Бас тақырып

Кенді өлкенің кемелдену көкжиегі

Шаруасы шалқыған, болат-мысы балқыған өркенді өлкеде өндіріс қарқыны ешқашан бәсеңдемеген. Қайта тынысы бұрынғыдан да кеңейіп келетіндей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған жаңа индустриялық саясат, яғни, шикізат экспортынан жоғары технологиялы өндірістерге көшу үдерісі Қарағандының майталман металлургтерінің нақты ісімен жүзеге асып жатыр. Өңір экономикасының өзегіне айналған металлургия саласы жаңа инвестициялармен толығып, тың жобалармен жаңғыруда.

qarmet.kz

Бетбұрыс

– Бұл бағытта соңғы бес жылда бірқатар жетістік бар деп айтуға болады. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтады. Ал, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4 пайызға жетті. Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Соның нәтижесінде 12,5 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Мысалы, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарында машина жасау және металлургия саласындағы ірі кәсіп­орындар ашылды. Биыл Алматыда әртүрлі автокөліктер шығаратын Қазақстандағы ең үлкен өндіріс орны жұмысын бастады. Бірақ бұл, әрине, жеткіліксіз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Кезінде қойнауынан көмір мен кен өндіріп, тұтас елдің өндірістік дәуіріне жол ашқан қазыналы Қарағанды бүгін де сол тарихи миссиясын жаңа мазмұнмен жалғастырып келеді. Енді аймақ тек шикізат өндіруші ғана емес, жоғары технологиялы өнім шығаратын қуатты өндіріс орталығына айналуды межелі мақсат етеді. Аты айтып тұрғандай, Теміртаудағы Qarmet металлургия комбинатының аумағында бүгінде қазақстандық металлургия тарихындағы ең ірі жаңғырту жұмыс­тары сәтімен жүзеге асып жатқандығы баршаға аян. 2023 жылы кәсіпорынға отандық инвестор келгеннен кейін комбинат алдына ТМД кеңістігіндегі жетекші металлургиялық орталықтардың біріне қайта айналу және автомобиль өнеркәсібіне арналған жоғары сапалы болат маркаларын шығару міндеті қойылған.

Иә, жоспар жосықсыз болмас. Жоталы жобалар нақты инвестициялар науасымен бекітілген. Мәселен, 2028 жылға дейін компания шамамен 3,5 миллиард АҚШ долларын инвестициялап, «5-9-5» корпоративтік стратегиясын жүзеге асырады. Оның аясында болат пен темір кені концентратын өндіру көлемі жылына 5 миллион тоннаға жеткізілмек. Қазірдің өзінде кәсіпорын аумағында бір мезгілде бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Мұның қатарында жаңа сұрыптық прокат кешені, №8-9 кокс батареялары, ыстықтай мырыштау және полимерлі жабын жағу желісі, сондай-ақ, құны 700 миллион доллар болатын құю-прокат кешені және бар. Кәнігі металлургтердің айтуынша, мұндай өрісті өндірістің Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД кеңістігінде баламасы жоқ. Биылғы күзде комбинат өз тарихында алғаш рет табиғи газға қосылады. Соны жобаны өңірдегі соңғы жылдардағы ең ауқымды экологиялық бастамалардан бірден байқасақ, газдандыру үдерісі өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, домна пештерінің өнімділігін өсіріп, шойынның өзіндік құнын төмендетуге мол мүмкіндік береді.

– Бүгінде Qarmet жаңғыртудың маңыз­ды кезеңінен өтіп жатыр. Кәсіпорында өндірістік қуаттар жаңартылып, заманауи технологиялар енгізілуде, өндірістің тиімділігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Дегенмен, компанияның басты құндылығы – адамдар, өз ісіне адал кәсіби мамандар, – деді «Жыл металлургі» номинациясының жеңімпазы, Qarmet компаниясының болат департаментінің директоры Андрей Берг.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Әлеует

Қош делік. Теміртауда дәстүрлі металлургия жаңғыртылып жатса, Сарыарқа арнайы экономикалық аймағында мүлде жаңа бағыттағы өндіріс қалыптасып келеді. «Qaragandy Power Silicon» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болашақ кремний кластерінің алғашқы буынына айналды. Жоба кварц өндіруден бастап, монокристалды кремний шығаруға дейінгі толық технологиялық тізбекті қалыптастыруды көздейді. Монокристалды кремний – электроника мен күн энергетикасы үшін стратегия­лық маңызы бар құнды материал. Жоталы жобаның екінші бір кемел кезеңі – металлургиялық кремний өндірісін іске қосу. Оның құны 190 миллион АҚШ долларына бағаланған. Жыл соңына таман жобаға тартылатын инвестиция көлемі 330 миллион долларға жетеді. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, бұл – Президент ерекше назар аударған стратегиялық материалдарды Қазақстанда өндіру бағытындағы нақты қадам.

Облыстың өндірістік әлеуетін статистика мәліметтері де айқын көрсетеді. Өңірде бүгінде 941 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Онда шамамен 35 мың адам еңбек етеді. Өнеркәсіптің өңір экономикасындағы үлесі 40 пайыздан асады. 2030 жылға дейін облыста жалпы құны 4,5 триллион теңгені құрайтын 120 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Атау­лы көзайым көрсеткіштер әлемдік металлургия саласы күрделі кезеңді бастан өткеріп отырған уақытта ерекше мәнге ие. 2025-2026 жылдары салада артық өндіріс, бағаның төмендеуі және сауда шектеулерінің күшеюі байқалуда. Осындай жағдайда Қарағанды кәсіпорындары өндірісті қысқартпай, керісінше жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға басымдық беріп отыр. Мұндай өнім әлемдік шикізат бағасының құбылуына анағұрлым төзімді.

Бағыт

Ел Президенті өзінің жыл сайынғы Жолдауларында арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігіне қатысты сын пікірін де бірнеше рет білдірген болатын. Алайда, бүгінде он бір кәсіпорын жұмыс істеп, тағы он төрт жоба салынып жатқан «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы бұл бағыттағы оң тәжірибенің жарқын үлгісіне айналып келеді. Өңірдің алдағы даму бағыты айқын: шикізаттық экономикадан терең өңдеуге, көмір мен кеннен жоғары сапалы болат пен кристалды кремний өндіруге, жекелеген зауыттардан толыққанды өнеркәсіптік кластерлер қалыптастыруға көшу.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026 жылы республика бойынша тағы жеті металлургиялық кәсіпорынды іске қосуды көздеп отыр. Осындай үдерісте Қарағанды бұрынғыдай еліміздің индустриялық өсімінің негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Бір ғасыр бұрын Қазақстанға көмір берген қасиетті өлке бүгінде ел игілігі үшін премиум санаттағы болат пен жоғары технологиялық кремний өндіріп отыр. Осылайша Қарағанды Мемлекет басшысы айқындаған жаңа индустриялық саясаттың нақты жүзеге асып жатқанын іс жүзінде дәлелдеуде.

Қарағанды бүгінде болатымен, кремнийімен және жаңа технологиясымен Қазақстанның индустриялық келбетін қалыптастырып келеді. Домна пештерінен көтерілген жалын – өндірістің де, ел экономикасының өрлеуінің белгісі. Демек, Сарыарқада балқыған әрбір тонна металл – тәуелсіз елдің қуаты, ал жүзеге асқан әрбір жоба – Президент айқындаған жаңа экономикалық бағыттың өміршеңдігін дәлелдейтін нақты нәтиже. Болаттай берік өлкенің биік белесі әлі алда.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button