Бұғылы қол бұлғайды
Қарқаралының қарағайлы қырқасы мен қия тасы, тұмса табиғаты ғасырлар бойы талайды тамсандырып, өзіне елітері хақ. Табиғат шіркін бұл өңірге сұлулықты өлшемей берген. Әйтсе де, тек көз сүйсінтер табиғи көріністің өзі қазіргі заманда тұтас туристік индустрияны қалыптастыра алмайды. Бүгінгі талғамы биік саяхатшыға қонақтың қатынауына қолайлы тасжол, түнейтін жайлы орын, сапалы қызмет пен уақытты мәнді өткізетін кешенді мүмкіндік қажет. Қасиетті өлкенің осы орасан әлеуетін жаңа арнаға бұрып, заманауи туризмнің көшіне ілестіру мақсатында Қарқаралының батысындағы Бұғылы баурайында ауқымды рекреациялық аймақ бой көтеріп келеді.

Кейінгі жылдардың бедерінде Қарқаралыға ағылатын жұрттың қатары еселеп артқаны байқалады. Туризм және спорт министрлігінің ресми мәліметінше, тек биылғы жылдың тоғыз айының өзінде Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 43 мың адам арнайы ат басын бұрған. Бұл келушілер саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 23 пайызға артты. Мұндай оң серпінге, ең алдымен, көлік қатынасының жақсаруы тікелей ықпал еткені даусыз. 2021-2025 жылдар аралығында Қарағанды мен Қарқаралыны жалғайтын 200 шақырымдық күрежол кезең-кезеңімен орташа жөндеуден өтті.

Десе де, туристердің күрт көбеюі қызмет көрсету сапасы мен аймақтық инфрақұрылымға қойылатын талапты да еселеп күшейтеді. Өйткені, бір күндік қысқа сапармен келген қонақ пен бүкіл отбасын ертіп, бірнеше күн демалғысы келетін саяхатшының сұранысы мүлде бөлек. Біріне тауға шығатын қауіпсіз соқпақ пен қарапайым бағыт көрсеткіштері жеткілікті болса, екіншісіне жылы да жайлы қону орны, дәмді тамақтану желісі, балаларға арналған қауіпсіз ойын алаңдары мен бос уақытын тартымды өткізетін кешенді қызмет қажет. Жалпы алғанда, кез келген туристік аймақтың өміршеңдігі мен бәсекеге қабілеттілігі осындай ұсақ көрінгенмен, аса маңызды қажеттіліктерді қаншалықты деңгейде ескере алғанына тікелей байланысты.
Осы орайда қолға алынған «Бұғылы» жобасының басты мұраты – қонақтарды жылдың төрт мезгілінде де тоқтаусыз қабылдай алатын біртұтас туристік кеңістік құру. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне іргелес жатқан 75 гектар алқапты мақсатты түрде бес функционалдық бөлікке бөлу көзделген.
Нақтырақ айтсақ, 6,9 гектарды құрайтын демалыс аймағында заманауи визит-орталық, жаяу серуендеу орындары мен жайлы күркелер қарастырылған. Тоғыз гектарға жоспарланған этноауылда қазақтың ақбоз үйлері тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылады және жылқымен байланысты (атпен серуендеу, ат спорты) танымдық демалыс түрлері дамытылмақ. Ал, 7,4 гектарлық ойын-сауық саябағында заманауи балалар мен спорт алаңдары, қауіпсіз велосипед жолдары салынады. Ең үлкен аумақ – 18 гектар жер демалыс үйлеріне берілсе, 8,7 гектар тікелей тау шаңғысы кешеніне арналған.
Демалыстан бастап белсенді спорт пен танымдық этнотуризмге дейін бірнеше бағытты бір арнаға тоғыстыру жоспарланып отыр. Әсіресе, қысқы спортқа арналған бөліктің мәні бөлек, салмағы зор. Шаңғы трассасы мен аспалы жол (канатная дорога) іске қосылса, Қарқаралының табиғатын көруге ниетті адамдарға маусым талғамайтын мүмкіндік ұсынылады. Бұл жергілікті демалыс орындарының жұмыс ырғағын да түбегейлі өзгертіп, қыс айларындағы «өлі маусым» түсінігін жоймақ.
Дегенмен, шаңғы трассасы мен аспалы жолдың салынуы алдағы инвестициялық кезеңнің, яғни ірі жекеменшік капитал тартудың еншісінде екенін ұмытпаған жөн.
– Қарқаралыға келушілер қатары жыл санап артып келеді. Біздің алдымызда тұрған ендігі басты міндет – осы қызығушылықты тұрақты әрі сапалы туристік ағынға айналдырып, жоғары деңгейде қызмет көрсететін ортаны қалыптастыру. Дайын инфрақұрылым болмаса, ешбір инвестор қаржы құймайтыны белгілі. Сондықтан, қазіргі құрылыс кезеңінде мемлекет қаражаты тікелей су, кәріз, электр жарығы және жол желілерін жеткізуге бағытталған. «Бұғылыда» демалыстың бірнеше бағытын біріктіру арқылы біз қонақтардың мұнда бірнеше күнге ұзағырақ аялдауына, ал, жергілікті кәсіпкерлердің жаңа іс бастауына толыққанды мүмкіндік жасауды көздейміз, – деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нариман Есов.
Нариман Жұмақожаұлының айтуынша, бүгінде жұмыстардың 60 пайызы дайын. Ауқымды істің нәтижесінде нысанда 5 шақырым су құбыры және 4,89 шақырым кәріз желісі жүргізілген. Сонымен қатар, 65 су құбыры, 110 кәріз құдығы орнатылып, 446 электр тірегі бой көтерген және жалпы ұзындығы 31 972 метрді құрайтын электр кабелі тартылды. Мұның бәрі – болашақ кәсіпкерлер үшін дайын «тұғыр». Яғни, кәсіпкер қонақүй немесе дәмхана салар болса, жарық пен су тартуға миллиондаған қаражат пен уақытын шығындамайды, дайын желіге қосыла алады.
Қаржыландыру деректеріне үңілсек, жұмыс ырғағы жаман емес. Облыстық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат толықтай игерілген. Ал, биылғы жылы облыстық бюджеттен қаралған қомақты қаржы мен аудандық бюджеттен бөлінген қаражаттың барлығы мақсатты түрде жұмсалған. Әйткенмен, жобаны толық аяқтауға әлі де миллиардтаған теңге қажет. Алда жол жабындысын төсеу, аумақты абаттандыру, қуатты трансформаторларды орнату секілді ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Осы мемлекеттік инфрақұрылым тартылғаннан кейін барып жеке инвестицияның жолы ашылады. Жоспарға сәйкес, туристік нысандар салу үшін таяу уақытта 18 жер учаскесі ашық аукционға шығарылады. Одан бөлек, жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін 56 демалыс үйі мен заманауи глэмпингтерде барлығы 366 орын ұйымдастыру идеясы дайын тұр.
Болашақ кешеннің тағы бір үлкен ерекшелігі – оның сыртқы келбеті мен архитектурасының алдын ала егжей-тегжейлі ойластырылуы. Аймақтың табиғи сұлулығын бұзбау үшін және туристерді тарту мақсатында арнайы дизайн-код тұжырымдамасы әзірленген. Дизайн-кодтың өзегінде Қарқаралының сан ғасырлық тарихи сәулеті мен табиғи бояуы жатыр.
– Инвесторды, яғни, қалталы кәсіпкерді тек көрікті табиғатпен ғана қызықтыру бүгінде жеткіліксіз. Оған, біріншіден, барлық инженерлік желісі жүргізілген дайын жер, екіншіден, айқын жоспар және барлығына ортақ, әділ талап қажет. Сондықтан, инфрақұрылыммен қатар біз дизайн-кодқа да қатты көңіл бөліп отырмыз. Басты мақсатымыз – жаңадан бой көтеретін нысандардың бір-бірімен үйлесуін қамтамасыз етіп, Қарқаралының табиғи әрі тарихи болмысын жоғалтпай дамыту, – деді бөлім басшысы.
Тұжырымдаманың көрнекі үлгілерінде шағын павильондардың ағашпен қапталған қасбеті, әйнекті кіреберісі, табиғи түстегі шатырлары Қарқаралының қарағайлы орманымен біте қайнасып кететіндей етіп жасалған.
Әрине, мемлекеттік деңгейдегі мұндай ауқымды істің нақты өлшемі тек бөлінген миллиардтаған қаржымен өлшенбесе керек. Ең бастысы, заман талабына сай бой көтеретін жаңа нысандар табиғаттың тынысын тарылтпай, ұлттық паркке іргелес аумақтың қатаң экологиялық талаптарын сақтауы шарт.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



