Бас тақырыпМәселе

Мешіт көптік етпейді. Дегенмен де…

Дерекке сүйенсек, мешіт салуға тиым салынған мұсылман елдері де бар. Өйткені, халық санына шаққанда жеткілікті. Бұл мешіттің мөлшерден артық салынуы да дұрыс емес деген сөз. Мешіті жоқ ауылдар, мешіті ескірген немесе тарлық қылатын елдімекендер, қала, аудандар тағы бар. Десек те, қоғамда «мешіт салынады» дегенде: «Мешіттің орнына мектеп, өндіріс орындарын салайық. Елді жұмыспен қамтиық. Мешіттер бар ғой» деп қарсы шығатындар да жоқ емес. Ал, мешіт салудың шариғатта өте сауапты іс екендігі, ізгілік шарапаты өмірден өткен соң да марқұмға жетіп тұратындығы айтылады. Пікір қарама-қайшылығы көп туындайтын осы мәселені зерделеуге талпындық.

«Мешіт – Алланың үйі. Оған неге қарсы шығады?» деп ойлауыңыз мүмкін. Алланың үйі екендігіне дау жоқ. Бірақ, мектеп, жол, көпір, бала-бақша, өндіріс орыны сияқты адамға пайдасы тиетін ғимараттардың сауабы мешіттікінен кем емес. Өйткені, мешітте адам жаны тазарып, рухани кемелденсе, мектепте негізгі білімнің баспалдағы қаланады, жол арқылы діттеген жеріңізге жетесіз. Яғни, тірісінде осындай пайдалы істің бірін істеген адамға өмірден өткен соң да, сауабы о дүниеге барып тұрады. Бір түп тал ексеңіз де, ертең көлеңкесінде бір адам тыныстап, алғыс айтса, сауабы жетіп тұрады. «Алланың үйіне қарсы шығады» дегенге айтпағымыз – осы. Демек, Құдайды мешіттен ғана іздеу дұрыс емес. Ол ізгіліктің іргесі қаланатын барлық жерде бар деген сөз. Ниет түзу болса, болғаны…

Кейде «мемлекеттің қаржысына мешіт сала бермей мектеп, бала-бақша, зауыт салайық» деп уәж айтып жатады. Енді, осы мәселеге сәл аялдайық. Салынып жатқан мешіттерге қаржы қайдан бөлінуде? Оны кімдер салуда? Қажеттілік бар ма?

– Мешіт, шіркеу және тағы басқалары діни ғимараттар қатарына жатады. «Мешіт салма, мектеп сал» деу оңай. Екеуі де керек. Басын ашып алатын мәселе бар. Алдымен, мешіттің сол салынатын жерге қажеттігі дәлелденеді. Мешіттің имамы, салынатын орны, салу себебі, жамағат саны нақты көрсетіледі. Осының бәрі ескеріліп, қолдаған жергілікті қауымдастықтың хаттамасы қажет. Ол болмаса, мемлекет құрылысты бастауға рұқсат бермейді. Яғни, қауымдастық қолдамаса, ол жерге мешіт керек емес деген сөз. Тағы бір ескерер жайт, мемлекет діни ғимараттардың қаржылық жұмысына араласпайды. Заңдылығын ғана реттейді. Барлығы демеушілердің есебінен жүргізіледі. Мемлекеттен қаражат бөлінбейді. Кім көрінген қалаған жеріне мешіт сала алмайды. Оның бәрі құқықтық негізде реттеледі. Облыс әкімінің қаулысы негізінде аймақта 28 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Кейін оларды тіркеп, мүфтият меншігіне өткізеді. Тіркеуден өткен соң, діни рәсімдер өткізуге болады, – дейді облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Дулат Халел.

Әлеуметтік желілерде салынып жатқан мешіттерге қосымша қаржы жинап жататынының түпкі мәнін енді аңғарған боларсыз. Осындай сауабы мол үлкен мешіттерді тұрғызу үшін қаржының жеке кәсіпкерлерден бөлінуі – үлкен ерлік.

Мәселен, Қарқаралыда Құнанбай қажы салғызған мешіт бүгінде аудандық мешіт қызметін атқаруда. Қаншама уақыт өтсе де, жөнделіп, ел игілігіне жарап отыр. Демек, мұның сауабы мол іс екендігі баяғыда-ақ дәлелденген. Ал, Ахмет Байтұрсынұлы салғызған мектеп Ақтерек ауылында тұр. Бұл да тарихи әрі пайдасы мен сауабы мол ғимарат. Өйткені, сол мектептен Алаштың небір ғұламалары білім алып, елі үшін аянбай қызмет етті.

«Восток-3» ықшам ауданында салынып жатқан 3 мың адамдық мешіттің де қажеттіліктен екенін аңғардық. Демек, Майқұдыққа бір мешіт аздық қылады. Шамаң келсе, атсалысқанға не жетсін?!.

Ресми дерек бойынша, аймақта 229 діни ғимарат тіркелген. Оның ішінде, мұсылман мешіті – 126, православие храмы – 24, католик шіркеуі – 16, протестанттық шіркеу – 62, еврей синагогасы – 1. Қалалық «Әл-Машани» мешітінің жанында 35 діни білім алушы бала оқитын орталық бар. Құранды жаттап, ислам ілімін бойларына сіңіруде.

Енді, мәселенің екінші жағына үңілейік. Мешіттер жұмыс істеп тұр, жаңалары салынып жатыр. Ал, ондағы атқарылып жатқан жұмысқа елдің, зиялы қауым өкілдерінің көңілі тола ма? Мешіт салу туралы олар не дейді?

– Мешітті көп салудың қажеті жоқ. Әр қалада немесе елді мекенде халқының санына байланысты мешіт салса жеткілікті. Мешіттің атқаратын миссиясы қандай болуы керек? Исламның озық дүниелерін насихаттаса, ұлттық дүниетанымға, болмысқа сай емес киім киінетіндерге тоқтау айтса, қазақтың ағартушыларының сөздерін қосып, біріктіре уағыз айтса құба-құп. Ж.Баласағұн, әл-Фараби, Яссауи сынды ғұламалардың ілімін мешіт қызметкерлері халыққа исламмен біріктіре жеткізсе, өз миссиясын орындағаны деп ойлаймын. Мешітке түсетін зекеттердің қайда жұмсалатынын, соның нәтижесін ашық көрсетсе, әділдікке тәрбиелер еді. Мешіттегілердің атқарып жатқан жұмысына көңілім толмайды. «Ашықтық жоқ» деп санаймын. Тек, жұма намазын ғана оқиды. Мешіт жұмысын Ұлы Даланың сенім-нанымы, танымы, адамгершілік мұратымен байланыстырып, жұмыс атқарса дұрыс болар еді. Осыны көрмеймін мешіттен. Әрине, мешітке барамын. Құранды өзім оқимын, өз сенімім өз жүрегімде. Олар қазақтың дүниетанымы һәм философиясымен байланыстыра жұмыс істемеген соң көңілім толмайды. Әдемі мешіт салып, ішінде әдемі киініп жүру міндет емес. Нәтижесін көрсетсе деймін. Көшеде қара киім киіп жүргендерге мешіттен бір тоқтам айтылмауы қалай? Үгіт-насихат дұрыс болса, ел осылай бетімен кете ме?, – дейді «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы.

Әркім өз ойын айта алады. Біз екі жақтың да пікірін ескеруге міндеттіміз. Сол себепті, облыстың бас имамы Естай Әбдіғалиевке хабарластық.

– Мешіттер демеушілердің, кәсіпкерлердің, жомарт жандардың қаржысына салынады. Ал, мектеп, зауыт, бала-бақшаларды мемлекет өз қаржысына салады. Мұсылман баласы екі дүниені тең ұстауы қажет. Мұсылмандарға құлшылық орны қайткенде де қажет. Мәселен, қаланың Михайловка бөлігінде тұрғындар намаз оқитын жер таппай қысылады. Оңтүстік-Шығысқа барғанша біраз уақытын жоғалтады. Мешіттердің салынуы осындай қажеттіліктен туындайды. Мектеп, зауыт, аурухана әрине қажет. Жария садақа деген бар. Ерікті түрде мектеп, бала-бақша салып жатқан, жария садақа жасап жатқан азаматтар да бар. Мұның бәрі халыққа пайдалы іс. Сауабы үзілмейді. Салынған мешіттердің кейбірінің қараусыз қалып жатқанын да байқаймыз. Оны ұстап тұру да оңай емес. Имамдардың айлығы, мешіттің коммуналдық қызметі, көмірі және тағы басқа да қажетті дүниелері бар. Мешітті салған азаматтар осы жағын ескерсе құба-құп. Осының бәрін мойнына алып, өз салған мешітін осындай көмекпен қамтып отырған азаматтар да бар. Сондықтан, мешіт салам деушілерге де, мектеп салуға да еш қарсылығымыз жоқ. Ал, мектеп, зауыттардың тапшылығы бар. Ол – мемлекеттің құзіретіндегі шаруа. Құран Кәрімде: «Мешітті Аллаға иман келтіргендер, намазын толық оқушылар, зекетін берушілер, Аллаға қараған адамдар салады» деген аят бар. Пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде-кім жер бетінде құстың ұясындай мешіт салса, оған жәннаттан үлкен сарай нәсіп етіледі» дейді. Құстың ұясындай мешіт болмайды. Мұнда оның сауабының үлкен екені айтылып тұр. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының нұсқауымен 7 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соның бірі – дін мен дәстүр. Айтатын уағыздың тең жартысында тарихымыз, өлең-жырларымыз, мақал-мәтелдеріміз насихатталады. Бұл – ең басты мәселе. Хакім Абайдың өлеңдерін көбіне пайдаланамыз. Одан басқа да қыруар жұмыс атқарылады. Уағыз айту, діни сауат ашу курстары, ағартушылық жұмыстар, жат ағым өкілдерімен жұмыс, түрлі семинарлар, Құранды жаттау, шариғат заңдарын үйрету, қайырымдық арқылы мұқтаж жандарға үй алуға көмектесу, азық-түлік тарату, ауырып жатқан бауырларға жәрмеңке арқылы қаржылай көмектесу сынды көптеген жұмыс бар. Тек, діни рәсім орындалатын жер емес. Мұның бәрін «Ихсан.кз» сайтымыздан көруге болады. Тағы айта кетер жайт, имамдарға, мешіт қызметкерлеріне жалақыны садақа жәшігіне және мешіт асханаларынан түскен табыстан төлейміз, – деді Әнет баба атындағы облыстық мешіттің бас имамы Естай Айтуғанұлы.

Көп нәрсеге көз жеткіздік. Мешіт салу мода емес, қажеттілік. Мектеп немесе өндіріс ошағын салу да сауабы мол іс. Қай-қайсысы да, елдің қажеттілігінен бой көтерсе нұр үстіне нұр. Бастысы – ниет тазалығы. Ал, салынған ғимараттың қараусыз қалмай, жұмыс істеуі, елге пайдасын тигізуі – өте маңызды. Мешіттердегі тәрбие жұмысына қазақы құндылықтардың баса назарға алынуы кезек күттірмейтін өзекті дүние. Ал, осының бәріне немқұрайлы қарамау – ортақ парыз…

Сіз қалай ойлайсыз?

Жәлел ШАЛҚАР 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button