«Шахтинск» шахтасында көмірді құрғақ байыту кешенінің құрылысы жүріп жатыр
«Шахтинск» шахтасында Қарағанды көмір бассейніндегі алғашқы көмірді құрғақ байыту кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба көмір сапасын арттырып, өндіріс жұмысын тиімді реттеуге бағытталған.

Жаңа технология көмірмен бірге шығатын тау жынысының бір бөлігін тікелей шахтада бөліп алуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде байыту фабрикасына түсетін жүктеме төмендемек.
Кешенде су мен химиялық реагенттерді қажет етпейтін құрғақ ауалық сепарация әдісі қолданылады. Жобалық қуаты – сағатына шамамен 300 тонна көмір.

Нысан құрылысына шамамен 90 адам, ал технологиялық жабдықтарды монтаждауға 15-ке жуық маман тартылған. Алда инженерлік жүйелерді орнату, сыртқы желілерді тарту және ғимараттарды аяқтау жұмыстары бар.
Қазір нысанда ұсату қондырғысы, құрғақ байыту ғимаратының қаңқасы және технологиялық галереялар орнатылып, конвейерлік жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Qarmet мұндай кешендерді «Қазақстан», «Абай» және Т. Күзембаев атындағы шахталарына енгізуді жоспарлап отыр.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



