Анадолыда асқақтаған Манарбек үні
Тоқырауыннан түлеп, қазақтың әні мен күйіне өшпес өрнек салған Манарбек Ержановтың мұрасы Анадолы төрінде жаңғырды. Әншілік, күйшілік, сазгерлік һәм актерлік өнерді бір бойына тоғыстырған дара тұлғаның 125 жылдығына орай Қарағанды облысының өнерпаздары Анкара мен Аланья қалаларында концерт беріп, Арқаның асыл қазынасын бауырлас жұртқа танытты. ТҮРКСОЙ төріндегі тағылымды басқосуда Манарбектің өнердегі өнегесі мен мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің жайы қозғалды. Жергілікті жұртшылық пен туристердің ыстық ықыласына бөленген мерейтойлық сапарда баба шығармаларын бүгінгі буынның орындауында тыңдаған қауым қазақ өнерінің қуатына қанықты. Манарбек мұрасын ұлықтауға туған топырағынан аттанған өнерпаздар осылайша Арқа өнерінің өрісін кеңейтіп қайтты.

Өнермен өрілген ғұмыр
Манарбек өнерінің бастауында Ақтоғайдың ән мен күйге бай ортасы тұр. 1901 жылы осы өңірде дүниеге келген болашақ өнерпаздың әкесі Ержан күйшілікпен қатар зергерлік, ұсталық кәсіпті меңгерген екен. Анасы Нақбаланың да ауыл арасына танылған әншілігі болған. Бала көңілге ұялаған әнге құштарлықтың әуелгі ұшқыны анасының ықпалымен оянған. Кейін сол ынтызарлық оны өнердің өріне жетеледі.

Жас Манарбектің талабын танып, домбыраның сырын ұғындырған ұстазы – әнші әрі күйші Күсенбай. Оның тәлімінен ән мен күйді қатар игерген өнерпаз ел ішіндегі қазынаны көкірегіне жинап өсті. Шашубайдың өнегесі, Әміренің орындаушылық шеберлігі де талабын ұштады. Біржан сал, Ақан сері, Жарылғапберді, Естай әндерін меңгеру арқылы Арқаның ән дәстүріне бойлап, өз үнін қалыптастырды.

Өнерге іңкәрлік оны үлкен сахнаға алып келді. 1928 жылы Қазақ драма театрына қабылданған Манарбек әншілік қабілетімен бірге актерлік дарынын да танытты. Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Жұмат Шаниннің оның осы екі қасиетін қатар дамытуға ден қойғаны айтылады. Театрдағы тәлім, сахнадағы үздіксіз ізденіс әр рөлдің болмысына үңіліп, кейіпкерін нанымды сомдауға үйретті.

1934 жылы музыкалық театр ашылғанда, Манарбек оның негізгі артистерінің қатарынан көрінді. «Айман-Шолпандағы» Жарас, «Қыз Жібектегі» Шеге, «Абайдағы» Әзім, «Біржан-Сарадағы» Естай бейнелерінде әншілік пен актерлік шеберлігі тоғысты. Ел ортасында қалыптасқан өнерпаздың кәсіби сахнадағы ізденістері қазақтың театр және опера өнерінің орнығу кезеңімен сабақтасып жатыр.

Сазгерлік болмысы да өз алдына зерделеуге тұрарлық. «Паровоз», «Қуанамын», «Сайра, бұлбұл» секілді әндері Манарбектің өмірден түйгенін әуенге айналдыра білгенін танытады. Жұбанов «Паровоздың» домбырамен сүйемелінде пойыз дөңгелегінің жүрісі сезілетінін атап көрсетеді. Күнделікті тіршіліктегі қозғалысты саздың тілімен бейнелеуінен композитордың байқағыштығы мен орындаушылық тәжірибесі көрінеді.

Ал, «Орталық», «Өрнек», «Жорға», «Жетісу», «Шалқар көл», «Аққу» күйлері өнерпаздың домбырамен өрнектеген жан сырын жеткізеді. Академик Ахмет Жұбанов бұл туындыларды «үлкен көркем қазына» деп бағалап, олардың оркестр, опера, балетке арқау болар мүмкіндігін жоғары қойған. Осы бағаның өзі Манарбектің күй мұрасын тереңірек зерттеп, сахнада кеңінен танытуға жетелейді.

Манарбектің әншілігін сөз еткенде сазгерлігіне, күйшілігін зерделегенде орындаушылық шеберлігіне сүйсінесің. Бір бойына тоғысқан өнердің осы қырларын тұтас таныту мерейтойдың мазмұнын тереңдете түседі. Арқадан аттанған өнерпаздардың Түркиядағы бағдарламасында да ән мен күй, сахналық мұра мен өнерпаздың ғұмыр жолы қатар ұсынылды.

Түркі төріндегі тағылым
Мерейтойлық сапардың Анкарадағы бағдарламасы Манарбек мұрасын зерделеген дөңгелек үстел мен шығармаларын жаңғыртқан концертті қамтыды. ТҮРКСОЙ, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қарағанды облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған басқосу халықаралық ұйымның бас ғимаратында өтті.

Жиынға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сапиев, профессор, ТҮРКСОЙ-дың бұрынғы Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбай, түркі елдерінің дипломаттары мен өнер жанашырлары қатысты.
Дөңгелек үстелде ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Манарбек шығармашылығын халықтың рухани болмысымен сабақтастыра бағалады.
– Оның өнері қазақ даласының кең кеңістігін, халықтың қуанышы мен қайғысын, арманы мен рухани болмысын айшықтады, – деді Сұлтан Раев.
Бас хатшы музыканың түркі халықтарын жақындастырып, ортақ тамырын танытатын қасиетіне де тоқталды. Ал, елші Еркебұлан Сапиев мұндай кездесулердің Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланысты тереңдететінін атап өтті. Ғалымжан Өтелбай өз баяндамасында әнді халықтың жады, ұрпаққа қалатын аманат ретінде бағалады.
– Тілі мен ділі туыс бауырлас елдің құшағына еніп, Арқаның әні мен күйін Анадолы төрінде жаңғыртқанымызға қуаныштымыз. Қазақ өнерінің талай дарабозын түлеткен қазыналы Қарағандыдан үлкен делегация болып келіп, Манарбек атамыздың мұрасын ұлықтаудың өзі – бір ғанибет. Ән – халықтың жады, ұрпаққа қалатын аманат. Манарбектің өнерінен қазақтың жан дүниесін, туған даласының тынысын танимыз. Сондықтан оның шығармаларын бауырлас жұртқа таныту арқылы елдік болмысымызды, ұлттық өнеріміздің қадір-қасиетін де паш етеміз. Сарыарқадан жеткен саздың Анадолы төрінде ықыласпен тыңдалуы біз үшін қымбат. Мұндай жүздесулер өнердегі сабақтастықты бекітіп, бауырлас халықтардың рухани жақындығын тереңдете түседі, – деді облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбай.
Кеште Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы «Манарбек Ержановтың дәуірі туралы баллада» атты жырын оқыды. Өнерпаздың өмірі мен шығармашылық жолын баяндайтын деректі фильм де көпшілік назарына ұсынылды.
Дөңгелек үстелде қозғалған ойлар концерттік бағдарламада өнердің өз тілімен жалғасты. «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен Сержан Мұсайын, Гүлмира Тапай, Дәуренбек Әркенов, Нұрлытаң Саятқызы бастаған орындаушылар қазақтың дәстүрлі музыкасын Анкара жұртшылығына ұсынды.
Сержан Мұсайын орындаған Шегенің ариясы Манарбектің әншілік пен актерлік өнерді қатар ұстаған болмысын еске түсірді. «Қыз Жібектегі» осы бейнеге оралу орындаушыдан шығарманың сазын меңгерумен бірге кейіпкердің мінезін де ашуды талап етеді. Сержанның толғанысынан сол жауапкершілік аңғарылады.
– Манарбектің әндерін шырқағанда ерекше толқисың. Әр шығармасына үңілген сайын оның әншілік болмысының тереңдігін сезінесің. Әсіресе, Шегенің ариясын орындаудың жауапкершілігі үлкен. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігінде Манарбек атамыз осы бейнесімен жұртшылықты тәнті еткен еді. Сол арияны бүгін бауырлас елдің сахнасында орындағанда, осындай өнер иесінің мұрасына құрметпен қараудың салмағын сезіндім. Дәл Манарбектей шырқай алдым деп айта алмаймын. Оның дауысындағы қуат пен орындауындағы даралыққа жету оңай емес. Дегенмен, ата аруағына деген құрметіммен барынша талпынып, шығарманың табиғатын жеткізуге тырыстым. Манарбек әндерін орындаған сайын өзіңе қоятын талабың да күшейеді. Ол өнерпазды үнемі ізденуге жетелейді, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сержан Мұсайын.
Мәдени кеш барысында түркі дүниесінің байланысын дамытуға үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, ТҮРКСОЙ марапаттары мен естелік тартулар табысталды. Өнер арқылы табысқан жұрттың өзара ықыласы осы сый-сияпаттардан да көрінді.
Анкарадағы сапар аясында делегация Тәттімбет Қазанғапұлының ескерткішіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. Арқаның шертпе күй алыбын Анадолы төрінде ұлықтау мерейтойлық сапардың мазмұнын толықтырды.
Тәттімбет атындағы саябақта 2023 жылы бой көтерген ескерткіш қазақ өнеріне көрсетілген құрметтің белгісі болып тұр. Тәттімбет пен Манарбек мұрасының арасындағы сабақтастық та ерекше екені даусыз. Бір топырақтан түлеген өнердің қос арнасы Анкарада қайта тоғысты. Күй алыбының ескерткішіне тағзым еткен өнерпаздар Манарбектің шығармаларын орындау арқылы сол дәстүрдің бүгінгі жалғасын танытты.

Арқа сазының айбыны
Анкарада шырқалған Арқа әуені Аланьядағы концертте жалғасын тапты. Қалалық мәдениет орталығында өткен кеш Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, ТҮРКСОЙ, Аланья муниципалитеті (әкімшілігі) және «Yeni Alanyalılar» платформасының қолдауымен ұйымдастырылды. Мұнда да Манарбектің өмірі мен өнер жолына арналған бейнематериал көрсетіліп, «Арқа сазы» ансамблі сахнаға шықты.
Аланьядағы кеште сөз алған профессор Дүйсен Қасейінов Манарбектің шығармашылық даралығына тоқталды.
– Манарбек Ержанов – қазақ мәдениеті мен өнерінің алтын қорында ойып тұрып орын алатын дара құбылыс. Ол – туған халқының қуанышы мен мұңын, асыл аңсары мен асқақ рухын ән-күйіне арқау еткен бірегей тұлға. Әншілік, күйшілік, сазгерлік пен актерлік өнерді бір бойына тоғыстырған феноменнің кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы – уақыт өткен сайын құны артпаса, еш өшпейтін мәңгілік қазына. Мұндай заңғар тұлғаларымыздың мұрасын уақыт шаңына көмбей, бүгінгі буынның санасына сіңіру – өнердегі сабақтастықтың жарқын көрінісі. Алтын Арқаның топырағынан өріп шыққан ұлы даланың үні бүгін Анадолы төрінде қайта жаңғырып жатқанында үлкен мән бар. Кезінде Манарбек бабамыз салған сара жолдың бүгінгі жалғасы мен өнегесі осындай тағылымды басқосулар арқылы жаңа белеске көтеріледі.
Қарағанды өңірі – бағзыдан қазақ өнерінің, сал-серiлер дәстүрiнiң қарашаңырағы, сарқылмас қазынасы. Туған топырақтан бастау алған осы тағылымды сапар түркі дүниесінің мәдени-рухани байланысын жаңа белеске көтеріп, бауырлас елдер арасындағы алтын көпірді нығайта түсері сөзсіз. Мұндай рухани сабақтастық бауырлас халықтардың тамырын тереңдетіп, бірлігін бекемдей береді. Осынау тағылымды сапардың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған, Манарбек мұрасын ұлықтауға үлес қосқан барша ұйымдастырушыларға, Қарағанды облысының өнерпаздарына және қолдау көрсеткен азаматтарға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Бабалар аманаты мен Арқа өнерінің өрісі әрдайым кеңейе берсін, – деді Дүйсен Қорабайұлы.
Кешке арналған бағдарламада Манарбектің «Сайра, бұлбұл», «Паровоз» әндеріне, «Орталық» күйіне орын берілген. Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», Ықыластың «Аққуы», Дәулеткерей мен Құрманғазының шығармалары да ұлттық музыка қазынасының кең өрісін танытуға бағытталған. Нұрлытаң Саятқызының орындауындағы түрік әні де бағдарламаға енгізілген. Бауырлас жұрттың өз әуеніне деген осы ықылас кештің мазмұнын толықтырды. Жергілікті тұрғындар мен туристер қазақ өнерпаздарын жылы қабылдады.
– Бауырлас елге барып, төл өнерімізді төрге оздырып қайтқанымызға бек қуаныштымыз. Қарағандының абыройы асқақтап, Арқаның әні мен күйі Анадолы жұртшылығына жетті. Арқа өнерінің арнасы қашанда кең. Бізге дейін де небір дауылпаздар өтті, бізден кейін де сол дәстүрдің жүгін көтеретін таланттар боларына сенемін. Осы сапарда жастардың талабы мен өнерге ықыласын көріп, көңіліміз марқайып, оларға дән ризамыз. Манарбек атамыздың өлмес мұрасы – күллі түркі жұртына ортақ рухани қазына. Концерттермен қатар, дөңгелек үстелде бас қосып, сол мұраны таныту мен зерделеудің жайын ақылдастық. Әлі де назар аударуды қажет ететін дүниелер бар. Басқосуда қозғалған ойлар алдағы ізденістерге ұласып, Манарбек өнерінің өрісін кеңейте түссе дейміз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов.

Мұраның бүгінгі тынысы
Манарбек шығармаларын бүгінгі тыңдарманға жеткізіп жүрген өнерпаздардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов. Әншінің мерейтой иесінің әндері мен күйлерін «Бақыт жыры» жинағына топтастыруы да осы жолдағы еңбегін танытады. Өнерпаздың 115 жылдығына орай әзірленген жинақ туралы газетіміз бұған дейін де жазған. Хатқа түскен мұраның сахнаға шығып, жас орындаушылардың репертуарына енуі сол еңбектің өрісін кеңейтеді.
– Даланың дара дауысы Манарбектің мұрасы ұшан-теңіз. Бір бойына бірнеше өнер тоғысқан: әрі әнші, әрі күйші, әрі актер. Қай қырынан қарасаң да, қазақ өнерінде өзіндік өрнегін қалдырған тұлғаны танисың. Алайда, оның көптеген әні бүгінгі сахнада сирек орындалады. Сол шығармаларды қайта жаңғыртып, тыңдарманға жеткізуге ден қоюымыз керек. Биылғы 125 жылдық мерейтойы осы ізденіске жол ашса игі. Әсіресе, жас өнерпаздар Манарбек мұрасын терең танып, әндерінің болмысына бойласа деймін. Әнді үйрену барысында оның тарихын, өнерпаздың өскен ортасы мен шығармашылық жолын қатар зерделеу қажет. Сонда жастардың бойына тарихи-мәдени сана сіңіп, дәстүрге деген құрметі беки түседі. Манарбектің өнерін осылайша танытып, кейінгі буынның репертуарында орнықтыра алсақ, мерейтойдың тағылымы да терең болмақ, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов.
Серік Ақсұңқарұлы да кейінгі буынның талабына үміт артады. Ақын «Тоқырауын толқындары» ансамблінің еңбегін атап, жастардың шығармашылық болмысы туралы ой бөлісті.
– Бүгінде Манарбектің мұрасын, оның ішінде көптеген әнін «Тоқырауын толқындары» ансамблі жақсы насихаттап жүр. Бұл – көңілге медеу. Шүкір, жас Манарбектер де өсіп, қалыптасып келеді. Сол жастардың талабына терең ізденіс, тынымсыз еңбек қосылса деймін. Манарбектің әндерін айтып өскен өнерпаз оның шығармашылық болмысына да бойлап, өз қолтаңбасын қалыптастыруға ұмтылуы керек. Манарбек секілді ірі өнер иесінің дәрежесіне көтерілу үшін бірталай еңбектену қажет. Өнердің жолы үнемі үйренуді, өзіңді жетілдіруді талап етеді. Жастардың бойынан сондай талпынысты көргіміз келеді. Өзімнің де алдағы уақытта Манарбек Ержанов туралы поэма жазсам деген ойым бар. Оның тағдыры мен өнердегі тұлғасын жырға арқау етіп, осы бір дара болмысты қаламмен танытсам деймін, – деді Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы.
Манарбек мұрасын насихаттау биылғы мерейтой аясында Қарағандыда да жалғаспақ. 4-6 қараша аралығында өнерпаздың есімін иеленген алғашқы республикалық байқауды өткізу жоспарланды. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесіп ұйымдастыратын жоба концерттен басталып, өнер сайысына ұласады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



