Бас тақырып

«Заң мен тәртіп»: Қарағанды облысында 603 жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылды

Қарағанды облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта полиция қызметкерлері денсаулық жағдайына байланысты көлік басқаруға құқығы жоқ азаматтарды анықтау бойынша кешенді шаралар жүргізуде.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Polisia.kz мәліметінше, медициналық ұйымдармен бірлескен ведомствоаралық жұмыстардың нәтижесінде психиатр мен наркологтың диспансерлік есебінде тұрған 603 азаматтың жүргізуші куәлігінің күші сот шешімімен тоқтатылды.

Тексеру барысында арнайы медициналық бақылаудағы азаматтардың деректері жүргізуші куәліктерінің ақпараттық базасымен салыстырылып, заң талаптарына сәйкес қажетті шаралар қабылданды.

Полицияның айтуынша, бұл шешімдер азаматтарды жазалау үшін емес, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында қабылданады. Себебі психикалық денсаулықтағы ауытқулар немесе алкоголь мен есірткіге тәуелділік жүргізушінің жолдағы жағдайды дұрыс бағалауына, зейініне және жедел әрекет ету қабілетіне кері әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда көлік басқару ауыр жол апаттарына әкелуі ықтимал.

Осыған байланысты жүргізуші куәлігінің күшін тоқтату – заңда көзделген әрі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шара.

Полиция азаматтарды денсаулығына жауапкершілікпен қарап, медициналық тексерулерден уақытылы өтуге және заң талаптарын сақтауға шақырды. Ведомство жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігінен басталатынын атап өтті.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button