Бет-жүзді жасырғандарға заң не дейді?
Қоғамдық орындарда бет-жүзін толық жабатын киім кигендерге қатысты бақылау күшеюде. Ішкі істер министрлігі мұндай талапты бұзған азаматтарға заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын атады деп хабарлады Ortalyq.kz тілшісі Polisia.kz-ге сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерге қатысты заң талаптарын еске салды. Қолданыстағы нормаға сәйкес, адамның түр-сипатын анықтауға мүмкіндік бермейтіндей деңгейде бетті толық жабу құқықбұзушылық ретінде қарастырылады.
Бұл талап «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» Заңның 75-бабы 3-тармағында көрсетілген. Дегенмен, заңда бірқатар ерекшеліктер де бар. Атап айтқанда, ауа райының қолайсыз жағдайында, медициналық қажеттілік туындағанда, сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару кезінде немесе спорттық және мәдени іс-шаралар барысында бетті жабуға рұқсат етіледі.
Әкімшілік жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабымен реттеледі. Алғаш рет тіркелген жағдайда азаматқа ескерту беріледі. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі таңда осы бап бойынша 1 179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын және бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылатынын атап өтеміз. Ішкі істер органдары заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып, азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген ережелерді сақтауға шақырады, – деді Ішкі істер министрлігінің өкілдері.
Аружан ЖАНКИНА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



