Жеңіл табыстың жазасы ауыр
Есіл өмірін есірткі жалмаған жанның қайта оңалуы оңай емес. Бір сәттік қызығушылық, бір реттік жеңіл табыс, бір ғана қате қадам кейде тұтас тағдырды тәлкекке түсіреді. Артында ата-ананың көз жасы, үзілген үміт, күйреген болашақ қалады. Бұл тақырып осы уақытқа дейін аз айтылған жоқ. Десе де, қатер сейілмей тұрғанда, сақтық туралы тағы бір ескертудің артықтығы жоқ. Өйткені, бүгінгі есірткі қылмысы бұрынғыдай көше қалтарысындағы жасырын саудамен шектелмейді. Ол интернетке көшті. Зертханаға кірді. Telegram әлеуметтік желісіндегі ботқа айналды. Жасөспірімнің телефонына «жұмыс» болып келді. Ең қауіптісі – осының бәрі сырттай қарағанда көзге көрінбейтін, бірақ іштен ірітетін жасырын жүйеге айналып барады.

Өңірдегі ахуал
Ең қауіптісі – есірткі бизнесі түрленіп қана қойған жоқ, жасырын жүйеге айналды. Бұрын есірткі саудасы көзге көрінетін қылмыстық орта арқылы тараса, қазір оның ізі білінбейді. Қылмыскер мен тұтынушы жүзбе-жүз кездеспеуі мүмкін. Тапсырма телефон арқылы беріледі. Төлем онлайн жасалады. Есірткі жасырын орынға қалдырылады. Ал, сол тізбектің бір жерінде «жеңіл ақша тапсам» деген өрімдей жастың тағдыры тұрады.
Облыстың полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының дерегінше, 2024 жылдан 2026 жылдың алғашқы алты айына дейін өңірде есірткіге байланысты 696 құқық бұзушылық тіркелген. Осы аралықта заңсыз айналымнан 2 тонна 76 кг 799 грамм келі есірткі және 5 тоннадан астам прекурсор тәркіленген.
– 2024 жылы облыста есірткімен байланысты 377 факт тіркелген. Оның ішінде есірткіні өткізу, сату фактілері – 107, аса ірі мөлшерде сақтау – 28, заңсыз жарнама – 48, есірткі өсіру – 4 дерек болған. Сол жылы заңсыз айналымнан 708 кг 455 грамм есірткі алынған. Оның ішінде 26 кг 704 грамм синтетикалық есірткі, 486 кг 476 грамм марихуана, 112 кг 386 грамм гашиш, 59 кг 258 грамм сора, 7 кг 881 грамм апиын және өзге де есірткі түрлері бар. Сонымен қатар, бір ірі есірткі зертханасы жойылған. Былтыр тіркелген факт саны 203 болғанымен, тәркіленген есірткі көлемі 1 тонна 38 кг 400 грамға жеткен. Бұған қоса 1 тонна 653 кг прекурсор алынған. Осы жылы есірткі зертханаларына қатысты 4 дерек, есірткі өткізу бойынша 79 факт, ірі көлемде сақтау бойынша 9 дерек, заңсыз жарнама бойынша 14 факт тіркелген. Сондай-ақ, 5 ірі есірткі зертханасы жойылып, 4 фитозертхана анықталған. Ал, биылдың алғашқы алты айында 116 факт тіркелді. Осы кезеңде 329 кг 944,9 грамм есірткі тәркіленген. Оның ішінде синтетикалық есірткі – 320 кг 504 грамм. Бұдан бөлек, 4 тонна 115,9 кг прекурсор алынған. Жылдың алғашқы жартысының өзінде 2 ірі есірткі зертханасы жойылып, 2 фитозертхана анықталды, – деді облыстың полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қайыржан Тоқубаев.
Зертханадан тараған қауіп
Кейінгі жылдардағы ең алаңдатарлық үрдістің бірі – синтетикалық есірткінің күрт көбеюі. Дәстүрлі есірткі түрлері бұрыннан белгілі болса, синтетикалық заттар жаңа қауіп ретінде алға шықты. Олар зертханалық жолмен дайындалады, тез таралады және адам ағзасы мен психикасына ауыр соққы береді.
Департамент дерегіне сүйенсек, 2024 жылы облыста заңсыз айналымнан 26 кг 704 грамм синтетикалық есірткі алынған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 595 кг 251 грамға жеткен. Ал, биылдың алғашқы алты айының өзінде 320 кг 504 грамм синтетика тәркіленді.
Прекурсорлар – есірткі немесе психотроптық заттарды дайындауға пайдаланылуы мүмкін химиялық қоспалар. Соңғы екі жарым жылда өңірде 5 тоннадан астам прекурсордың тәркіленуі есірткі қылмысының тек дайын өнімді тасымалдаумен шектелмейтінін, оны өндіру арналарына да соққы беріліп жатқанын көрсетеді.
Есірткі қылмысының тағы бір қауіпті қыры – жасырын зертханалар. Мұндай орындарда синтетикалық заттар дайындалып, кейін түрлі арна арқылы таратылады. Яғни, қауіп сырттан келетін есірткімен ғана шектелмейді. Өңірдің өзінде бірнеше өндіріс ошақтары анықталды.
2024 жылы Қарағанды облысында бір ірі есірткі зертханасы жойылды. Былтыр 5 ірі есірткі зертханасы жойылып, 4 фитозертхана анықталды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында тағы 2 ірі есірткі зертханасы мен 2 фитозертхана әшкереленді. Осы деректер есірткі нарығының астыртын өндіріс, өсіру, сақтау, өткізу, жарнамалау және қаржы айналымынан тұратын көпқабатты жүйеге айналғанын аңғартады.
Фитозертхана дегеніміз – есірткі өсімдіктерін арнайы жағдайда өсіруге бейімделген жасырын орын. Ал, синтетикалық есірткі зертханалары химиялық қоспалар арқылы психотроптық заттарды дайындауға бағытталады. Екеуінің де қоғамға қатері зор. Бірі есірткі шикізатын өсірсе, екіншісі дайын қауіпті затты өндіреді.
Көше емес, Telegram
Есірткі саудасының қазіргі ең қауіпті өзгерісі – оның интернетке көшуі. Бұрын мұндай қылмыс көбіне көзге көрінетін байланыс, таныс орта немесе нақты кездесу арқылы жүрсе, қазір есірткі айналымының едәуір бөлігі мессенджерлер, жабық арналар, боттар, жалған аккаунттар арқылы ұйымдастырылады. Қылмыс көшеден кетпегенімен, оның басқару тетігі телефонға көшті.
– Есірткіні өткізуге қатысушылар байланыссыз жұмыс істейді. Барлық байланыс көбіне боттардың көмегімен жүргізіледі. Осыған байланысты есірткі сайттарын, арналар мен аккаунттарды мониторингтеу, анықтау және жедел оқшаулау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Дерек те соны айғақтайды. 2024 жылы есірткі айналымына қатысты 271 ақпараттандыру нысаны, яғни чаттар, арналар мен сайттар анықталып, бұғатталған. Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі өткізудің 83 фактісі тіркелген. Оның 39-ы айыптау актісімен сотқа жіберілген. Былтыр «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне есірткі және психотроптық заттарды таратуға байланысты тыйым салынған контенті бар 1095 интернет-ресурс енгізілген. Оның ішінде 91 сайт i-MAP жүйесі арқылы анықталып, әрі қарай жұмыс істеу үшін «Киберқадағалауға» жолданған. Ал, биылғы жылдың алғашқы алты айында есірткі заттарын өткізуге және насихаттауға қатысы бар 535 сайт пен аккаунт осы базаға енгізілген, – деді Қайыржан Тоқубаев.
Есірткі қылмысының цифрлануы тек жарнама мен байланыс арналарынан ғана көрінбейді. Оның қаржы жүйесі де өзгерген. Ақша қолма-қол берілмейді, көбіне банк карталары, шетелдік шоттар, криптовалюта әмияндары арқылы айналады. Қылмыскер үшін бұл – із жасырудың жолы.
БылтырAnti-Fraud жүйесін қолдану арқылы жалпы сомасы 70 млн 863 мың теңгеге байланысты 833 банк және 1105 карта бұғатталған. Прокуратурамен келісілген сұранымдар негізінде 1105 қазақстандық банк шоты және 4231 шетелдік карта бұғатталды. Сонымен қатар, Telegram мессенджері арқылы заңсыз айналымда пайдаланылған 15 539 криптовалюта әмияны анықталған.
Ал, биылғы алғашқы жартыжылдықта бұл бағыттағы жұмыс жүйелі. Anti-Fraud арқылы 211 қазақстандық карта, 573 шетелдік карта тоқтатылған. 1 млн 157 мың теңгеден астам қаражат аударымы тоқтатылды. Бұдан бөлек 3354 криптоәмиян анықталды.
Мұның онлайн алаяқтықпен ұқсас тұсы көп. Екі жағдайда да қылмыскер интернетті, жалған аккаунтты, банк картасын, шетелдік арнаны пайдаланады. Айырмасы – бірінде адамның ақшасы ұрланса, екіншісінде адамның тағдыры мен денсаулығы қатерге тігіледі.
Салдармен емес, себеппен күрес
Есірткі қылмысының ең ауыр тұсы – оған жастардың тартылуы. Әлеуметтік желі мен мессенджерде «жеңіл жұмыс», «күндік табыс», «курьер керек», «тәжірибе қажет емес» деген хабарландырулар жиі кездеседі. Бір қарағанда, бұл қарапайым табыс көзі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, кейбірінің ар жағында есірткі тарату, жасырын орынға түйіншек қалдыру, куратордың тапсырмасын орындау сияқты ауыр қылмыс тұрады.
Мысал ретінде алсақ, күні кеше ғана өңірде есірткі қылмысына қатысы бар 18 жастағы жасөспірім 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ұсталған сәтте одан 8,3 грамм синтетикалық есірткі салынған 23 орама тәркіленген. Телефонын тексеру барысында белгісіз «куратормен» хат алмасуы анықталған.
Тағы бір жағдайда облыста кәмелетке толмаған жасөспірім синтетикалық есірткіні жасырып кетуге арналған орындарды дайындау кезінде ұсталған. Оның жанынан 40 түйіншек тәркіленіп, сараптама жалпы салмақты 17,576 грамм деп көрсеткен. Сот оны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Балқашта тіркелген дерек те есірткі тарату жүйесінің қаншалықты қауіпті екенін аңғартады. Жедел іс-шара кезінде Теміртаудың 23 жастағы тұрғыны ұсталып, одан және жасырын орындардан жалпы 287 орама тәркіленген. Сараптама оның 300 грамнан астам мефедрон екенін анықтады. Күдіктінің телефондарындағы хат алмасудан «куратордың» тікелей тапсырмалары табылған.
Осы оқиғалардың бәрін бір желі біріктіреді: жас адам, телефон, жасырын орын және сот үкімі. Мұнда «жеңіл жұмыс» жоқ. Мұнда жеңіл ақша да жоқ. Мұнда бір қате қадамның артында жылдар бойы өтелетін жаза, ата-ананың көз жасы, үзілген оқу, күйреген келешек бар.
Жастар кейде мұндай ұсыныстың салдарын толық түсінбеуі мүмкін. Бірі ақшадан қысылғандықтан, бірі қызығушылықпен, бірі ортаның ықпалымен, енді бірі «мен тек апарып беремін» деген орашолақ оймен келіседі. Бірақ, заң алдында есірткіні сақтау, тасымалдау, өткізу немесе оған көмектесу – ауыр қылмыс.
Психолог Балауса Ермекованың айтуынша, есірткіге тәуелділікке немесе есірткі қылмысына апаратын жол көбіне бір күнде пайда болмайды. Оның алдында бақылаусыз орта, жалған бедел, тез ақша табуға ұмтылу, ішкі күйзеліс немесе өзін дәлелдеуге тырысу сияқты факторлар болуы мүмкін.
– Ең сорақылығы, бұл қатердің неге апаратынын біле тұра, шырмаудан шыға алмайтындар бар. Біз салдармен ғана күреспей, алдын алу жолдарын күшейтуіміз керек. Себебі, көп жағдайда қауіптің алдын алғанда ғана жантүршігерлік жайттар азаяды. Бұл тек жекелеген мамандардың емес, тұтас қоғамның ортақ ісі болуы тиіс. Жастарға «есірткі зиян» деп құр айту жеткіліксіз. Оларға нақты өмірлік қауіптерді түсіндіру қажет. Мысалы, әлеуметтік желідегі күмәнді жұмыс хабарландырулары, жылдам ақша туралы уәделер – бұлардың бәрі қылмыстық жүйеге апаратын белгі болуы мүмкін. Алдын алу жұмысы да мектептегі бір реттік дәріспен шектелмеуі керек. Колледждерде, жоғары оқу орындарында, спорт секцияларында, еңбек ұжымдарында, ата-аналар жиналысында бұл мәселе тұрақты айтылуы тиіс. Ең бастысы, жасөспірім қорыққанынан емес, түсінгенінен бас тартатындай деңгейге жетуі керек, – дейді психолог.
Қоғамның ортақ майданы
Есірткімен күрес тек полицияның міндеті емес. Полиция қылмысты анықтайды, есірткіні тәркілейді, күдіктіні ұстайды, заң алдында жауапқа тартады. Әйткенмен, есірткіге қарсы қоғамның ішкі иммунитетін қалыптастыру – бәрімізге ортақ жауапкершілік.
Өйткені, есірткі қылмысының сипаты өзгерді. Ендеше, оған қарсы көзқарас та өзгеруі керек. Қылмыс интернетке көшсе, профилактика да сол ортаға жетуге тиіс. Есірткі бизнесі жастарды мессенджер арқылы арбап жатса, ата-ана мен ұстаз баланың цифрлық әлемінен бейхабар қалмауы керек. Қылмыскер «жеңіл табыс» деп алдаса, қоғам адал еңбектің қадірін, заңсыз ақшаның зауалын түсіндіруі қажет.
Бұл майдандағы ең үлкен жеңіс тәркіленген есірткінің көлемімен ғана өлшенбейді. Ең үлкен жеңіс – есірткіге жоламаған жас, күмәнді ұсыныстан бас тартқан азамат, баласының мінезіндегі өзгерісті дер кезінде байқаған ата-ана, қатердің салдарын сезінген қоғам. Есірткі адамның тәнін ғана емес, тағдырын да улайды. Сондықтан, оған қарсы күрестің түпкі мақсаты – қылмысты тіркеу емес, адамды сақтау. Ұрпақты сақтау. Болашақты сақтау.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



