЫРМЫЗ

Ата Заңда мемлекеттің «…ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Ендеше, мемлекет осы қазынасына абай болса, игі. Миллиардтаған шашылып жатқан қазынасы жоқ еді. Соны ұдайы ұмытпаса етті. Басқа не дейсіз мұндайда?!

Ал «Арселордың» антқа адалдығын, тірі жүрсек, алдағы уақыт көрсетер…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ

Ortalyq.kz

Қарағанды облысының маңызды және өзекті жаңалықтарын «Орталық Қазақстан» газетінің телеграмм каналынан оқыңыз (сілтемені басыңыз)

Басқа материалдар

Back to top button