Жаңалықтар

Көңілге күз келмейді

Жетпістің желкенін керген әженің ағылшын тілін үйреніп, шетелде өз қажетін өзі сұрауы, бала күнгі арманын қайта тірілтіп, сахнаға шығуы кімге де болсын ой салады. Күнделікті күйбеңмен жүріп, сүйікті істерін кейінге ысыра берген жандар зейнетке шыққан соң сол қызығушылықтарына ден қоя бастапты.Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына келетін әжелердің тіршілігіне қарап, адамның үйренуге деген ықыласы жасқа қарамайтынын аңғарасыз. Бірі әнмен көңілін сергітсе, бірі қолөнерге құмартқан. Енді бірі көргенін қағазға түсіріп, ұрпағына аманат қалдыруға кірісіпті. Осы үш әженің өмірге құштарлығы, жаңалыққа ұмтылысы көңілге жылылық ұялатты. Өздерінің айтуынша, мұнда келгенде жастарын ұмытады.

Сурет кейіпкерлердің жеке мұрағатынан.

Қазақтың үлкені ежелден шамасы жеткенше шаруаға араласып, бала тәрбиесіне ұйытқы болған. Біздің кейіпкерлер де сол өнегені жалғап келеді.

Хамила Мықтыбаева биыл 77 жаста. Орталыққа алғашқы болып қабылданғандардың бірі. Мамандығы мұғалім болғанымен, еңбек жолының елеулі бөлігін есепшілікке арнаған. Төрт бала тәрбиелеп өсірген ана зейнетке шыққан соң да ізденісін үзбепті.

– Бала күнімізде радиодан Сауық Жақанова апамыздың дауысын тыңдап өстік. Соған еліктеп, мен де диктор болсам, әдемі дауыс иесі атансам деп армандадым. Осы жерге келіп, сахнаға шығып, ән айта бастадым, – деді Хамила апай.

Әженің тағы бір талпынысы ағылшын тілімен байланысты. Тілді біршама меңгеріп, қызымен шетелге шыққанда пайдасын көрген. Қызыл теңізге барған сапарында шетелдіктермен аздап сөйлесіп, қажет нәрсесін сұрай алғанын қуана әңгімелейді.

– Өз нанымды өзім сұрап алып жеуге жететіндей ағылшын тілін үйрендім, – деді ол.

Сонымен қатар, Хамила апай естеліктерін, өсиет сөздерін жинақтап, кітап та жазып жүр екен. Өмірден түйгенін кейінгіге жеткізуді ойлаған ананың бұл еңбегі ұрпағына қымбат мұра болмақ.

Орталық оған сырлас құрбы да сыйлапты. Осында танысқан Роза Білаловамен бірге ән айтып, қалалық, облыстық іс-шараларға қатысады. Өнер байқауларында бас жүлде алып, жүлдегер де атанған.

Роза апай – 72 жаста. Мамандық бойынша оператор. Сегіз құрсақ көтерген ананың егіз жұп балалары бар. Он төрт немеренің тәрбиесіне атсалысып, енді сүйікті ісіне уақыт бөліп жүр. Орталықтағы сабақтардың ішінде ән айтуға ерекше ықыласты. Баланың бабын тауып, немеренің қызығын көрген ананың ендігі қуанышы – құрбыларымен бас қосып, өнерге араласу екен.

Үйдің де, түздің де тіршілігіне үлгеріп жүрген әжелер бір-бірінің жетістігіне сүйсініп, ортақ қызығушылықтан жақындық тапқан.

Мұнда ұялы телефонды қолданудың әдіс-тәсілдерін де үйретеді. Заман жаңалығын меңгеруге талпынған үлкендер үшін мұндай сабақтардың күнделікті өмірде пайдасы мол.

Ал Гүлнафия Мырзабаеваның көңілі қолөнерге ауған. Мамандық бойынша экономист. Еңбек етіп жүргенде қолөнерге үнемі уақыт табыла бермейтін. Зейнетке шығып, орталыққа келген соң сүйікті ісіне білек сыбана кірісіпті.

Құрақтың әр қиындысын қиыстырып, тұтас өрнек шығару ұқыптылық пен төзімді талап етеді. Гүлнафия апай сол іске уақытын арнап, байқауларда бағын сынап келеді. Осылайша, бұрын кейінге ысыра берген өнері бүгінде сүйікті ісіне айналған.

Бұған дейін күрделі операциядан өткенін де жасырмады. Қазір ортаға араласып, сабақтарға қатысып жүргенде ауруын ұмытып кететінін айтады. Дүйсенбіден жұмаға дейін мәдениет үйіне келіп, үйірмелерден қалмауға тырысады.

Жыл сайын «Аламан-Құрақ» жобасына қатысып, төл өнердің өрісін кеңейтуге үлес қосып жүр. Жоба аясындағы ортақ жетістік «Global Best of Records» дүниежүзілік рекордтар кітабына енген. Сол іске атсалысқаны да әженің мерейін өсірген.

Гүлнафия апайдың өнері қолөнермен шектелмейді. Орталықтағы «Нұр-Би» әжелер ансамблімен еліміздің қалаларына, жақын шетелдерге сапарлап, өнер көрсетеді. Төрт баласы, он төрт немересі бар әже қажет кезде немере бағуға да, үйірмелерге келуге де үлгереді.

Үш кейіпкердің әңгімесінен орталықтың күнделікті өміріне қаншалықты жақын болып кеткенін аңғардық. Бірі сахнаға шығатын күнді күтсе, бірі бастаған қолөнерін жалғастыруға асығады. Ортақ іске жұмылғанда өздерінің де бір-біріне керек екенін сезінеді. Орталық ашылып, өздеріне осындай мүмкіндік туғанына үшеуі де дән риза.

Жаңа Майқұдық мәдениет үйі, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әлеуметтік қызмет жөніндегі маманы Ақжарқын Қобжанованың айтуынша, мұнда жиырмаға жуық үйірме жұмыс істейді.

– Бүгінде 450 қызмет алушы тіркелген. Оның 250-і орталыққа келіп жүр. Аптаның жұмыс күндері есігіміз ашық. Уақытын тиімді өткізіп, мәдени істермен шұғылдануға мүмкіндік бар, – деді маман.

Үйірмелермен қатар, үлкендердің денсаулығы да назарда. Арнайы мейірбике қан қысымын тексеріп, жағдайын бақылап отырады. Сабаққа келу, құрбыларымен әңгімелесу, бірге дайындалу олардың апталық тіршілігінің бір бөлігіне айналған.

Хамила апайдың жазып жүрген кітабына ойша қайта оралдық. Оның парақтарына өткен күндердің естелігімен бірге бүгінгі қуанышы да түсетіні анық. Ертең ұрпағы әжесінің жетпістен асқанда тіл үйреніп, сахнаға шыққанын оқиды. Өзінде де кейінге қалған бір арман болса, соған бет бұруына осы өмір жолы себеп болар.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button