БілімЖаңалықтар

Бала болашағы мейіріммен қалыптасады

Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының 1-бабында «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Осы тұғыр­лы қағидаттың аясында отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің ерекше қорғауында болады. Бала – отбасының қуанышы, елдің ертеңі. Оның қауіпсіздігі мен алаңсыз өсіп-жетілуі, сапалы білім алып, өз қабілетін толық танытуы – қоғамның кемелдігін айқындайтын басты өлшемнің бірі. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халық даналығы да ұрпақ тәрбиесінің бір шаңырақтың шеңберінде қалмайтын, тұтас елдің келешегіне ықпал ететін жауапты міндет екенін аңғартады. Сондықтан, бала құқығын қорғау мәселесіне әлеуметтік қолдаудың бір бағыты ретінде ғана қарауға болмайды.

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Бұл нормалардың мәні қағаз жүзіндегі құқықтық ұстаныммен ғана шектелмейді. Олар мемлекеттік органдардың алдына нақты міндеттер қояды. Әрбір бала қауіпсіз ортада өмір сүруге, білім алуға, медициналық көмекке қол жеткізуге, отбасында тәрбиеленуге, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына құқылы. Ең бастысы, оның тағдырына қатысты кез келген шешімде баланың мүддесі бірінші орынға қойылуға тиіс.

Қарағанды облысы балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Баян Нұртаеваның айтуынша, конституциялық кепілдіктер әр баланың күнделікті өмірінен нақты көрініс табуы қажет.

– Конституцияда бекітілген нормалардың шынайы құндылығы олардың әрбір баланың өмірінде жүзеге асуымен өлшенеді. Бала өз құқығы бұзылған жағдайда оны тыңдайтын, қорғайтын және қажетті көмек көрсететін жүйе бар екенін білуі керек. Сондықтан, басты мақсатымыз – құқықтық кепілдіктерді нақты мемлекеттік тетіктермен ұштастырып, әр баланың қауіпсіз ортада білім алып, еркін дамуына жағдай жасау. Баланың құқығын қорғау – бәрімізге ортақ міндет, – дейді Баян Сейтбекқызы.

Бүгінде аталған конституция­лық қағидаттарды жүзеге асыру үшін бала құқықтарын қорғау жүйесі жетілдіріліп, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметі күшейтілуде. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға профилактикалық әрі әлеуметтік қолдау көрсетуге басымдық берілген. Балалардың немесе олардың тағдырына алаңдаған азаматтардың жедел көмек сұрауына мүмкіндік беретін «111» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі дербес басқармалардың құрылуы да осы бағыттағы маңызды қадам болды.

Жаңа тәсілдің түпкі мақсаты – мәселе күрделенгеннен кейін ғана салдарымен күресу емес, оның алдын алу. Өйткені, дер кезінде байқалған қауіп, уақытында айтылған ескерту мен жасалған бір қоңырау кейде баланың бүкіл тағдырын өзгертуі мүмкін. Осы ретте білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдары мен балаларға қызмет көрсететін ұйымдардың өзара үйлесімді іс-қимылы ерекше маңызға ие.

Қарағанды облысында бұл байланыстарды күшейтуге айрықша көңіл бөлінуде. Баланың сабағындағы өзгеріс мұғалімнің, денсаулығындағы жайсыздық дәрігердің, отбасындағы қолайсыздық әлеуметтік қызметкер немесе учаскелік инспектордың бақылауында.

Осындай әр тараптан түскен ақпарат бір арнаға тоғысып, кешенді баға берілгенде ғана балаға шынайы көмек көрсетуге мүмкіндік туады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөздің мәні осындайда айқын сезілсе керек.

Бала құқығын қорғаудың өзегінде оның отбасы тұр. Бұрын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы арнайы мекемеге орналастырып, тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу жеткілікті саналса, бүгінгі көзқарас мүлде басқа. Мемлекеттің міндеті – баланы баспанамен, киіммен және тамақпен қамтамасыз ете отырып, оның толыққанды отбасы ортасында тәрбиеленуіне барынша мүмкіндік жасау.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде баланы отбасында тәрбиелеудің басымдығы бекітілген. Соған сәйкес, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың бірнеше құқықтық нысаны қарастырылған. Олар – бала асырап алу, қорғаншылық және қамқоршылық, патронаттық тәрбие, қабылдаушы отбасы және кәсіби қабылдаушы отбасы.

Бұл нысандардың әрқайсысының құқықтық тәртібі мен өзіне тән ерекшелігі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ қағида бар. Ол – баланың таңдауын қамтамасыз ету.

Қанша жерден заманға лайық жағдай жасалғанымен, балалар үйі отбасындағы мейірім мен жақын жанның жылуын толық алмастыра алмайды. Балаға қауіпсіз баспана мен материалдық қамтамасыз етуден бөлек, оның қуанышын бөлісетін, қиналғанда сүйеу болатын, бағыт-бағдар беретін адам керек. «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөздің астарында да баланың тұлға болып қалыптасуындағы шаңырақтың өлшеусіз орны жатыр.

– Баланы қандай да бір отбасыға орналастыруға байланысты әр шешімде бір адамның тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек. Баланың өзін жаңа ортада қаншалықты қауіпсіз сезінетіні, оған тұрақты қамқорлық пен қолдау көрсетіліп, оның пікірі мен қажеттілігі ескерілгені – аса маңызды. Мәселенің шынайы өлшемі осылар. Сондықтан да, баланың отбасында тәрбиелену мүмкіндігін қамтамасыз ету – жұмысымыздың негізгі басымдығы, – дейді басқарма басшысы Баян Нұртаева.

Дерекке сүйенсек, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін мемлекеттік кепілдіктер олардың күнделікті материалдық қажеттіліктерін өтеумен шектелмейді. Заңнамаға сәйкес, мұндай балалардың тұрғын үй және мүліктік құқықтары қорғалады. Олардың сапалы білім алуына, медициналық көмекке қол жеткізуіне, әлеуметтік қолдау көруіне және қоғам өміріне бейімделуіне жағдай жасалады.

Бұл ретте баланың кәмелет жасына толғаннан кейінгі өміріне ерекше назар аудару қажет. Өйткені, мекеме қабырғасынан немесе қамқоршы отбасынан шыққан жас үшін дербес өмірдің алғашқы кезеңі оңай бола бермейді. Оның алдында мамандық таңдау, оқу орнына түсу, жұмысқа орналасу, баспана мәселесін шешу, құжаттарын рәсімдеу және өз бюджетін басқару секілді бірқатар күрделі міндет тұрады. Кеше ғана жанында жауапты мамандар жүретін жас азамат енді өз өміріне өзі шешім қабылдауға тиіс.

Сала мамандары баланың болашақ өмір жолын айқындау мектеп қабырғасынан басталатынын айтады. Кәсіби бағдар беру жұмыстары арқылы оқушыларға еңбек нарығындағы мамандықтар таныстырылып, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері түсіндіріледі. Жастарды жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы да ақпарат ұсынылады.

Ал, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін білім алуға, тұрғын үймен қамтамасыз етілуге, жұмысқа орналасуға және әлеуметтік сүйемелдеуге қатысты қосымша кепілдіктер қарастырылған.

Сонымен бірге, білім алу және денсаулықты қорғау – әр балаға Конституциямен берілген негізгі құқықтардың қатарында. Мемлекет балалардың сапалы орта білім алуына, одан әрі кәсіптік немесе жоғары білімге қол жеткізуіне, қабілеті мен дарынын дамытуына қажетті жағдай жасауға міндетті. Бұл мүмкіндіктер баланың тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына немесе денсаулық ерекшелігіне байланысты шектелмеуге тиіс.

Осы орайда инклюзивті білім беруді дамыту да маңызды бағытқа айналғанын атап өткен жөн. Ерекше қажеттіліктері бар бала құрдастарымен бірге білім алып, қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алуы қажет. Инклюзияны мектеп ғимаратына пандус орнатумен өлшеуге болмайды. Ол – қолжетімді оқу бағдарламасы, тиісті мамандардың көмегі, психологиялық қолдау, педагогтердің дайындығы және қоғамның дұрыс көзқарасы тоғысқан тұтас жүйе.

Денсаулық сақтау саласында да баланың тісін емдеумен шектелмей, аурудың алдын алуға, оларды ерте анықтауға, психологиялық қолдау мен оңалту көмегін ұйымдастыруға басымдық беріліп отыр. Баланың денсаулығына қатысты мәселе неғұрлым ерте анықталса, оның толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік те соғұрлым мол болады. Әсіресе, психологиялық саулықты қорғау бүгінгі қоғам үшін өзекті.

Бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қоғамның жауапкершілігі де айрықша. Мемлекеттік орган әрбір үйдегі жағдайды күн сайын бақылап отыра алмайды. Кейде баланың қиындыққа тап болғанын алғаш байқайтын адам оның мұғалімі, дәрігері, жаттықтырушысы, көршісі немесе туысы болуы мүмкін. Сондықтан, баланың өміріне, денсаулығына немесе қауіпсіздігіне қатер төнгенін көріп тұрып, үнсіз қалу – мәселені одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Мұндай жағдайда азаматтар полицияға, қорғаншылық және қамқоршылық органдарына немесе 111 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуы керек.

Бала құқығын қорғау саласындағы оң өзгерістің бірі – түрлі мемлекеттік органдардың болған оқиғаға байланысты әрекет етуден проблеманың алдын алуға қарай бет бұруы. Бұл үшін тәуекел тобындағы отбасыларды ерте анықтау, ата-аналарға әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, баланың мектепке қатысуы мен денсаулық жағдайын назарда ұстау, отбасындағы дағдарыстың тереңдеуіне жол бермеу қажет. Яғни, балаға шаңырақ шайқалмай тұрып қолдау көрсету маңызды.

Сонымен бірге, отбасының жауапкершілігін де ұмытпау керек. Мемлекет көмек көрсетеді, құқықтық және әлеуметтік тетіктерді ұсынады. Алайда, баланың алғашқы қорғаны – ата-анасы. Баланың жан дүниесіне үңілу, сөзін тыңдау, қауіпсіздігін сақтау, білім алуына жағдай жасау және оның жеке тұлғалық қадір-қасиетін құрметтеу ең алдымен отбасыдан басталады. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген тәмсіл ұрпақ тәрбиесіндегі ата-­ананың өнегесі мен жауапкершілігін айқын аңғартады.

Конституциялық нормалардың пәрмені де мемлекет, отбасы және қоғам бірлесе әрекет еткенде арта түседі. Мемлекеттік орган құқықтық қорғаныс пен әлеуметтік қолдау көрсетсе, мектеп баланың қабілетін дамытуға, медицина оның денсаулығын сақтауға, қоғам қауіп-қатерді дер кезінде байқауға, ал отбасы мейірім мен тәрбие беруге тиіс. Осылардың бірі әлсіресе, оның салдарын бала сезінеді.

– Әр баланың қандай жағдайда дүниеге келгеніне немесе қандай ортада өсіп жатқанына қарамастан, өз қабілетін жүзеге асырып, сапалы білім алып, болашағын сенімді құруға мүмкіндігі болуы керек. Біз баланың бүгінгі мәселесін шешумен шектелмеуіміз қажет. Оның ертең кім болатынына, қоғамнан өз орнын табуына, мамандық меңгеріп, дербес өмір сүруіне жағдай жасау – ортақ міндетіміз. Баланы қорғау дегеніміз – оның орнына барлық шешімді қабылдау емес, оны тыңдап, құқығын құрметтеп, аяғынан нық тұруына көмектесу. Бастысы, әр бала өзінің жалғыз емес екенін сезінуі тиіс, – дейді Баян Сейтбекқызы.

Балаға жасалған қамқорлық – болашаққа салынған ең сенімді инвестиция. Бүгін құқығы қорғалған, пікірі тыңдалған, білім мен тәрбиеге тең мүмкіндік алған бала ертең заңды құрметтейтін, ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат болып қалыптасады.

15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумда қабылданып, 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция – осынша қамқорлықтың басты кепілі.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button