Келісім. Жаңғыру. Жауапкершілік
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы еліміздегі конституциялық реформалардың заңды жалғасы. Бірқатар отандық және шетелдік сарапшылардың пікір-пайымынша бір палаталы Құрылтайдың құрылуы Халық Конституциясында алтын әріппен жазылған құны кетпес құндылықтарды өмірде жүзеге асыруға даңғыл жол ашады.

Мұндай жағдай қоғамдық диалогтың маңызын арттырып, елге келісімді нығайту үшін қосымша мол мүмкіндік береді. Ал, мәдени әралуандық – Қазақстан Республикасының ерекшелігі, маңызды қоғамдық ресурс. Әртүрлі қауымдастықтар мен дәстүрлер арасында өзара түсіністік орнату ішкі тұрақтылықты күшейтіп, мемлекеттік институттарға азаматтардың кең ауқымындағы мүддесін ескеруге септеседі.
Тегінде тұрақты жаңғырудың үш ұстынды негізі болса керек. Игілікті институттар, диалог һәм өзара құрмет. Өміршең өзгерістердің күші – институционалдық жаңаруды қоғамдық диалогпен және еліміздің әралуандығына деген құрметпен ұштастыруында игілікті бола түспек.
Құрылтай сайлауы пәрменді парламенттік модельдің практикалық жұмысын бастайды. Құрылтай конституциялық қағидалар, мемлекеттік шешімдер мен азаматтардың мүдделері арасындағы байланысты күшейту қуатын иеленеді.
Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысы туралы баяндама тыңдады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар саны – 12 млн 605 мың 788 ада. Депутат саны – 145 адам, өкілеттігі – 5 жыл. Партия саны – 7. Өткен күндері жеті партияның алғашқы командалық дебаты өтті.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq.kz

