Жаңалықтар

Еңбек елді асырайды

Қыркүйектің соңғы жексенбісі – Еңбек күні. Күздің қоңыр салқыны сезіліп, даладағы тіршілік біртіндеп жаңа ырғаққа көшкен тұста аталып өтетін бұл мерекенің жөні бөлек.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Еңбек күні осы күнделікті тіршіліктің тасасында тұрған адамға назар аударуға себеп болады. Елдің бүгінгі тынысы мен өңірдің ертеңгі келбеті ең алдымен, нақты істен, нақты адамның еңбегінен қалыптасады. Үлкен өндірістің көрсеткішінен бастап, ауылдағы шағын шаруашылықтың нәтижесіне дейін адам қолының табы бар.

Облыстың экономикалық көрсеткіштері де өңірдегі еңбектің ауқымын аңғартады. 2026 жылдың қаңтар-тамызында облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,7 триллион теңгеден асты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7 пайызға жоғары. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 5,9 пайызға, электр энергиясы, газ, бу және ауа баптау саласындағы өндіріс 3,7 пайызға өскен. Бұл сандарда тек өндіріс көлемі немесе пайыздық көрсеткіш тұрған жоқ. Онда ауысымын уақытында қабылдаған жұмысшы, өндірістің қауіпсіздігіне жауап берген инженер, құрал-жабдықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткен маман бар. Экономикалық өсімнің әр көрсеткішіне адамның еңбегі сіңеді.

Адамның еңбек жолы бір күнде қалыптаспайды. Алғашқы жұмыс күні, алғашқы жауапкершілік, алғашқы жетістік, алғашқы қателік – бәрі уақыт өте келе, тәжірибеге айналады. Кеше жас маман болып жұмысқа кірген адам жылдар өте келе, әріптестеріне ақыл айтатын, кейінгі буынға бағыт көрсететін білікті маманға айналады.

Мұны Ақтоғай аудандық ауруханасында бөлім меңгерушісі терапевт болып еңбек ететін, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясының иегері Әлихан Махамбет те өз тәжірибесімен сезінеді.

– Мен үшін бұл марапат – ең алдымен, таңдаған мамандығыма деген жауапкершілікті арттыратын үлкен сенім. Дәрігерлік жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Ауданда еңбек ете жүріп, тұрғындармен етене араласамыз. Олардың денсаулығына қатысты мәселелерін тыңдап, көмек көрсетуге тырысамыз. Әр науқастың алғысы мен ем нәтижесі – біз үшін ең үлкен марапат. Жас маманға тәжірибе жинау, үлкен әріптестерден үйрену өте маңызды. Еңбек жолымның алғашқы жылдарында өз ісіме жауапкершілікпен қарап, кәсіби білімімді үнемі жетілдіруге тырысамын. Қандай мамандықты таңдасаң да, оны шын ниетпен атқарып, өз ісіңе адал болу керек деп ойлаймын. Сонда ғана еңбегіңнің нәтижесін көре аласың, – дейді жас маман.

Дәрігердің сөзі еңбек ұғымының тағы бір қырын көрсетеді.

Кейде адамның еңбегінің нәтижесін бірден есептеп шығару мүмкін емес. Дәрігер үшін оның нәтижесі – сауығып кеткен науқас, ұстаз үшін – білім алған шәкірт. Әр кәсіптің өлшемі бөлек болғанымен, оның түпкі мәні адамға пайда келтіру.

Қазақ «Еңбек түбі – береке» дейді. Осы бір қысқа сөздің астарында халықтың өмірлік тәжірибесі жатыр. Еңбек адамды тек табыспен қамтамасыз етпейді. Адамды тәртіпке үйретеді, шыңдайды, тәжірибе береді. Өз ісіне адал адам бірте-бірте сол кәсіптің қадірін де, жауапкершілігін де терең түсінеді.

Еңбекке деген құрмет бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбиеден, үлкендердің өнегесінен, алғашқы жұмыс күнінен, өз ісіне деген жауапкершіліктен басталады. Бүгінгі қоғамда кәсіптің түрі өзгеруі мүмкін. Жаңа технологиялар өндіріс пен қызмет көрсету саласына еніп жатыр. Бірақ адамның еңбегі мен кәсіби жауапкершілігінің маңызы кеміген жоқ. Керісінше, жаңа талаптар маманнан үнемі үйренуді, ізденуді, өз ісін жетілдіруді талап етеді.

Еңбек адамының бейнесін тек өндіріс жұмысшысымен шектеуге болмайды. Әрқайсысының атқаратын жұмысы әртүрлі болғанымен, қоғамның қалыпты тіршілігі сол еңбектердің бір-бірімен сабақтасуы арқылы жүреді.

Еңбек күні қарсаңында елге еңбегі сіңген азаматтардың марапатталуының да мәні осында. Марапат – бір адамның жетістігін ғана көрсету емес, оның артында тұрған еңбекті, табандылықты, кәсібіне деген адалдықты көпшілікке үлгі ету.

Қыркүйектің соңғы жексенбісі келгенде еңбекке басқа көзбен қараудың реті бар. Бұл күні назар төрде тұрған марапаттан бұрын, сол марапатқа жеткізген ұзақ жолға ауады. Еңбек күні – еңбектің өзіне ғана емес, сол еңбекті арқалап жүрген адамға құрмет көрсететін сәт. Өз ісін адал атқарып жүрген әр азаматтың еңбегі елдің ортақ жетістігіне қосылған үлес.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button